Жақсыбек Құлекеев: Әуелде кино түсірсем деген ой болды

Жақсыбек Құлекеев: Әуелде кино түсірсем деген ой болды

Жақсыбек Құлекеев: Әуелде кино түсірсем деген ой болды
ашық дереккөзі
1054
Қаңтар оқиғасы болғалы бір жыл ішінде түр­лі мақала, түрлі зерттеу жазылды. Әлі де жазылатын нәрсе көп. Дегенмен осы жақын ара­да оқиға туралы екі кітап жарық көріп үл­герді. Оның бірін қоғам қайраткері, қол­дан­балы экономиканы зерттеу орталығының ғы­лыми жетекшісі Жақсыбек Кұлекеев жаз­ған еді. «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітапта маңызды сұрақтар қойылып, оқиға жан-жақты талданады. Кітапты жазуға не әсер еткенін, қанша уақыт кеткенін, кітап­ты жазудағы мақсат қандай болғанын білу үшін автормен сұхбаттасуды жөн көрдік. – Қаңтар оқиғасы қазақ қоға­мы үшін үлкен дүмпу, ауыр сынақ бол­ды. Оқиға басталысымен-ақ оқи­ғаның неден басталып, неге апа­рып соғатынына қатысты түр­лі материал жазылды. Дегенмен сіздің бұл еңбегіңіз осы тақырып­та жазылған алғашқы кітап болды. Кітап қалай жазылды? – Жалпы, мен қоғамда ерекше оқи­ға болған кезде сол оқиғаға бай­ла­ныс­ты шыққан материалдарды жинап оты­рамын. Қаңтар оқиғасына қатыс­ты да солай. Менде кітап шығарамын деген ниет менде болған жоқ. Ең алдымен, әрине елде не бол­ға­­нын, қалай болғанының бә­рін түсініп-біл­гіміз келді. Сөйтіп, Қаң­тар оқиғасына байланысты мате­риал­дардың бәрін жинап отырдым. Жан-жақта бәріміздің таныстарымыз бар ғой, барлығы хабарласады, «сен­дер­де не болып жатыр?» деп бәріміз бір-бірімізден сұраймыз. Оқиға аяқ­тал­ғаннан кейін өтіп жатқан кезде де ай­мақтардағы ахуалды телефонмен ха­барласып, біліп отырдым. Кітапта аймақтардағы оқиға­лар­ға арналған тақырыпша бар. Оның бәрін жазуға Таразда бол­ған оқиға себеп болған еді. Ол жерде ме­нің жақыным, ағайыным тұрады. ол Тараз қаласының ішкі істер саласында 10 шақты жыл басшылық қызмет ат­қарды. Қазір зейнетте. Сол кісі оқи­ға­лар­дың ортасында жүрді. Кішкене жағ­дай тынышталып, барлығы ор­ны­на келе бастаған кезде мен сол кісіге бол­ған оқиғалардың барлығы қалай бол­ғанын айтып берші, қалай бастал­ды деп өтініш жасадым. Бір баламды отырғызып қойып, ол күні бойы сол адамға сұрақ қойып, сұхбат алды. Сөйтіп, мен оларды өңдеп, Тараздағы оқи­ға туралы деректі жинақтап шық­тым. Республиканың барлық облы­сын­да болған оқиғалар туралы деректі де тура осылай жинап, дайындадым. Ол кезде де кітап жазам деген ой бол­ма­ды. Шамамен 2 ай, атап айтқанда, ақ­пан-наурыз айларында барлық жа­рияланымды, аймақтарда болған жағ­дайларды сұрап, өңдеп, папкаға са­лып отырдым. – Материалдарды әу баста же­ке өзіңіз үшін жинаған екенсіз, оны кітап қылып, көпшілікке ұсы­ну­ға не түрткі болды? – Жасырмай айтайын, менде осы Қаң­тар оқиғасы туралы кино түсірсем деген ой болды. «30-дан асып барамын» де­ген туындыны түсірген «Ирина Қай­ратовна» деген топ бар ғой, солармен ақыл­дасып, фильм түсірмек ойым бар еке­нін айттым. Жігіттермен бірнеше рет кездестім де. Олар басында қол­даған сияқты көрінді, дегенмен арты сиырқұйымшақтанып кетті. Мате­риал­дарды фильмнің сценарийіне ке­рек болар деп жинақтаған едім.  width=– Кітабыңыз «Қаңтарға дейін», «Қаң­тарда», «Қаңтардан кейін» де­ген бөлімдерден тұрады. Тек баян­дау емес, талдау да байқалады. Әр­қай­сысына жеке тоқталып, кей сұрақтарға жауап та іздейсіз. – Кейбір тақырыптар бойынша, мә­­­селен, «Музейдегі 5 сағат» деген та­қы­­рып бар, олардың негізінде ашық де­рек­көзде тұрған материал, шыққан сұх­баттарды жинап, материал дайын­дап қойғанмын. Алматыда болған атыс туралы жауаптылар бірнеше рет сұх­бат берді. Прокуратураның бергені бар, басқалары бар, бәрін өңдеп, пап­каға сала бердім. Сөйтіп, жаздың орта­сы болғанда біршама материал жина­лып қалды. Енді «Қаңтардан кейін» деген бө­лімге қатысты айтатын бол­сам, ол туралы мен өте көп сұхбат бер­дім. Бұл бөлімді сол сұхбаттардың не­гізінде дайындап шықтым. Артық еш­теңе жоқ. – Кітапты құрастыруға қанша уақыт кетті? – Тікелей осы кітапты бастан-аяқ жа­зып шығуыма 2 ай ғана уақыт кетті. Бұл жерде менің алдыма қойған мақ­са­тым «мұны ұйымдастырған кім?», «бұ­дан кім қандай пайда көргісі кел­ді?», «негізгі ұйымдастырушы кім?» де­ген сұрақтарға жауап іздеу емес. Бұл сұрақ­тарға жауап жоқ ол жерде. Және олардың жауабы жақын арада белгілі бол­мауы да мүмкін. Мен бұл сауалдар­дың жауабын іздеген жоқпын. Менің жаз­ғым келгені – елімізде Қаңтар оқи­ғасы қалай өтті, экономикамызға, әлеуметтік салаға, халықтың өміріне қан­дай зиян, қауіп төнді, және оған Президенттің реакциясы қандай бол­ды деген мәселелерге талдау. Пре­зидент­тің былтырғы үндеуі, еліміздегі саяси реформалар, конституциялық өзгерістер, соның бәріне байланысты көп сұхбат бергенмін, барлығы соның негізінде жинақталды. Өте бір күрделі еңбек деп айта алмаймын. Жалпы, мен өте көп кітап жаз­дым, бірақ оның бәрі – ғы­лыми еңбек. Бұл кітап та ғылыми са­рап­тамалық жұмысқа көбірек ұқ­сай­ды. Яғни, образ жоқ, бір адамның об­ра­зын ашуға бағытталмаған. Ол жерде адам­дар да аз. – Бірқатар адамның аты ата­ла­ды. – Бірен-саран адамның аты атал­ға­нымен, оның бәрі ресми түрде жа­рық көрген мәліметтер ғой. Тек ресми ба­сылымдар мен сайттарда жария­лан­ған материалды алдым. Аймақтағы адам­дардың сөзі болмаса, қалғаны – елге белгілі дүниелер. Бұрын көрмедім, біл­медім дейтіндей ештеңе жоқ. Елі­міз­де осы жағдай қалай басталып, қа­лай аяқталды және оған биліктің көз­қарасы аясында, содан кейінгі ша­ралардың төңірегіндегі талдаулар. – Кітабыңызда қазіргі біздің қоғамға «Қазақстан синдромы» де­ген баға берген екенсіз. Бұл синдромнан қашан ары­ла­мыз деген сұраққа нақ­ты жауап беру мүм­кін бе? – Менің ойымша, дәл жуық арада Қаңтар оқиғасы сияқ­ты оқиға қайталануы мүмкін емес. Оны халықтың өзі де қабылдамайды, ресми билік те бұған жол бермейді. Өйткені ондай жасырын, үлкен әрекетке барып, елдің егемендігіне нұқсан кел­тіре­тін күш енді болмайды. Бұл ен­ді Ақорданы басып алу үшін, билікті қолға алу үшін біз­дің биліктің, соның ішінде күштік құрылымдардың басқаруымен, солар­дың күшімен жасалған дүниелер ғой... Ал бірақ оны кім ұйымдастырды де­ген сұраққа келсек, Кәрім Мәсімовке қатысты ғана бірдеңе дей аламыз. Қа­зір соты жүріп жатыр, тікелей қатысы бар екенін білеміз. Жалғыз сол ма, жоқ оның артында тұрғандар бар ма, жоқ па, оны мен қазір айта алмаймын. Өйт­кені қолымда нақты дәлел, дәйек жоқ. Леонид Млечиннің де Қаңтар оқи­ғасы туралы кітабы шығыпты. Қа­зір көп адам сол автордың кітабынан сілтеме жасап, болжамдар жасап жүр ғой. Ол енді айтыла берер. Бірақ, жал­пы Қаңтар оқиғасында болған дү­ние­лердің көбі қалып қалуы да әбден мүм­кін. Солай болады деп ойлаймын. Өйт­кені бұл жерде болған оқиғаның бар­лығын түбегейлі ашып, жария ет­кен­нен қоғам ештеңе ұтпайды. – Дегенмен, керісінше, ақ­па­рат­тың аздығы, сұрақтардың жауап­сыз қалуы халықтың билік­ке деген сенімін сетінетпей ме? Қа­­зірдің өзінде қоғамда түрлі пі­кір көп... – Жоқ, ондай жағдайға әкеп соқ­пай­ды. Биліктің күшеюіне, әлсіреуіне тергеу шараларының жабық өтуі еш әсер етпейді. Мысалы, кезінде Америка президенті Кеннедиді Ли Харви Ос­вальд деген адам атты дейді. Прези­дент­ке қастандықты көшеде жүрген бір адам ұйымдастырды дейсіз бе? Оның ар­тында мыңдаған адам тұрды ғой. Одан бері 60 жылдай уақыт өтті. Мұн­дай нәрселерді ешуақытта аш­пайды. Күштік құрылымдар екінші рет осындай жағ­дай болмас үшін әрекет ете береді. Ал оны ашып көрсету ха­лыққа тыныш­тық сыйламайды, жақ­сылыққа апар­майды. Бұл бізде ғана емес, кез келген елдің тәжірибесінде бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ділда УӘЛИБЕК

Серіктес жаңалықтары