2. Тас дәуірінен жеткен жебелер
2018 жылы тамыздың 18-і күні, жергілікті уақыт 13.24-те С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті Шыныбек Бұқарбаев есімді ауылдас ініміз телефон шалды, аз-кем амандық-саулық сұрасқан соң өтініш айтты: «Ауылдың құмынан таңғалдырар қазына табылып жатыр, тастан жасалған бұйымдар. Соны басылым бетіне хабарлама етіп жарияласаңыз. Ел білсін. Құлағдар қылып қойған дұрыс қой. Суретін жіберейін, қараңызшы!» – деп. «Жақсы», – дедім қызығып. Көрдік жаңағы табылған заттарды. Тастан жасалған үшкір жебе! Бірінің түсі алабажақ, енді бірінікі қаралтым. Сонау мектеп қабырғасында жүргенде тарих пәні оқулықтарынан санада қалып қойған ұқсас бейне сол заматта көлбең етіп, орала кетті жадымызға қайта. Айран-асыр қылды!
Шыныбектің айтуынша, бұйымдарды тапқан Әбдіханов Қамбар есімді жігіт. 1976 жылы туған. Тұмабұлақ ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ елді мекеніндегі Мамыт негізгі мектебінде тарих пәнінің мұғалімі екен. Созбақтамай, Қамбар інімізбен хабарластық. Бүй деп баяндады ол болған жайды: «Биыл, шілде айының 9-ы күні, ауылдың оңтүстік-батыс жақ бетінде қой жайып жүр ем, өзгешелеу тастарды көзім шалып қалды. Сонан қолға алып қарасам, үшкір тастар. Өзім тарихшы болған соң мүмкіндігімше қолдағы деректермен, суреттермен салыстырдым. Олжамның тас дәуіріне жататынын пайымдадым. Мұндай бұйымдарды ауыл балалары да тауып алған. Оларда үш-төртеуі бар осындай заттардың... Бұлар табылған тұс бұрын төбе-төбе құм еді, қазір көшіп жатыр. Содан шығып қалған ғой...»
Қамбардың болжамы шындыққа жақын. Тарих ғылымы тас дәуірін «палеолит» (ерте полеолит, орта полеолит, кейінгі полеолит), «мезолит», «неолит» деп бірнеше кезеңге бөледі. Осы салаға қатысты дереккөздерді шола отырып, табылған заттардың мезолит дәуіріне келетінін аңдадық. Өйткені бұйымдардың жебеге ұқсас пішіндері ғылымның: «Мезолит (орта тас ғасыры, б.з.б. 12-5 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит дәуірінен кейін орта тас дәуірі (грекше «мезос» «орта» деген сөзден шыққан) мезолит дәуірі келді. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелгендіктен, осы дәуірдің ескерткіштері Қазақстан жерінен аз табылған. Қазақстанның ауа райы қүрт жылынып, мұздар еріді. ...Бірқатар жануар (мүйізтұмсықтар, мамонттар) құрып кетті, енді аңшылардың аулайтыны көбіне бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, кой, үйрек болды. Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы – садақ пен жебе. ...бұл ежелгі адамның шаруашылық өміріндегі түбірлі өзгерістерге жеткізді. Садақ пен жебеден басқа осы кезде микролиттер – ұшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды», – деп таңбаланған тұжырымымен сәйкес (Қараңыз: Уикипедия – ашық энциклопедиясы. «Қазақстан тарихы» атты тақырыптың «Қазақстан тас дәуірінің кезеңдерінде» деген тарауы).
Олжа бұйымдарды ғылымда жария болған жебелердің өзге де пішіндерімен салыстырып қарағанда, олармен ұқсастығына куә болдық.
Тарих пәні мұғалімі Қамбар Әділханов тапқан үшкір тас жебелер Сарыбұлақ маңайын бағзыдағы мезолит дәуірінің адамдары тіршілік қылған шығар деген ойға жетелейді. Мұны басқа да деректермен, пайым-тұжырымдармен қуаттап көрейік енді.
Тарих ғылымы тас ғасыры жәдігерлері табылған өңірлер деп Қазақстан территориясындағы мына жерлерді атап көрсетеді: Тоқсанбай, Көкжібек, Жағабұлақ, Темір, Қарғалы, Қаратомар, Иманбұрлық, Дамсы, Ырғыз, Қараторғай, Обалысай, Мұзбел, Қосқұдық, Батпақ , Зеленая балка, Қанай, Усть-Нарым, Арал тұрақтар тобы, Жиделі, Солтүстік Балқаш маңы тұрақтары, Қарақұдық, Бөріқазған, Тәңірқазған, Қараүңгір (Қараңыз: http://howhelp.ru/vysokie-tehnologii/tas-durndeg-azastan-6-sinip/.
Мінекей, тас дәуірі ескерткіштері табылған өңірлердің қатарында Қараторғай мен Ырғыз енген. Ал бұл жерлер Сарыбұлақпен шектесіп жатыр. Демек, табылған үшкір тас жебелердің мезолит кезеңіне тиесілі екенін аңдауға болады. Әрине, нақты тұжырым тас дәуірінің білгір мамандары үлесінде.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ ауылынан бұрында да талай жәдігер табылған-ды бала кезімізде. Бірақ оған ешкім мән бермеді...
Сонымен, ғылым әдебін сақтай отырып, адал ниетпен осы үшкір тас жебелердің бүге-шігесін маман зерттеушілер анықтаса һәм ауыл төңірегіне де шолу жасап, археологиялық зерттеу жүргізсе дейміз. Сөйтіп, туған өңірдің бір сыры ашылса, мұның тарих ғылымынан алар орны айрықша болмақ.
3. Мұғалжар таулары: петроглиф таңбалары, Ноғайлы дәуіріне қатысты жер-сулар
Сәңкібаев Мұздыбай есімді тарихқа құрметі ерекше сыйлас інім: «Бөке, Мұғалжар тауында ерте заманның таңбалары түсірілген тас үңгір бар көрінеді, көне түркі жазуларына ұқсас дейді көргендер, соған барып қайтсақ қалай қарайсың?» деген-ді бірде. Елең ете қалдым. Бұрын Орхон ескерткіштеріне қатысты бірер мақала жазып, басылымдарға жариялағанбыз-ды. Тіпті, осының соңына түсуге де ниеттеніп ек бір уақыттарда. Алайда түрлі жағдаймен жайына қалған болатын...
Дүйсенбіде (10. 10. 2022 жыл) Мұғалжар өңіріне бет түзедік. Аудан орталығы – Ембіге жеткен соң Мұздыбай Мұғалжар ауылдық округінің әкімі Әлімжан Қорғанбайдың көмегімен алдын ала хабарласып, жолбастауға келіскен Қартбай есімді азаматты (1966) жанымызға қосып алдық. Жемнің бойында туып-өскен. Өңірдің ой-шұқырын жақсы біледі. Бізге жол көрсетіп, әр қоныстың, бұрында өткен белгілі тұлғалардың тарихын баяндап, таныстырып келеді...
Келбеті көз тойғысыз Құндызды, Егіндікөл, Қамыстыкөл, Миялыкөл, Соркөл аталатын жерлерді басып өтіп, Төлеубұлақ делінетін мекендегі петроглиф таңбалары бар тас үңгірге ат басын тіредік. Тарихи бұл орын аудан орталығы Ембі қаласынан (дұрысы Жем.-Б.К.) 60-65 шақырым шамасында. Солтүстікте, сәл шығысқа таман.
Тас үңірге белгі орнатылған, онда былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасы. Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер ерте тас дәуірі. Ескерткіш мемлекет қорғауында». «Петроглифтер – тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі ғұмыр кешкен адамдардың аңшылық, балықшылық, т.б. тіршілік-кәсіптеріне қатысты наным-сенімдерінен, дүниетанымынан туған шығармашылық туындылар» делінеді ғылымда...
Үңгір көлемі 3x4 шаршы метр шамасында. Көз мөлшерімен алғанда. Кірер ауыздың биіктігі – 1 метрдей. Ортасына тақау тұсты 60-70 см деп жобаладық. Түкпір жағы мүлде тар. Тек еңбектеп барасың. Бажайлап қарағанда, тас үңірдің еденіне қашалып салынған белгілер «Күлтегін» жыры жазуларына ұқсамайды. Өзгеше. Мұздыбай таңбаларды түгелдей фотоға түсіріп шықты.
Қартбайдың айтуынша, өткен жылы (2021 жыл) Ә. Марғұлан атындағы археология институтынан құрылған экспедиция Төлеубұлақтағы петроглифтер таңбаланған осы үңгірге арнайы келіп, бірнеше күн барлау жасаған, зерттеулер жүргізген. Әрі қарай жалғастырамыз депті кетер кездерінде...
Бет түзеген келесі бағытымыз – Айрық. Атақты Мұғалжар тауларының ең еңселі тұсының бір есімі. Биіктігі – 634 метр. Аудан орталығынан отыз шақырым, оңтүстік-шығысында. Жергілікті жұрт осы күні сонау Алтын Орда заманынан келе жатқан ежелгі атын ұмытқан. «Два Брата» немесе «Маяк» дейді екен. Тарихты тәрк еткен құлдық сананың әдетімен келімсектердің ығына жығылып, осылай атауға дағдыланып кеткен...
«Айрық» топонимикасы көне деректерде «Урукъ» деп түзілген. Айғақ берейік бұған, қолымыздағы «Книга большему чертежу или древняя карта Россійскаго государства, поновленная въ розряде и списанная въ книгу 1627 года» деп аталатын еңбекте былай жазылған: «А отъ Синево моря 300 верстъ Урукъ гора; въ доль Урукъ горы 90 верстъ изъ горы потекли три реки: река Воръ, течетъ въ реку въ Яикъ въ ночь; река Иргызъ течетъ въ озеро Акбашлы [Акбашль] на востокъ; река Гемъ течетъ на полдни къ Хвалимскому морю, и пала не дошедъ до моря въ озеро».
Мұндағы «Синево моря» деп отырғаны – Арал теңізі. Ертеректе қазақтар «Көк теңіз» деп те атаған дейді кейбір дереккөздерде. Осыған қарап, жат жұрттықтардың атауды аудармасы бойынша бергенін пайымдауға болады. Ал «Воръ» Ор, «Иргызъ» Ырғыз, «Гемъ» Жем өзендері. Мұндағы баян етілген арақашықтықтар шамасы дұрыс, аталған сулардың Мұғалжар тауларынан, Айырықтан бастау алатыны да анық, әлі солай.
Жаңа жоғарыда келтірген мәліметтегі «...река Гемъ течетъ на полдни къ Хвалимскому морю, и пала не дошедъ до моря въ озеро» деп түзілген сөйлемдер «Советская историческая энциклопедия» атты еңбекте «Хвалын теңізі немесе Хвалис теңізі» атаулары Каспий теңізінде сауда жасаған Хорезм тұрғындарының атына байланысты» делініп түсіндіріледі. Сондай-ақ деректе келтірілген Жем суының ағысы Каспий теңізіне тақалып іркілетіні, құймайтын қалпы осы күні де өзгермеген, көпке аян жайт...
Жемнің негізгі басы Мұғалжар тауларының етегіндегі Қызыладыр деген жерден басталады. Бұл – әлгінде айтқан петроглифтер таңбаланған үңгір орналасқан Төлеубұлаққа тақау тұс.
Жем тағы бір бастау-көзін Айрықтан алады екен. Аталған таудың төменгі жағынан беріректе су алабы жасалған. Етекке қарай құлаған ондаған бұлақ сонда тоғысып, шалқар көлге айналған. Көрінісі әсем... Көктемде, күзде шлюз ашылып, су жіберіліп тұрады екен. Жем өзеніне түйісіп, құйылатын тұсқа дейін бір арнамен аққан осы бұлақ сулары «Әулие» деген атауды иеленген, ұзындығы 30-35 шақырымдай.
Айрықтың тарихы Ноғайлы дәуіріндегі тұлғалармен байланысты болғанымен де ерекшеленеді. Айғақ ұсынайық, «1492 г., лето – Доставка к Ивану III послания из Казани от ставленника Москвы Мухаммед-Амин-хана» деген тақырыппен жазылған архивтік деректерде былай түзілген: «...Ино уж осле тово приехали мои люди из Нагай, а сказывают так: Апаса князь на Урухе горе, а Мысу мырзу на Оре месте, а Ямгурчей мурза на Емь аяге на Беле озере, а пят мырз на Каргале Илеке, а Едисан со князем Опасом вместе».
Мұндағы есімдері аталған Апас – Ер Едігенің туған немересі. Нұраддиннің ұлы. Ал Мыса дегені Мұса. Ямгурчейі Жаңбыршы. Ұғынықты болсын, әлі де ашыңқырай түсейік бұларды.
Жалайыр Қадырғали би Қосымұлы барша түркі жұртына белгілі өзінің шежіре-жазбасында: «Нұраддин мырзаның ұлдары Афас, Оқас, Хуразми еді. Мансур би қаза болған соң Афас би болды. Атасының інісі Қази бидің ұлысын сол биледі. Содан соң Оқас би болды. Біраз уақытқа дейін ұлысты сол биледі. Қырық тоғыз жасында өмірден қайтты. Афас би сексен жасында қаза болды.
Оқастың ұлдары Мұса, Ямғұрчи еді. Атасынан соң Мұса би болды. Ұлысты сол биледі. Ямғұрчи ағасының көзі тірісінде би болды. Содан Хуразми би болды. Мұса Ямғұрчымен бір анадан туған еді...» – деп таңбалап кеткен. Сонда Мұса, Жаңбыршы – Апаспен немере бауыр.
Айта кетейік, алуан түрдегі тастардан құралып, бір-бірімен иық тіресе жалғасып жатқан Мұғалжар таулары ішінің көрнісі тіпті ерекше. Айнала бұлақтың көзі. Әр тұста шоқталып өскен қайыңдар, теректер. Отты... Табиғаты өз алдына бөлек әңгіме.
Исі кәуірді ғұмырының соңына дейін тұқыртып, тізерлетіп құлдық ұрғыздырған Алтын Орданың даңқты билеушісі Ер Едігенің немересі, асылдың тұқымы Апас би бір уақыттарда мекен еткен Айрықты, Жем бойын, Мұғалжар тауларын һәм тас дәуірінің белгісі қалған үңгірді аралап, таным-білімімізді аз-кем болса да осылайша кеңейтіп қайттық. Соларды ортаға салып отырған жайымыз еді бұл...
Қайсыбірін айтып тауысайық, Ақтөбе – осындай тарихи ғажайыптары мол өңір. Ал ортаға салып отырғанымыз солардың мыңнан бірі ғана!
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы