Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер

Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер

Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер
ашық дереккөзі
51962
Жұлдызай Сайдағали – бала кезінен мата қиып, тігін тігуді жанына серік еткен жан. Бүгінде ол халқымыздың ұлттық киім үлгілерінің ішінде көзтартар әсемдігімен, сәнді ою-өрнегімен ерекшеленіп, бағаланатын әрі мал терісінен, қымбат матадан тігілетін қысқы баскиім тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма үш жастағы кәсіпкердің қолынан шыққан тымақтарды елімізбен қоса, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Канада, Ресей, Англия, Түркия, Украина, Швейцариядан тапсырыс беріп алдыратындар бар. «Өзім бармаған жерге тымақтарым барып жатыр», – дейді ол.  width=Жұлдызайдың былғарыдан, түрлі мата мен теріден тымақ тігіп жүргеніне алты жыл­дай болыпты. Осы уақыт аралығында өзінің тұ­рақ­ты тұтынушылары да пайда болған. Кә­сібінің нәсібін көріп отырған кейіпкеріміз қа­зір сұлуы мен жылуы үйлескен қысқы бас­киімдерге жылдан-жылға сұраныс артып келе жатқанын айтады.
«Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде үйірмелерге баратынмын. Қуыршақтарға киім тігіп беретінмін. 5-сыныптан бастап қазірге дейін өзіме де киім тігіп жүрмін. Әжем он сау­сағынан өнер тамған ісмер кісі болған. Бұл өнер әжемнен дарыған деп ойлаймын. Бұл – қосымша жұмысым. Негізі, университетте мұғаліммін. Үйдің жанында кішігірім цех бар. Көбіне өзім тігемін, арасында әкем мен анам кө­мектесіп тұрады. Басында киім тігетін едім, ал­ты жылдан бері тері, былғары, сапалы мата­дан тымақ тігуді қолға алдым», – дейді тігінші.
Жалпы, стандарт модельге келсек, бір бас­киім­ді тігуге кемі 4-5 сағаттай уақыт кетеді екен. Күрделілігіне байланысты кейбірін бір күн, енді бірін бір аптада бітіруге болады. Бұл тұр­ғыда тұтынушының талғамы мен сұра­ны­сы да ескеріледі. Әрине, тұтынушының көңілі­нен шығу үшін жасаған дүниеңнің сапалы болуы маңызды. width=
«Материалына келетін болсақ, көбіне түл­кінің терісін қолданамын. Терілерді еліміздегі цех­тардан және Ресейден алдыртамын. Негізі, ма­ған алдын ала айтады, цехта арнайы хи­микаттармен өңделген дайын теріні аламын. Баскиімді тұтынушыға бергеннен кейін жыр­тылып, исі шығып кетпесі үшін жақсы сапа­дағы терілерді, баскиімге келетін таза был­ғары­ны таңдаймын», – дейді жас кәсіпкер.
Жұлдызай осыдан бес жыл бұрын «Жа­саған бұйымдарымды неге жұртқа көрсет­пес­ке?» деп, әлеуметтік желіден жұмыс парақ­шасын ашқан. Айтуынша, бұл да бизнесінің жүруіне септігін тигізіпті. Жасаған дүниелерін көргеннен кейін сұраныс артқан. Тіпті, он шақ­ты мемлекеттен де тапсырыс түсіпті. Бүгін­де қолөнерші елімізде өтетін шеберлер фестиваліне қатысып, бағын сынап жүр.  width=
«Мақсатым – ұлттық қолөнерімізді дәріп­теу, бағалау. Сонымен қатар отандық өндірісті да­мытуға үлесімді қоссам деймін. Ата-баба­мыз­дан мұра болып қалған ұлттық дү­ние­лерімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, сақ­тап қалуымыз керек. Бізден кейін де өсіп келе жатқан жастар бар. Солар да өзіміздің ұлт­тық өнерімізді бойына сіңірсе деймін. Қа­зір тымақтың бәрін өзім тігіп жатырмын. Бұл – тиянақтылықты, икемділікті, шыдам­ды­лық­ты қажет ететін өнер.  width=Тұтынушылармен пікір алмасқан кезде түр­лі қызықтар болады. Әр қаладан, әр мемлекеттен тапсырыс берген адамдар түрлі диа­лектімен сөйлеп, өзіне қандай қысқы бас­киім ұнайтынын айтады. Олардың тапсы­ры­сын орындау барысында біраз ізденемін. Пікір алмасу барысында түрлі ырымдарды да естіп жатамыз. Әрине, әр істің қиындығы болады. Жұ­мысқа берілген кезде, күн-түн демей, ойың­дағы дүниені жасауға тырысасың. Ал тұ­тынушы жұмысыма көңілі толып, ризашы­лығын білдірген кезде еңбегімнің ақталғанына қуанып, ары қарай жұмыс істеуге шабыт ала­мын. Қандай жағдай болмасын, ұлттық бол­мы­с­ы­мызды, киімдерімізді дәріптеп, осы салада ең­бек ете беру – мақсатым. Енді үлкен цех ашып, кәсібімді кеңейтуді ойлап жүрмін», – дейді кейіпкеріміз.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары