17 жасар Жансая Адыханова Универсиадаға тас-түйін дайын

17 жасар Жансая Адыханова Универсиадаға тас-түйін дайын

17 жасар Жансая Адыханова Универсиадаға тас-түйін дайын
ашық дереккөзі
284

Алматыдағы Қысқы универсиада ойындарында еліміздің намысын қорғайтын 17 жасар қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Жансая Адыханованың болашағынан үміт көп. Ол ересектер арасындағы жарысқа алғаш қатысып, бақ сынайды. Алайда жігерлі жастың ешбір қиындықтан тайсалмайтындығы қуантады.

«Спорттағы мансабымды кеш, яғни 11 жасымда бастадым», – деген Жансая Адыханованы мәнерлеп сырғанауға анасы әкеліпті. Міне, содан бері бұл спорт түрі Жансаяның оң жамбасына келіп, биіктерді бағындыра бастады. Тіпті, оның алдағы Универсиада ойындарына қатысу һәм қатыспау мәселесі әу баста бұлыңғыр болған. «Мектепке 5 жасымда барып, 16 жасымда тәмамдадым. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студентімін. 30 желтоқсанда 17-ге толдым. Жас шектелімі бойынша универсиадаға өтетінім белгілі болғанда, жарыстарға дайындала бастадық. Санкт-Петербургтегі спорт шараларына қатыстым, Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, оның қорытындысы бойынша Универсиадаға іліктім. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарда  екі маусым бойы Гран-при сериясындағы кезеңдерге, түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келдім. Ересектер арасындағы жарыс ішінде бұл менің алғашқы бақ сынауым», – дейді Жансая.

Алдын ала жасалған болжамға сенсек, Универсиада ойындарында еліміздің қоржыны мәнерлеп сырғанаушылардың есебінен толықпақшы.   Оның көшбасында еліміздің атын әлемге танытып жүрген мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің болуы да кейінгі жастарға үлгі. 17 жасар мәнерлеп сырғанаушы Жансая Адыханованың да: «Қазақстанның әлемдік сахнадағы мәнерлеп сырғанаудағы басты жетістіктері Денис Теннің есімімен байланысты» деп ағынан жарылуы бекер емес. «Әр мәнерлеп сырғанаушының өзіне ғана тән стилі бар. Әлем чемпионы және Гран-при финалының жеңімпазы ресейлік Евгения Медведеваның мұзда сырғанайтыны қатты ұнайды. Ал мәнерлеп сырғанаудың қалыптасқан дәстүрі бойынша Ресей мен Жапонияның мектептері өте мықты», – дейді ол.

Ал «Жансая Адыханова дүбірлі спорт додасында қандай бағдарламамен өнер көрсетеді?» деген сұрақ кім-кімді де қызықтыратыны сөзсіз. Ол «Ромео және Джульетта» рок-операсына қатысты тақырып аясында қысқа бағдарламада және «Ақшыл көк көйлектегі ханым» (Дама в лиловом) фильмінің музыкасымен еркін бағдарламада өнер көрсетеді.

 Сондай-ақ, әйелдер арасындағы жеке разрядта Универсиада кезінде Қазақстан намысын Жансая Адыхановаға қоса, Айза Иманбек және Вероника Шевелева қорғамақ.  Ал ерлер арасында Денис Тен, Абзал Рақымғалиев және Артур Панихин өнер көрсетеді. Біз де спортшылардың байрақты бәсекеде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз!

Серіктес жаңалықтары