От жағушы болып, жылыжай шаруашылығын меңгерген кәсіпкер

От жағушы болып, жылыжай шаруашылығын меңгерген кәсіпкер

От жағушы болып, жылыжай шаруашылығын меңгерген кәсіпкер
ашық дереккөзі
50671

Ерсұлтан Әбдраман үйінің жанынан шағын жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма жасынан бастап өсімдік шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ол бүгінде бір­неше стартап жобамен айналысады. Мектепте оқып жүрген ке­зінде анасы жаңажылдық дастарқанға қызанақ пен қияр қой­ған екен. Сол кезде оны «Қыстыгүні бұл көкөністер қалай өседі, қай­дан әкелінеді?» деген сұрақ қызықтырады. Осының жауабын тереңінен білу үшін агроном мамандығын таңдаған екен.

От жағушы болып жұмыс істедім

Ол арманына жету үшін құры қиялдап қана қой­май, нақты әрекетке көшкен бо­ла­тын. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкент пен Сайрамдағы жылы­жай­ларда от жағушы болып жұ­мыс істейді. Сөйтіп, бес-алты жыл­дың ішінде қысқы уақытта қы­за­нақ пен қияр қалай өсірілетінін, оны қалай күтіп-баптау керегін бі­ліп шығады. Осылайша, бала ар­манына жақындай түскен ол Түркістан гуманитарлық-техни­ка­лық колледжін өсімдік шаруа­шы­лығы мамандығы бойынша, одан кейін агрономия саласы бойынша Шым­кенттегі жоғары оқу орнын бітіріп, кәсіби маман атанады. Бү­гінде Ерсұлтаннан кеңес сұрап ке­летіндер көп. Ал ол үйренемін деу­шілерге дәннен өнімге дейінгі про­цесті түсіндіріп, тәжірибесімен бө­лісіп жүр. Кейде шаруашылық жұмысын сеніп тапсырғандардың ісін өз мойнына алады.  width=Түркістан өңірінің тұрғыны үш жылдан бері жеке кә­сі­бін қолға алып, үйінің жанынан жал­пы көлемі мың шаршы метрге жуық жылыжай салған. Жылы­жай­ға түрлі көкөніс егеді. Мәселен, осы­ған дейін қызанақ, қияр, аскөк, рай­хан, тәтті, ащы бұрыш, қауын, қар­быз, брокколи, қыша, асбұр­шақ, күнзе, салат жапырағы, пекин қы­рыққабатын еккен. Өнім жы­лы­на екі рет егіледі екен. Алдымен ақ­пан айында қызу шаруашылық жұ­мыстары басталып, наурыз айын­да егіліп, мамырда өнім алы­нады. Ал одан кейін шілдеде көшет егіліп, тамыз айында жерге қон­ды­рылады. Ол қазан, қараша, жаңа жылға дейін өнім береді.

Алғаш өнім алып, қуанған сәт

Бағбан алғаш жылыжай са­лып, өнім алған сәтін кү­ліп еске алады. Өзі оқыған кол­ледж­де біраз жыл бойы игерілмей жатқан, қо­қыс төгілген жерді көріп, «Осы жер­ге жылыжай салып, өнім ала­мын» деп алдына мақсат қояды. Алай­да бұл ойын директорға айт­қан кезде бірден рұқсат бере қой­мапты. Бірақ оған алғыр сту­дент­тің еңсесі түскен емес. Үш ай бойы директордың алдына барып, «Бұл жобаны жүзеге асырамын. Маған се­ніңіз» дейді айтқанынан қайт­пай. Жігерлі жасты біраз сынаған ди­ректор ақырында «Айтқаның бол­сын. Бастасаң, басташы» деп рұқ­сат береді. Сөйтіп, қаражатты ал­ған бойда бірден жоспар құрып, құ­рылыс жұмыстарына кіріседі. Сол кезде директордың орын­ба­сары келіп, «Босқа әуре болып жа­тырсыңдар.  width=Бұл жерге күн түс­пейді, ештеңе өспейді» дейді. Бұл сөз де Ерсұлтанның еңбекке деген құл­шынысын азайтып, бетін қай­тара алмады. «Керек болса, тасқа да өсіремін» дейді ол. Осылайша, бас-аяғы екі ай уақыттың ішінде жы­лыжай жайқалып, өнім бере бас­тайды. Оның бұл ісіне дирек­торы риза болады. Бағбан жылы­жай­дан бөлек логистикалық ком­пания мен диқандар арасында дел­дал болып та қызмет етеді. Ай­туынша, одан жақсы табыс тап­қанмен, болашағы жоқ екенін тү­сі­неді. «Шаруаларға үлкен жүк кө­лі­гін тауып бергенім үшін айтар­лық­тай жақсы қаражат тауып жүрдім. Алай­да өзімнің айлық жалақыға үйре­ніп бара жатқанымды түсініп, же­ке кәсіп ашу туралы шешім қа­был­дадым. Бірінші жылы зертхана ашып, Microgreen салаттарын өсір­дім. Карантиннен кейін жұ­мы­сы­мыз қайта қарқын алып, Польша, Гер­мания, Голландиядан он бес түр­лі өсімдік тұқымын алып, өсір­дік», – дейді Ерсұлтан. Диқан бұған қоса асқа­бақ­тың Қазақстанда өсірілме­ген жеті түрін егіп, жақсы өнім ал­ған. Өсімдік шаруашылығы – үне­мі ізденісті қажет ететін сала. Сон­дықтан Ерсұлтан уақытының көп бөлігін осы саланы зерттеуге, жаңа технологиялардың қыр-сы­рын меңгеруге жұмсап, алыс-жа­қын шетелдермен байланыс ор­нат­қан. Жылыжайдан алған өнімін тұтынушыға алыпсатар­сыз, тікелей өзі жеткізуге тырысып жүр­ген кәсіпкер бұл саладағы күр­меуі қиын мәселелерді жіпке тізіп берді.

Неге өз елімде өзім еккен өнімді сата алмаймын?

 width=«Еккен дүниеңді өсіру, одан өнім алу және сату. Мұның әрқай­сы­сы – өз алдына бөлек мәселе. Мы­салы, Нидерланд, Жапония, Түр­киядағы фермерлермен сөй­ле­сіп отырамын. Алысқа бармай-ақ Қа­ра теңіз жағалауындағы Түр­кия­ны алайықшы. Ол жақта кон­сервілеу цехтары бар. Диқандармен арнайы келісім жасалады. Мысалы, «Бүгін қиярдың бағасы – 430 тең­ге» деп белгілейді. Содан кейін ди­­­­қандар өнімін бір жерге әкеліп, бір­дей бағамен тапсырады. Ал біз­де қалай? Өніміңді базарға апарасың, бағаны сол жердегілер қоя­ды. Олар бағаны базарға кірген өнім­ге қарай белгілейді. Өнім көп кіріп бара жатса, бағаны бірден түсіріп жібереді. Мәселен, қиярдың бағасы 500-ден 150-ге түсе салады. Ал ол жерге өнім тонналап әкелі­ніп жатыр ғой. Бұл – үлкен шығын. Ал Түркияда өнімнің көбейгеніне, импорт, экспортқа қараймай, бір бағаны ұстайды. Мемлекет бұл істі атқарушы компанияларға тапсы­ра­ды. Сондықтан диқандар алдын ала бәрін есептеп, әрекет етеді. Бағаның тұрақсыздығы, се­німсіздік алдымен диқан­дар­ға қиын. Қайбір жылы Сары- а­ғаш­та жүздеген фурадағы қырық­қабат күйіп кетті. Ал әр фурада 20 тонна өнім бар еді. Енді ойлаңыз­шы, ала жаздай бел жазбай жұмыс іс­теген қаншама диқан шығынға бат­ты. Таразда қант қызылшасын зауыт қабылдамай қойған жағ­дай­ды да көрдіңіздер. Шаруалар со­лар­ға сеніп екті емес пе? Зауыт пен өн­діруші арасында келісім болса, жағ­дай ушықпас еді», – дейді кейіп­керіміз. Диқан өткен жылы 300 шар­шы метр жылыжайдан 3 тонна қызанақ алған. Көлігі бол­ған соң өзі еккен өнімді алып­са­тар­сыз өзі өткізгісі келген. Алайда бұл жолда біраз кедергіге тап бо­лыпты. «Алған өнімімізді ша­ғы­нау­дандардың арасына сатып жүрдік. Сол кезде «Бұл жерде сатуға бол­май­ды. Рұқсат етілмеген жер» деп ми­лиция келеді. Өз қолыммен ек­кен отандық өнімді сатқаным үшін қаншама хаттама толтырдым. Соған ызаланамын. Неге өзімнің елім­де өзім еккен өнімді сата ал­май­мын? Көшелерге, банктерге кір­сең, ойын автоматтары тұрады, олар заңды. Ал қызанақ сатқаным заң­сыз болып тұр.  width=Диқаншы­лық­пен айналысамыз деп өзімізді бра­коньер сезінетін болдық. Фермерлерге Нидерланд, Испаниядағыдай «фер­мер» деген құжат беріліп, өз өнімін еш кедергісіз сатуға мүмкіндік жа­салса, жағдай оңалар еді. Осы ұсы­нысымды қанша айтқанмен, жауап болмай тұр. Негізі, ішкі на­рықтың басым бөлігін қамтамасыз етіп отырған біз сияқты майда шаруашылықтар. Қазір импортқа тәуелділік артып жатыр. Отандық өндірісті дамытып, диқандарға қолдау көрсетілсе деймін. Бүкіл әлемді бағып отырған Нидерланд шағын мемлекет болса да, картоп өсіруден көш басында. Олардың технологиясына жетпей-ақ еңбек етіп жүрген диқандарға еркіндік беріліп, өз өнімін өзі сата алса, бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз да­митын еді. Қазір қолдау түгілі ди­қандарға еркіндік берілмей жа­тыр», – дейді Ерсұлтан Әбдраман.

Диқандар биыл не егерін білмей отыр

Кәсіпкердің айтуынша, қазір көкөніс егетін диқанның кө­бі алдағы күнге алаңдап, не еге­рін білмей отыр. Өйткені қияр мен қы­занаққа бәсекелестік артқан. Ер­тең баға бір күнде түсіп кетуі мүм­кін. Өнім елімізден емес, сырт­тан көп келіп жатыр. «Бұрын Түрік­менстаннан келмейтін. Қазір көп келіп жатыр. Үлкен шаруа­шы­лық­тардың өзі көкөністен шы­ғамыз-ау деп отыр. Ираннан да көп келуі мүмкін. Сондықтан құл­­пынайға көшсек пе деп отыр­мын», – дейді бағбан. Расында, ерінбей еңбек ет­сең, көп белесті бағын­дыру­ға болады. Әлем елдерінде ауыл шаруашылығы саласында түрлі жаңа технология пайда болып, өн­ді­ріске енгізіліп жатыр. Кейіп­керіміз осы жайды да тілге тиек етті.  width=«Еуропа компаниялары егіс­тікті зерттейтін дрондар шығар­ған. Бұл фермерге егістіктен қанша өнім алуға болатынын, қанша шы­ғын кететінін алдын ала бол­жауға мүмкіндік береді. Ал AGROBOT компаниясы шығарған испа­ния­лық SW6010 роботы камерасы ар­қылы піскен жемістерді анық­тап, оларды кесіп ала алады. Ал Ауст­­­­ралияның Сидней универси­теті ғалымдары әзірлеген робот өсім­діктер арасынан арамшөп­тер­ді ажыратады. Біз мұндай деңгейге әзір жетпесек те, ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы өзекті мәселелерге көңіл бөлініп, диқандарға жағдай жасалса деймін. Қазір интернетті ашып қал­саңыз, көбі сауда-саттықпен айна­лы­сып жатыр. Нақтырақ айтсақ, сату­ды үйретеді. Бұл жағдай 5-7 жыл­да тоқырауға алып келуі мүм­кін. Мұны экономистер де айтып отыр. Өйткені бізде отандық өнді­рісті дамытудан гөрі алыпса­тар­лық­қа үйретіп жатқандар көп. Осы­ған назар аударатын кез кел­ді», – дейді кәсіпкер.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары