Жат құрсақты «жалға» алса...

Жат құрсақты «жалға» алса...

Жат құрсақты «жалға» алса...
ашық дереккөзі
456
Жуырда шетелдік БАҚ әлемдегі ең кәрі суррогат ана атанған грекиялық әйел жайлы жарыса жазды. 67 жасар Анастассия Онтоу ұзақ уақыт бойы бала көтере алмай жүрген қызына қыз туып берген. Мерзімінен бұрын кесарь тілігі арқылы дүниеге келген нәрестенің салмағы бар-жоғы 1 келі. Анасының суррогат ана болу ұсынысын әу баста дұрыс қабылдамай, кәрі шешесін есінен адасты деп ойлаған қыз кейіннен райынан қайтып, амалсыздан көніпті. Ақырында кейуана өз немересін аман-есен дүниеге әкеліп, қаһарман әже атанды. Өкінішке қарай, «жалдамалы» құрсақтың  көмегіне жүгінетін ата-аналар біздің елімізде де көбейіп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15 па­йызы бала сүю мүмкіндігіне ие бола алмаса, 30 пайызына репродуктивті технологиямен емделу қажет­тігі туындап отыр. Бұл елім­іздегі әрбір бесінші жұп бедеулік немесе белсіздікке шал­дыққандығын көрсетеді. Яғни түрлі экологиялық, әлеуметтік жағдайлар мен денсаулықты күтпеудің салдарынан 350 мың отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Дүниеге бала әкелуге қабілетсіз ерлі-зайыптылар амалсыздан суррогат аналардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Балаға зәру ата-аналар әуелі дәрігерлердің есігін күзетіп, одан қалды, тәуіп пен емші ауылын жағалап, ақыр соңын­да соңғы үмітін жат құрсақты «жалға» алумен жалғайды­.  Мұны  біреу қол­даса, біреу күнә деп, енді бірі қылмыс деп үрке қарауда. «Бас­қа­ түссе баспақшыл» демекш­і, үміт жібін үзгісі кел­меген   жандардың  баратын   ақыр­ғы әрекеті­ бұл. Бір ғана 2015 жылдың өзінде 20 мыңға жуық сәби суррогат  аналардың арқасында дүние есігін ашқан. Бейресми деректер Қазақстанда жылына 100 жұп суррогат ана арқылы балалы болатынын көрсетіп отыр. Құрсақ аналардың көмегіне жүгінетін отбасылар олардың қызметі үшін 10 мың мен 50-60 мың долларға дейін ақы төлеуге әзір. Бала дүниеге келгенше және келген соң тағы екі ай тұрақты түрде ай сайын баланың генетикалық ата-анасы суррогат анаға 40-50 мың теңге шамасында (одан да көп болуы мүмкін) ақы төлеп отыратын көрінеді. Бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған репродуктивті клиникаларда суррогат аналардың базасы жасақталған. Сондай-ақ, құрсақ аналардың арнайы орталықтары да жұмыс істейді. Мамандар суррогат аналарды іздестіруде келеңсіз жайттарға ұрынбау үшін арнайы мамандар мен орталықтардың көмегіне жүгінуді қатаң ескертеді.

Суррогат ана – көкек ана емес

Қоғамда суррогат ананың «көкек» анадан еш айырмашылығы жоқ деп ұғатындар баршылық. Өйткені құрсақтағы сәби басқаныкі болса да, жарық дүниенің есігін ашқанша сол анамен бірге тыныстап, жүрегі сонымен бірге соғатындықтан жат деп айтуға аузың бармайтындай. Тоғыз ай бойы көтеріп, толғатып дүниеге әкелген нәрестені бір иіскемек түгілі, жүзін де көрмей өзгенің құшағына салып беру оңай іс емес. Шыр етіп дүниеге келген баланы еш еміренбестен генетикалық ата-анасына табыстау – қиынның қиыны. Демек суррогат ананың көкек анадан айырмашылығы –  ол өзге бір отбасына бақыт сыйлайды. Құрсағын жалға беретін әйелдер көкек аналар секілді сәбилерін тірідей жетім етпейді. Кейбір келіншектер өздерінің жақынына, сіңлісі немесе әпкесіне, тіпті жеңгесіне көмектесу үшін де суррогат ана болуға келісім беріп жатады. Енді біреулерді мұндай қадамға жоқшылық итермелейтіні жасырын емес. Сәбилі бола алмайтын ерлі-зайыптыларға көмектесу арқылы талай қыз-келіншек тұрмысын түзеп алды. Алайда қомақты қаржы үшін суррогат ана болуға ниеттенетін арулар ешқандай ақшаға сатып алынбайтын денсаулықтарына залал келуі мүмкін екенін ескере бермейді. Құрсағында өзгенің сәбиін көтеруге келісім берген жанның физикалық, психологиялық даярлығы мықты болуы керек. Одан бөлек, репродуктивті қабілетке де баса назар аударылуы керек. Әйтпесе өзгені бақытқа кенелтемін деп жүріп өз бақытынан айырылғандар жетерлік. Солардың бірі – бірнеше рет суррогат ана болған алматылық Айсұлу (есімі өзгертілді) есімді әйел. «Алғашында бәрі сәтті болды. Эмбрион өткізу кезінде ешқандай келеңсіздік болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе жағдайым қиындай бастады. Тексеріс кезінде жатырдан тыс жүктілік болғаны анықталды. Мұндай боларын қайдан білейін?! Құрсағымдағы баланы аман-есен дүниеге әкелетініме, денсаулығымда ақау болмайтынына сенімді болдым. Өйткені бұған дейін де өзге отбасына бала туып бергенмін. Бірақ бұл жолғы қадам өмірімді күл-талқан етті. Жатырдан тыс жүктілік болғанын білмей көп уақыт жоғалттым. Дәрігерлер ота жасап, жатырымды алып тастады. Мен енді ешқашан сәбилі бола алмаймын», – дейді өзегін өкініш өртеген әйел. Өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиғалар кездесіп тұрады. Мұндай жағдайда суррогат ананың денсаулығына зиян келгені үшін тапсырыс берушілер өтемақы төлеуі тиіс. Бірақ генетикалық ата-ана Айсұлуға өтемақы төлемеген. Тек ауруханада емделу құнын ғана өтеп, өзге міндеткерліктен бас­тарын ала қашқан.  Демек, суррогаттықтың барлық талабына сай болып, денсаулыққа сенімді болған жағдайда ғана мұндай қадамға бару қажет. Жауапкершілікті сезінбей, қауіп-қатерді ескермей кіріскен істің ақыры өкінішке апарып соғады.

«Сурана іздеймін»

Қалай десек те, «жалдамалы құрсақ нарығында» суррогат аналарға деген сұраныс та, ұсыныс та артып келеді. Әлемде бұл әдіспен қанша сәби дүниеге келгені туралы ресми мәлімет жоқ, алайда бейресми сараптамаларға сенсек, дүниежүзінде суррогат ананың көмегімен 220 мыңдай нәресте өмірге келіпті. Құрсақ ана қызметін кеңінен пайдалана бастаған көршіміз Ресейдегі секілді Қазақстан үшін де бұл үрдіс таңсық болудан қалды. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Интернет-форумдарда «сурана боламын», «сурана іздеймін» деген хабарландырулар жетерлік және сол хабарландыруларға жауап жазып, келісіп жатқандар да баршылық. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін солардың бірін оқырман назарына ұсынғанды құп көрдік: «Стану суррогатной мамой! Русская, вес 70, рост 175, глаза голубые, волосы русые. 28 лет. Рассмотрю естественный путь! У меня отличный генофонд: я творческая, очень симпатичная, в детстве рано начала ходить и говорить, отлично училась, два диплома! Весь путь от беременности до родов стоит 65 000 дол. Деньги передаете нотариально, через договор перед началом нашего сотрудничества! Больше никаких зат­рат не нужно! Я отлично питаюсь, в рационе дос­таточно витаминов, одежду для беременной приобрету сама, наблюдаться и рожать буду в лучшей клинике за свой счет! 14000 у.е. + ежем. 60000 тг. Предос­тавление жилья в Астане» деп хабарландыру иесі өзі жайлы мәлімет пен талап-тілектерін толық тізбектепті. Жарнамасы жарап-ақ тұр. Алайда генетикалық ата-анаға қойған талаптарын кез келген отбасының жағдайы көтере бермесі анық. «Сурана қызметін» ұсынатындармен қатар форумдарда құрсақ ана болғысы келетін келіншектерге іздеу салатындар да бар. «Добрый день! Ищем суррогатную маму, порядочную женщину без вредных привычек с положительным резусом, желательно алматинку с опытом. Национальность значения не имеет. Наличие первичных анализов. Программа планируется на начало 2014 года. Вознаграждение 10 000 $+ 3 000$ за двойню +1500$ за кесарево + 50 000 ежемесячно» деп жазыпты сәби сүйгісі келетін отбасы. Ресей және қазақстандық сайттардағы осы іспетті хабарландыруларды саралай келе суррогат ана болғысы келетіндерді үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ – бала сүйе алмай жүрген жұптарға өз еркімен бала тууға келісу арқылы қаржылық қиындықтарын шешетіндер. Бұндай әйелдер іске өте жауапты қарайды. Суррогат ана «қызметін» толықтай зерттеп, істің қалай өрбитінін, заңнамалық және өзге аспектілердің бәрін алдын-ала зерттейді.  Екінші топ – құрсақ аналарға қомақты қаржы төленеді дегенді естіп, тек қана ақша табу мақсатында желіге хабарландыру қалдыратындар. Әдетте бұндай әйелдер өз «қызметі» үшін тым көп ақша сұрайды. Сондай-ақ, бұл келіншектер істің маңызына тереңдей бермейді. Үшінші топқа алаяқ әйелдерді жатқызуға болады. Суррогат ана болуға келісіп, бірнеше отбасымен шарт жасасып, олардан медициналық тексеру, пәтерақы және тамақтануға ақша алып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен бикештер тәжірибеде талай кездескен. Интернет-форумдарда осындай оқиғаларды баян­дап, құрсақ ана болғысы келетін жан іздеп жүрген жұптарды сақтандырған жазбалар көп.

Заңға үңілсек...

Өз бақытын өзгенің құрсағынан іздеуге мәжбүр болған отбасылар да, оларға көмек қолын созатын келіншектер де үлкен тәуекелге баратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан екі тарап үшін де заңды білу, суррогаттықтың құқықтық һәм медициналық талаптарын бұлжытпай орындау маңызды. Елімізде суррогат ана қызметі 1998 жылы заңды түрде жүзеге асырыла бас­тады. Осы жылы «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданып, қосымша репродукциялық технологиялардың әдісін пайдалану құқығын берді. 1999 жылы Адам репродукциясы орталығында суррогат ананың бірінші бағдарламасы жүргізілді. 2004 жылы «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Заң шықты. 2009 жылы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс қабылданды. Бұл құжаттарда суррогат ананың құқықтық негізі баяндалды. 2012 жылғы 7 ақпанда «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қолданысқа енгізілді. Кодекстің 54-бабы суррогат ана шартын қарастырады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтау арқылы жазбаша түрде жасалады және міндетті нотариалдық куәландыруға жатады. Кодекстің 56-бабы суррогат анаға қойылатын талаптарды бекітеді. Біріншіден, суррогат ана болуды қалайтын әйел 20-35 жас аралығында болуы, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған қанағаттанарлық дене, психикалық және репродукциялық денсаулыққа ие болуы тиіс. Сонымен қатар, өзінің дені сау баласы болуы шарт. Екіншіден, егер суррогат ана тіркелген некеде (ерлі-зайыптылық) тұрған жағдайда суррогат ана шартын жасағанда ерінің жазбаша келісімін беруі тиіс, ол нотариалдық тәртіпте расталуы керек. Үшіншіден, қосымша репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым олардың қолданылуы туралы балалы болуды қалайтын тұлғалар немесе донорлық банк үшін қолданылған биоматериалдар туралы толық және жан-жақты ақпараты бар қорытынды шығаруға міндетті. Қорытындының бір данасы суррогат ананың нотариалдық расталған шартына тіркеледі және келісім жасалған орында сақталады. Кодекстің 59-бабына сәйкес, суррогат ана шарты негізінде қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-анасы болып ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) танылады. Басқа сөзбен айтқанда, баланың генетикалық анасы туылғаннан кейін бірден сәбидің анасы болып ресми жазылады және сол сәттен бас­тап суррогат ананың бұл балаға ешқандай қатысы болмайды.  

Немістер мен жапондар суррогат анаға неге қарсы?

Зерттеуші мамандар суррогаттық тәсілдің ең алғаш рет ХХ ғасырдың алғашқы жартысында жан-жануарларға жасал­ғанын айтады. Бір еркек малдың ұрығымен бірнеше мың ұрғашы мал қолдан шағылыстырылып, ол оң нәтиже берген. Сонан соң мамандар шаруашылықтағы бұқалардың санын азайтып, жаппай осы тәсілді пайдалануға көшкен. Осыдан соң, бұл тәжірибе адамдарға жасала бастады. Англияда Эдварде және Стептоу деген дәрігерлер 1978 жылы табиғи жолмен ұрықтана алмаған ерлі-зайыптылар Джон Браун мен Луиз Браунға суррогаттық тәсілді қолданған. Тәжірибе сәтті аяқталады. Сөйтіп, сол жылғы  25 тамызда  суррогат ананың көмегімен алғашқы сәби дүние­ге келді. Содан бері әлемнің түкпір-түкпірінде белсіздік пен бедеулік қасіретін тартқан жұптар осындай жолмен ата-ана бола бас­тады. Дүниежүзі елдерінің көпшілігінде құрсақ аналар қызметі заңдастырылғанмен, мұндай тәсілмен өмірге бала әкелуді қолдамайтын мемлекеттер бар. Малайзия, Израиль тәрізді елдерде суррогат ананың көмегіне жүгіну үшін әлеуметтік қызметкерлер, дәрі­герлер мен дін өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылып, мәселе әбден зерттеліп барып келісім беріледі екен. Ал кейбір мемлекеттер баланы жат әйелдің жатырына салуға заң жүзінде ты­йым салған. Олардың қатарында Австрия, Норвегия, Швеция, Франция, Италия, Швейцария, Германия, Жапония, Қытай сияқты елдер бар. Ең қызығы, Аустралия, Ұлыбритания, Дания, Канада, Нидерландтар және Американың Нью-Гемпшир, Вирджиния штаттарында суррогат ана қызметін пайдалануға рұқсат етілгенмен, оларға ешқандай ақы төленбейді. Аталмыш елдерде құрсақ ана болатын жан тегін қызмет көр­сетуге келісім беруі тиіс. «Бұл артынан бала өмірге келгенде түсініспеушілік пен келіспеушіліктердің орын алуына жол бермейді» дейді мамандар. «Заңның өзі оны бұзу үшін жасалады» деп заңды белден басатындар қай кезде де, қай салада да кездесетіні шындық. Біздің елімізде суррогат ананың мәселесі қанша жерден заңдастырылған десек те, көлеңкелі тұстары қылаң беріп тұрады. Бізде ғана емес, жалпы әлемде суррогаттықты бүге-шігесіне дейін заңға бағындырып қою мүмкін болмай тұр. Әсіресе, құрсақ ана болу мәжбүрліктен бұрын сәнге айналып кеткен АҚШ, Ресей, Украина, Грузия секілді елдердің тәжірибесінде кездесетін келеңсіз жайттар назарға еріксіз ілінеді. Аталған елдерде қалталы адамдардың келіншектері өздерінің сұлу сымбатын бұзбау үшін бала туып беруге келісетін өзге  әйелдердің көмегіне жиі жүгінетін көрінеді. Бет-әлпетіне, мүсініне жасатқан пластикалық оталардан кейін сұлулығы мен сымбатын бүлдіргісі келмейтін қалталы ханымдар үшін бұл өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын тиімді тәсілге айналған. Тағы бір алаңдататыны, суррогат ана болуға бел буғандардың арасында 18-ге жаңа толған қыздар да бар. Мұны баюдың жолы деп ұғатын жастар қыруар ақша тауып, жағдайларын түзеп аламыз деп ойлайды. Мамандардың айтуынша, бойжеткендердің аңғалдығын репродуктивті медицина орталықтарының маңын айналшықтап жүретін делдалдар жақсы пайдаланатын көрінеді. Делдалдар суррогат ана баланы туғаннан кейін оған келісілген қаржының белгілі бір бөлігін ғана беріп, сан соқтырып кеткен кездер де болыпты. Немістер мен француздардың, түріктер мен жапондардың суррогаттыққа үзілді-кесілді қарсылық білдіруінің бір себебі осы шығар, бәлкім. Дүниеге бала әкелу – әйелге берілген үлкен сынақ. Адамнан адам шығу оңай еместігін ұққан қазақ «аман-есен аяқ-қолын бауырына алса екен» деп жүкті келіншектердің тілеуін тілеп отырады. Балалы болу бақытынан айырылған жұптарға сәби исін иіскетіп, сәбимен бірге отбасы бақытын сыйлағысы келетін арулар мұндай жауапты қадамды жаңылмай басса екен. Ешқандай ақшаға сатылмайтын денсаулық дейтін ең қымбат байлықты бағалай білсе екен дейміз.

Серіктес жаңалықтары