Қазақ тазысын қалай әлемдік брендке айналдырамыз?

Қазақ тазысын қалай әлемдік брендке айналдырамыз?

Қазақ тазысын қалай әлемдік брендке айналдырамыз?
ашық дереккөзі
50893
Кейінгі кезде қазақы тазының тұқымы азайып бара жатқаны айтылып жүр. Бүгінде олардың ресми тіркелгені бес мыңға жетер-жетпес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Еліміздегі тазы асыраушылар аталған заң қабылданғаннан кейін жеті қазынаның бірі саналған қазақ тазысына құрметпен қарайтындар көбейер деген үмітте. Өйткені қазір, өкінішке қарай түрлі жолмен асылтұқымды иттердің көзін жоятындар көбейген. Мұнымен қоса, ертерек есепке алып, патенттеп алмасақ, аштық жылдары бір ауылды асыраған ұлттық қазынамызды өзге ел иемденіп кете ме деп алаңдайды.

50 жылдан бері тазы баптайды

Иттің сырттаны саналған, тектілігімен, алғырлығымен ерекшеленген тазы талғампаз келеді әрі ерекше күтімді қажет етеді. Осыған қарамастан арамызда халқымыз қадірлеген таза қанды тазыны баптап, оларды сақтап қалу үшін тер төгіп жүрген жандар бар. Соның бірі – 50 жылдан бері тазы асырап жүрген Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны Анар Қазақбаева. Алты жасынан бастап ата кәсіпті қолға алған ол қазір жиырмадан астам тазыны баптап отыр.  width=«Аталарым ит жүгіртіп, аң аулаған кісілер болған. Әкем Орынтай Қазақбайұлы да ұлттық құндылығымызды қадірлеп, ит баптауды жанына серік еткен. Биыл 90 жасқа келеді. Тазы баптау мен аңшылықты атам мен әкемнен үйрендім. Атам 95 жасында өмірден өтті. Отбасында төрт баламыз. Бауырларым бұл кәсіпке қызықпады. Соған қарап әкем «Бұлардан гөрі қыз бала болсаң да, сен жолымды жалғадың» деп отырады. Кішкентай күнімде бұзық болдым. Шешемнен таяқ жемеу үшін тазылар шөп ішінен қазған үңгірге тығылып қалатынмын. Спортқа да қызығып, дзюдомен айналыстым. Әрине, есімді білгелі көргенім тазы болғандықтан, ит баптау ісіне деген қызығушылығым бөлек. Әулетімізде бекзат өнерді жалғастырып келе жатқан төртінші буынмын. Менен кейінгі жиенім де, оның кішкентай да қызығып жүр. Қазір жақсы тұқымды тазыларымды соған асырап жатырмын. Келешекте сол жиенім немесе қызым жолымызды жалғастырады деген арманым бар», – дейді Анар Қазақбаева. Кейіпкеріміздің тазыға деген сүйіспеншілігі ерекше. Әрқайсысына ат қойып, құжат жасатып қойған. Оларды күн сайын серуендеуге алып шығады. Қомағай болмағанмен, асты талғап ішетін тазыларына күніне екі рет ботқа пісіріп, түрлі дәрумен береді. Азығы мен ем-домын есепке алсақ, тазы асыраушылар аз шығынданбайды. Анар Қазақбаева биыл екпе бағасы төрт есе қымбаттағанын айтып отыр. «Тазымның үлкені 10 қар басқан, кішкентайы 8 айлық. Күтіміне көңіл бөлмесең болмайды. Ақпан, қазан айында туады. Азығына түрлі дәрумен қосамын. Аптасына бір рет балық майын және кальцийді үгітіп беремін. Картоп, қырыққабат, сүзбе жейді. Айына 100 келідей қара кеспе, 1-2 қап тартылған арпа, жүгері аламын. Тамағын жыл мезгіліне қарай дайындаймын. Үш айда бір рет құртын түсіремін. Күшіктер өскенше үш рет екпе алады. Оның бағасы бұрын 600 болса, қазір 2 700-ден салдырып жүрміз. Арасында ауырып қалады, сол кезде емдейміз. Тазыларым қашқан аңды қалт жібермейді. Төрт метрге дейін секіретін үш-төрт тазым бар. Ал күшіктерді аңға мінезіне, қызығушылығына қарай алып шығамын. Мысалы, күшік пысық болса, 4 айында ауызданады. Ал салмақты, баяу қимылдайтындары 9-10 айынан бастап ауызданады», – дейді ол.  width=Бүгінде Анар Қазақбаевадан Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріндегі ит асыраушылар кеңес сұрап хабарласып тұрады. Өйткені қаршадайынан иесіне адал жануардың жайын біліп өскен кейіпкеріміз тазы ауырып қалса не істеу керегін жақсы біледі. «5-6 мемлекет өкілдерінен құрылған чатымыз да бар. Көбіне мені ветеринар дәрігер деп ойлап, жан-жақтан хабарласып, емдеуге шақырып тұрады. Өзім 30 жылдан бері мектепте жұмыс істеймін. Оларға «Мен мұғаліммін, ветеринар дәрігер емеспін» деп күлемін. Осы уақытқа дейін 200-ден астам тазыны емдеуге кеңес бердім», – дейді ол. Кейіпкеріміз тазыларының жеткен жетістігі аз емес екенін айтады. Бүгінде үйі олардың түрлі жарыстан алған сыйлықтары мен медаліне толып тұрғанын мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде 5 кубок бар. Жақында Жаркентте өткен сайыстан екі алтын медаль алып келіпті. Қазір де алдағы жарысқа қызу дайындық үстінде жүрген кейіпкеріміз көңіліне қаяу түсірген жайттарға да тоқталды. Айналдырған 4 айдың ішінде 3 тазысын машина қағып кетіп, екеуі мүгедек болып қалған. Әлдекімдер екеуін улап өлтіріпті. Сынықшыны шақырып, омыртқасын орнына қойған соң көлік басып, жараланған күшіктер жүре бастапты. Тазы асыраушы енді жаңа заң күшіне енгеннен кейін ақылдылығымен бағаланған тазы иттер мемлекет қамқорлығына алынып, мұндай келеңсіз жайттар болмайды деп сенеді. Сонымен қатар осы саладағы күрмеуі қиын мәселелер шешілсе деген ниетін де жеткізді. Айтуынша, қазір елімізде тазыларды бағалайтын білікті сарапшы маман жоқтың қасы. Өйткені оқуы ұзақ болған соң көбі шыдамай, жарты жолдан тастап кетеді. Маман болу үшін 3-4 жыл тағылымдамадан өтесің. Оның үстіне, көрмелерге қатысып, тағылымдамадан өтіп жүрген маман ретінде 2 мың ит басын тексеріп, бағалау парағын толтыру қажет. Бір көрмеде шамамен 25-50 бас ит болса, оны 2 мыңға жеткізгенше біршама уақыт кететіні белгілі. Бұған қоса, тазы асырайтындардың бәрі көрмеге келіп, құжат жасата бермейтіні тағы бар. «Қазақ тазысы әлем бойынша мойындалған жоқ. Сондықтан осы мәселе көңіл бөлінсе дейміз. Өйткені тазымызға таласып, дауласып жүрген мемлекет көп. Университеттерден мықты сарапшылар шығаруымыз керек. Бұрын Қазақстан кинологтер одағына баратынбыз. Кейін оның директоры мекемені банкрот деп жариялаған соң тәуелсіз мекемелерге тіркелетін болдық. Қазір тазыларды өзге иттермен ұйықтырып, тұқымын бұзып жатқандар да кездеседі. Кейінгі кезде көрмелерде асылтұқымды иттердің қанын тексеріп жатқанын байқап, қуандым. Содан кейін «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігінің жұмысында ақырындап болса да ілгерілеу байқалады. Енді қазақ тазысын патенттеп, әлем бойынша брендке айналдыруымыз керек», – дейді тазы асыраушы.

Қазақ тазысы азайған жоқ

Ал бала кезінен тазы бап­тап, әке жолын қуған Ар­нат Тұрыс­беков «Тазы саны азайып бара жатыр» де­ген пікірді жоққа шы­ғар­ды. Қазір тазы тұқымын асылдан­дыру ісімен де айналысып жүрген ол бұлай дабыл қағу бекер деп есеп­­тейді. Ай­туынша, тазы асырау­шы­лардың көбі құжат алмаған. Оның бірі өзі екенін де жасыр­мады.  width=«Жетісу облысынан болғаннан кейін Жетісудың көкқасқасы деп көбіне көк­қас­қа ұстаймыз. Төбет те асырап көрдім. Қазір қолымда бес тазым бар. Негізі, көп болған. Біразын достарыма, таныс­тарыма таратып бердім. Күшік кезінен бастап тұқымын таңдаймын. Әрине, таңдаған кезде аңға қалай түсетініне, сұлулығына және жүйріктігіне қараймын. Көбіне Қарағандыдан, Талдықорғаннан аламын.  width=Тұқымы азайды деп жатыр. Ол тек құжат бойынша аз болып тұр. Шындығына келсек, тазы көп. Тазы асырайтындар бір-бірімізбен араласып, жиналып тұрамыз. Олардың саны Талдықорғанның өзінде 200-300-ден асады. Кейінгі кезде көрме жиі ұйымдастырылады. Оған сарапшы мамандар барып, тазыларға баға береді. Содан кейін «Қансонар» ұйымы құжаттандыру ісімен айналысады. Жасыратыны жоқ, көрмелерге өзіміз бармай жатамыз. Әр облыста осындай көрмелер ұйымдастырылып, құжат жасауға күш салса деймін. Бұл үлкен көмек болып, тазылардың бәрі есепке алынар еді», – дейді ол. Арнат Тұрысбеков тазыны баптаған кезде байлап ұстауға болмайтынын айтады. Өйткені қазақ үшін қасиетті санал­ған текті ит тұқымы еркіндікті жақсы көреді әрі күтімі жақсы болған сайын ұзақ өмір сүреді. Сондықтан күн сайын жүгіртіп, жаттықтырып отыру керек. Арнаттың тынымсыз еңбегінің нәтижесі де жоқ емес. Өзі күшік кезінен баптаған, биыл алтыншы қар басқан Көкдауыл атты тазысы Алматы облысында өткен көрмеден жүлделі 1-орын алса, Тұмар атты текті иті 2-орынға ие болған. «Атымды шығарған осы тазыларым болды» дейді ол. Негізінен, үлкен жарыстар күз­де өтеді. Арнат қазір алдағы сайысқа жүйрік тазыларын дайындап жатыр. «Күшік кезінен баптаған соң керек-жарағын, дәрі-дәр­мектерін алып, уақытылы аттың артына ертіп жүгіртемін. Бұлар­ды жүгіртіп тұру керек. Әйтпесе, жалқау болып қалады. Тазы – текті, өте ақылды келетін ерекше жаратылыс. Лас жерге жатпайды, өлексе жемейді. Көрінгенге тиісе бермейді. Сосын егесіне адал болады, жақсы көреді. Мінезі тәрбиелегеніңе байланысты width= қалыптасады. Қайдан келсем де, алдымнан бірінші күтіп алатын – тазыларым. Сөйлегенде сөзіңді түсініп, тыңдап тұрады, өте ақылды. Кейбірі бала сияқты болады. Күніне екі рет тамақ беремін. Негізі, олар аса көп тамақ жемейді, бірақ талғап жейді. Көбіне ет беремін. Тағы бір ерекшелігі – басқа иттер адамдарға агрессивті болса, тазы керісінше мейірімді келеді. Тек аңшылыққа келгенде өзгереді. Олардың аңға шыққанының өзі – керемет көрініс. Маған бұл сәт ерекше шабыт сыйлайды. Әсіресе, олардың жүйріктігі, созылғаны, аңды қуып жүгіргені қатты ұнайды. Бұл көрініске көз алмай қарап тұра бересің. Менің мақсатым – аңды қырып тастау емес. Ашаршылық уақытында бір тазының өзі бір ауылды асыраған екен. Ал төбеттер соғыс кезінде адамдарды құтқарып қалған жағдайлар болыпты. Өзім осы тектілігі, тазалығы үшін қадірлейтін киелі тұқымы көбейіп, ата дәстүріміз ұмытылмаса екен деймін», – дейді тазы баптаушы. «Ат жақсысы – бозы, ит жақсысы – тазы» деп халқымыз бекер айтпаған. Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың ор­ны бөлек десек, қазақы ит тұқымдарын, оның ішінде тазы мен төбетті тарихымыз бен ұлттық мәдениетіміздегі қазынамыз деп білеміз. Қорытындылай келе айтарымыз, қазақы тазы – қазақтың бренді. Ендігі мақсат – оны әлемдік брендке айналдыру. Ол үшін Әлемдік кинологтер қауымдастығына (FCI) тіркетіп, шетелдік сарапшылар алдында қазақтың тазысы екенін дәлелдеуіміз керек. Енді осы істі жауапты органдар жүйелі түрде қолға алса...

Серіктес жаңалықтары