«Ырыс» микроқаржы ұйымы 14 мыңға жуық жобаны қаржыландырған
«Ырыс» микроқаржы ұйымы 14 мыңға жуық жобаны қаржыландырған
2009 жылы шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосу мақсатында құрылған «Ырыс» микроқаржы ұйымы 7 жылда 14 мыңға жуық ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды қаржыландырған. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік» АИО еншілес мекемесі «Ырыс» микроқаржы ұйымы директорының міндетін атқарушы Ербол Сүлешов мәлім етті.
Өз кәсібін бастаймын немесе әрі қарай дамытамын деген кәсіпкерлерге төменгі пайызбен қол жетімді несие беретін ұйым, өткен жылы 4 831,3 млн.теңгені құрайтын 1979 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 1398 адам тұрақты жұмыспен, ал 3 мың адам мерзімді жұмыспен қамтылды.
«Ырыс» микроқаржы ұйымы жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражаттан бөлек басқа да қаржы институттары арқылы әр түрлі бағдарламалар аясында қаражат тартып, несие ретінде кәсіпкерлерге үлестіреді.
Мәселен, 2016 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Республикамыздың 5 өңірінде пилотты жоба ретінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасымен қосымша қаражат бөлініп, әр өңірдің өзінің ерекшілігіне қарай қажетті салаларын қаржыландыру мақсатында, несие сомасын 6 млн. теңгеге дейін көтеріп, кәсіпкерлерді несиелендіру қолға алынған. Осы бағыт бойынша Оңтүстік Қазақстанға 3,39 млрд.теңге қаражат бөлінген.
«Қазіргі уақытта бағдарлама аясында бөлінген қаражат біздің мекеме арқылы бағдарлама қатысушыларына таратылуда. 2016 жылдың қазан айынан бастап жалпы құны 2,21 млрд. теңгені құрайтын 765 жоба мақұлданып, оның ішінде құны 1,34 млрд.теңгені құрайтын 448 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 472 азамат жұмыспен қамтылды. Бағдарламаны 2017 жылдың сәуір айына дейін толық игеру жоспарлануда»,- деді Ербол Сүлешов.
Баспасөз мәслихатына қатысқан аталған ұйым директорының орынбасары Шыңғыс Мұханов кәсіпкерлік саласын дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын Оңтүстік Қазақстан облысында іске асыратын қаржы институттарынын бірі болып табылатынын атап өтті.
Оның айтуынша, қаржыландырудың басым бағыттарына ауыл шаруашылық саласы мен әлеуметтік маңызы жоғары болып саналатын жобалар жатады. «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2017 жылы 5 700,0 млн. теңгеге 1436 жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр.