202
Шымкентте әкімдер халыққа есеп бере бастады
Шымкентте әкімдер халыққа есеп бере бастады
Шымкентте әкімдердің халық алдында есеп беру жұмыстары қыза түсті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымовтың қатысуымен Т.Тәжібаев атындағы № 81 жалпы орта мектебінде Абай ауданы әкімінің жылдық есебі тыңдалмақ. Ал күні кеше Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Илиясов халық алдында атқарған жұмыстары жөнінде баяндап берді. Есепті тұрғындар жылы қабылдағанымен, алдағы жұмыстардың да аз еместігі байқалады. Еңбекші ауданында 256 мыңнан астам тұрғын бар, 630 көпқабатты, 42 мыңнан астам жеке сектордағы тұрғын үй орналасқан. Еңбекші ауданы әкімі Ғалымжан Илиясов жаңа 2017 жылға ауданның орталық аумағында орналасқан 58 үйдің спорт алаңшаларын орнату үшін бюджеттік өтінім берілгенін, ал 2016 жылы аудан аумағында орналасқан 321 көпқабатты үйдің ауласы түнгі жарық шамдарымен қамтылғанын атап өтті. Қазір аудандағы 510 көшенің 19-ында мүлде атау жоқ. Бұл әсіресе, жедел жәрдем қызметіне жүгінгенде қиындық туғызады. «Жедел жәрдем қызметін шақырса, тұрғындарға көшенің басынан күтіп алыңдар дейді. Егер ол жалғысбасты ана, жалғызбасты науқас болса, ол не істеу керек?» - деді қалалық мәслихат депутаты Ермек Дәрменов. Аудан бойынша 142 көшеге балалар алаңшасын салу, 24 көпқабатты үйді жаңғырту қажет. Сондай-ақ, аяқжолдар мен жеке сектордағы тұрғын үйлерге кәріз жүйелерін тарту жұмыстары да кезегін күтуде. Ал Еңбекші ауданы әкімі есебіне қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов биыл қала бойынша 215 көшенің жөндеу жұмыстары жасалынып, 42 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.