50308
Мадина СЕЙТМАХАМБЕТҚЫЗЫ: Келер жылы бар күш-жігерімізді саяси науқанға жұмсаймыз
Мадина СЕЙТМАХАМБЕТҚЫЗЫ: Келер жылы бар күш-жігерімізді саяси науқанға жұмсаймыз
Санаулы күннен соң бір жылды артқа тастап, тағы бір жылдың табалдырығын аттағалы тұрмыз. Осы орайда Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы аппаратының басшысы Мадина Сейтмахамбетқызымен сұхбаттасып, аппарат биыл қандай бастамаларды жүзеге асырғаны және жылды қалай қорытындылап жатқаны жайлы сұраған едік.
– Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының аппараты негізінен қай бағытта жұмыс істейді?
– «AMANAT» партиясының фракциясы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің регламентіне, «AMANAT» партиясының Жарғысына сәйкес құрылған депутаттық бірлестік болып саналады.
Фракция ең негізгі мақсаты – Парламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясының бағдарламалық құжаттарында бекітілген елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша партияның және партия Төрағасының ұстанымдарын білдіретін саясатты жүргізу.
Ал фракция аппаратының негізгі міндеті – партияның Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі фракциясымен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету және фракцияның қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдау жағынан қамтамасыз ету. Фракция аппараты «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшесі болғандықтан, жұмысы жоспарлы, жүйелі түрде жүргізіліп, партияның басым бағыттары мен мақсаттарын жүзеге асыру аясында іске асырылады.
Фракция аппаратының негізгі функциясы – фракция жиналыстарына, фракция төралқасының отырыстарына, Парламент Мәжілісі депутаттары фракция мүшелерінің өңірлік жұмыстарына және олардың қорытындылары бойынша талдамалы, ақпараттық-анықтамалық материалдар дайындау және «AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау Жол картасының іске асырылуына мониторинг жүргізу.
– Осы тұста биыл жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі туралы айтсаңыз.
– Алдында айтып кеткендей, фракция аппаратының негізгі міндеті –Парламент Мәжілісіндегі фракцияның қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдау жағынан қамтамасыз ету.
Ал мониторингке келетін болсақ, жалпы фракция мүшелері – депутаттармен бірлесе отырып, «AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын орындау Жол картасының іске асырылуы мониторингін жүзеге асырамыз. Бұл жұмыста тиянақты орындау үшін Үкімет пен фракцияның бірлескен жұмыс алгоритмі әзірленді. Тоқсандық, ай сайынғы, тіпті апта сайынғы мәліметтер жиналып, Жол картасының барлық 362 тармағы бойынша егжей-тегжейлі бақыланады. Жалпы айтсақ, Жол картасы бес жылға арналған, бүгіннің өзінде екі жарым жыл ішінде біршамасы жүзеге асты.
Мәлімет ретінде айтсақ, жалпы Жол картасының 1 700 жуық нысаналы көрсеткіші мен жеті бағыты бар. Олар әртүрлі салаларды қамтиды. Мәселен, әлеуметтік, экономикалық және өңірлік даму, құқықтық, экология, патриоттыққа тәрбиелеу, азаматтық қоғамды дамыту, сыртқы саясат. Жалпы айтқанда, әр азаматтың лайықты өмір сүруінің тетіктері.
– Аппарат биыл қандай бастамаларды жүзеге асырды? Жылды қалай қорытындылады?
– Жалпы, партия фракциясында 76 мандат бар, қазір 73 мүшені қамтып отыр. Жетінші шақырылымда фракция аппараты депутаттардың қатысуымен 17 фракцияның жиналысын және фракциямыздың атынан жарияланған 450-ге жуық депутаттық сауал дайындауға атсалысты.
Фракция аппараты депутаттар, яғни фракция мүшелерінің Президент ел Конституциясына түзетулер жобасы бойынша республикалық Референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап, ел ішінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын өткізу үшін өңірлерге бару шарасын ұйымдастырды. Мемлекет басшысының бұл ерекше саяси маңызы бар шешімін, президенттік саяси реформалар бағдарламасын іске асыру кезеңдерін, суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшудің, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтудің негізгі қағидаттарын халық арасында, сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына кеңінен жеткізді.
Фракция аппараты «AMANAT» партиясы орталық аппаратының құрылымдылық бөлімшесі болғандықтан, атқарып жатқан жұмысымыз орталық аппараттың жоспарына тұспа-тұс келеді. Сонымен қатар екі айға созылған Президенттік сайлау штабының жұмысына белсенді қатысқанымызды атап көрсетуге болады. Барлығымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасы аясында шоғырланып, мықты әрі әділетті мемлекет құру мақсатында бір ұлт, бір қоғам болып, ел арасында болып, Халықтық коалициямен бірге үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Ендігі мақсат – халық білдірген сенімді ақтап, алға қойылған міндеттерге жету үшін аянбай, білек сыбана еңбек ету, еліміздің ынтымағын арттырып, өркендеуіне қол жеткізу.
– Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы аппаратының келер жылға қандай жоспарлары бар?
– Өзіңізге мәлім, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Қарқынды әрі ауқымды жұмыс болады. Сондықтан партия қызметкері ретінде, әрине бұл жұмыстан қапы қалмаймыз. Білімімізді, тәжірибемізді, күш-жігерімізді үлкен саяси науқанда барынша жұмсаймыз. Жұмысымыздағы ірі жоспардың бірі ретінде саяси науқанға белсене қатысып, еліміздің өркендеуіне, мемлекеттілігі мен егемендігінің нығаюына атсалысып, партияның бағдарламаларын жүзеге асыру деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!