
«24 жасымда Алматы қаласынан өз кәсібімді аштым. Тәтті пісіргенді кішкентайымнан жақсы көремін. Колледжді қызыл дипломға бітірген соң Алматы қаласындағы мейрамханада наубайшы болып түнгі ауысымда жұмыс істедім. Күндіз кондитерлік тәжірибемді арттыру үшін сабақтан қалмайтынмын. Осы салада жұмыс істеп, аспаздықтың қыр-сырын біліп, қажетті дүниелерді ойыма түйген соң біраздан бері ойымда жүрген идеяны жүзеге асырғым келді. Осылайша, өз кәсібімді ашу туралы шешімге келдім. Жұмысты бастағанда ең қиыны серіктес табу болды. Күнара әрі үлкен көлемде тапсырыс берушілерді табу қиынның қиыны. Менің кондитерлік цехым Алматы қаласында орналасқандықтан, бәсекелестер өте көп, талап та жоғары. Жаңадан кәсіп ашқанда қаржылық жағынан да оңай болмайтыны тағы бар. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» демекші, цехтың ыдыс-аяғы, тоңазытқыш, мұздатқыш және кондитерлік пештерге аз шығын кетпейді. Қызметкерлерімнің еңбекақысын да уақытында төлеуім керек. Ерінбей еңбек еткен адам түбі мақсатына жетеді, ертелі-кеш тер төгіп атқарған жұмысың бағаланады. Қазір аяққа тұрып, ел қатарлы жұмыс істеп келеміз», – дейді Жанна Бақытжанқызы.

«Көршілес елдермен салыстырғанда біздің елде аспаздық өнер қатты дамымаған. Оған бірден-бір себеп – біз қолданатын жоғары сападағы шикізат өнімдерінің шетелден келуі. Соған қарамастан қазір қазақ тағамдарын дамытуға үлесін қосып жүрген әріптестерім көп. 2017 жылдан бері Мәскеу, Бішкек, Ыстықкөл, Түркияның Болу қаласында және Анталияда өткен конкурстарда бағымды сынап көрдім. Өзім қатысқан конкурстар көңілімнен шықты. Осы сайыстарда алған алтын медальдарым өзіме сондай ыстық. Осы уақытқа дейін 15 медаль алыппын. Шетелдегі конкурстарға қатысқанда тек отандық өнімдерді апарамын. Қай елді алмайық, мәдениетінің дамуына сол елдің асүйі мен ұлттық тағамдары үлкен орын алады. Қонақжайлылығымызды өзіміздің керемет дастарқан арқылы көрсете аламыз. Ұлттық құндылығымызды сақтап, әрі қарай дамыту – әр қазақтың міндеті. Шетелдің әрбір қаласында тәжірибе алмасу мақсатында осындай конкурстар үнемі өтіп тұрады. Бұл тұрғыда мәдениетін дамыту үшін мемлекет те көмек береді», – дейді аспаз.

«Тамақтандыру бүгінде ең тиімді кәсіп екенін уақыт көрсетіп отыр. Жұмыс барысында қызық та, қиын да күндер болады. Кейде тапсырыс болмай қалса, кейбір күндері керісінше көп болып, ұйқысыз тынбай жұмыс істейміз. Бірақ ең кереметі бір жарым жыл ішінде күліп еске алатын сәттер өте көп. Енді алдағы мақсатымызға қарай әрекет ете береміз. Тиянақтылық, ұқыптылық және жұмысыңа деген махаббат. Жұмысыңның өрге жүруі осы үш қасиетке байланысты. Бойында осындай қасиеттер бар маман өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Қызметкерлерімнен талап ететінім де осы», – дейді кәсіпкер.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ