1316
Рақымшылық туралы заң: кімге – кешірім, кімге – жаза?
Рақымшылық туралы заң: кімге – кешірім, кімге – жаза?
Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін айыпталып, істі болғандарға кешірім беріле бастады. Бұған дейін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға бірреттік рақымшылық жариялайтынын мәлімдеген болатын.
Кімдерге рақымшылық беріледі? Кімдер оған ілікпейді? Рақымшылық беру қандай талаптарға негізделді?
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасы жеңілдейтінін айтқан болатын. Сөйтіп, оларға бірреттік рақымшылық жасау туралы шешім қабылданды.
– Қасіретті Қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды, – деген Президент рақымшылық беру туралы шешім көптің тілегі мен өтінішін ескере отырып қабылданғанын айтып өтті. Үкіметтің бірлескен отырысында да бұл шешімнің негізгі себептеріне тоқталды.
– Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым, – деп мәлімдеді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сөйтіп 2022 жылғы 2 қарашада «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Оған дейін заң жобасы әзірленіп, Сенат пен Мәжілістің қарауынан өткен болатын.
Яғни, «құжаттың негізгі мақсаты – 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде арандатушылар ықпалына түсіп, қылмыстық әрекет жасаған адамдарды жазалау мерзімін қысқарту және жазасын өтеуден босату».
Рақымшылыққа қанша адам ілігеді?
Бұған дейін Сенат депутаты Владимир Волков Қаңтар оқиғасы бойынша 1,5 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілінгенін айтқан еді.
– Бүгінде Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 1 112 адамның 128-і ғана бас бостандығынан айырылды. Заң қабылданғаннан кейін 40-тан аса адам, алдағы жарты жылда 50-ге жуық адам қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылады, – деді Владимир Волков.
Сенатор сотталғандарға рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әр адам үшін жеке қабылдайтынын баса айтты.
– Ауыр қылмыс жасаған 363 адамға қатысты (тергеліп жатқан және сотта қаралған істер бойынша) жаза тағайындау кезінде рақымшылық беріледі, – деді сенатор.
Бірақ тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар басты фигуранттар, сондай-ақ мемлекетке сатқындық жасады және билікті күшпен басып алуға тырысты деп айыпталып отырғандар рақымшылыққа ілікпейді.
7 қарашада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның бірінші қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов істі болғандарға рақымшылық беріле бастағанын мәлімдеді.
– Қазір жазаны атқарушы органдар сотқа 878 сотталушыға қатысты мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныс енгізді. Тергеу органдары сотқа дейінгі сатыда орташа ауыр қылмыс жасады деген 5 күдіктінің ісін тоқтатты, – деді Елдос Қилымжанов.
Ресми мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеу тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде: терроризм фактілері бойынша – 27 іс; тәртіпсіздіктер бойынша – 131 іс; кісі өлтіру бойынша 146 сотқа дейінгі тергеу тіркеген. 1612 адам күдікті деп танылса, оның 787-сі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталған. Ұсталғандардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 41 мүшесі бар. Сондай-ақ 126 адам кісі өлтіру, ұрлық және тонау бойынша істі болған.
Абзал ҚҰСПАН,
заңгер, Қаңтар оқиғасына байланысты құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі:
Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан ақпан айынан бастап айтыла бастады
– Жалпы, бізде қылмыстық іс бойынша қылмыстар төрт санатқа бөлінеді: онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр. Осы төрт категориядағы «Рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар» деген 2-бап бар. Сол бапта көрсетілген қылмыстардан басқасының барлығына Рақымшылық заңы қолданылатын болады (2-бап. Рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар: 1) террористік қылмыстар жасаған; 2) экстремистік қылмыстар жасаған; 3) азаптаулар жасаған; 4) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар жасаған адамдарға, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда; 5) мемлекетке опасыздық жасаған; 6) сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған; 7) жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жасаған адамдарға, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайды қоспағанда; 8) жаза қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде тағайындалған адамдарға қолданылмайды).
Бірақ оның қолданылуының өз ерекшелігі бар. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстық істер бойынша рақымшылық толығымен қолданылады. Яғни, мұндай санаттағы қылмыстық істер егер шектеулерге сәйкес келмесе, мен көрсетіп отырған 8 бапқа сәйкес келмесе, онда толығымен жазадын босатылып, соттылығы жойылады.
Ал ауыр санаттағы қылмыстардың төрттен үш бөлігі қысқартылады, аса ауыр санаттағы қылмыстық істердің төрттен екі бөлігі, яғни 50 пайыз жазасы қысқартылады. Түсінікті болуы үшін айтайын, мысалы 272 баптың 2 бөлігі үкім шығады, ол ауыр санаттағы қылмыстардың қатарына жатады. Тағайындалған 4 жылдың 3 жылын алып тастап, 1 жылын қалдырады. Егер ол қаңтардан бері қамауда отырған болса, қамаудағы әр күні бір жарым күн болып есептеледі де, ол сот залынан босатылып кетеді. Бұған да рақымшылық заңы қолданылды деп есептеледі. Бірақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстар сияқты толығымен орындалмайды, ішінара қолданылады. Заң тілімен айтқанда, жазасы қысқартылады.
Біз – «Аманат» комиссиясы осы заңның қабылдануына мұрындық болған бірден-бір қоғамдық ұйымбыз. Биыл 24 қаңтардан бастап тергеу изоляторы жағдайында 600-ге жуық азаматпен жеке кездесіп, әңгімелескен екенбіз. Олардың тума-туыс қорғаушыларымен өткізген кездесулерді есептемегеннің өзінде. Көпшілік тарапынан бұл ұсыныс ақпан айынан бастап айтыла бастады. «Біз әу баста осы бейбіт митингіге деп шықтық, ғимараттарды өртейік, бүлдірейік деп немесе басқа да қылмыс жасайық деген ой басымызда болған жоқ. Дегенмен арамызға арандатушылар кіріп кетті. Нәтижесінде, арты осындай ауыр салдарға әкеп соқты. Сондықтан мемлекет бізді кешірсін» деген мазмұндағы ұсыныс іште отырған азаматтардың өз аузымен айтылды. Сондықтан біз биылғы ақпан айынан бастап осы рақымшылық жариялау туралы ұсыныстарымызды енгізе бастадық. Яғни, Жолдауға дейін тікелей біздің атсалысуымызбен бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтып өткім келеді. Кейін осы заң жобасын талқылауға байланысты жұмыс тобына да біз араластық. Сондықтан бұл шешім қысқа уақытта қабылданған жоқ. Бірақ жасалған қылмыстар – ұсақ-түйек, жеңіл қылмыстар емес, үлкен зардаптарға әкелген қылмыстар. Меншік иелеріне келтірілген экономикалық шығындардың өзі 100 миллиардтан асады. Бұл – оқиғаның жаппай сипат алуына байланысты және заңның басында айтылғандай, қоғамдық келісім мен татулықты қалыптастыру мақсатында қабылданған заң.
Қазір біз Алматы қаласы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әу баста Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыс жасады деп ұсталған, қамауға алынған азаматтардың ішінен 85 адамның қылмыстық ісін қысқартуға қол жеткіздік. Бұл осы Аманат комиссиясының және азаматтардың қорғаушылары, туыстарының белсенділігінің нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Жалпы, ел бойынша 5 300-дей қылмыстық факт тіркелген оның ішінде 1 600 адам анықталып, тергеу жүргізілген, соның 1 500-нің босап шығуға мүмкіндігі бар. Тек қана рақымшылық заңымен емес, сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық істі тоқтатуға да қол жеткізіп отырған жайымыз бар. Жалпы статистика күнде өзгеріп жатыр. Нақты қанша екенін қазір тап басып айту қиын.
Ал ақтау деген ұғым тек сот үкіміне байланысты қолданылады. Сот арқылы ақтау үкімдері әзір шыға қойған жоқ. Себебі істер сотқа енді-енді жетіп жатыр.