52535
Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым
Гүлжан ТАЛПАҚОВА, Халық әртісі: 32 жасымда Халық әртісі атанамын деп ойламадым
Қазақ би өнерінің негізін салған Шара Жиенқұлова десек, оның шәкірті болған Гүлжан Талпақова да қазақ биін әлемге танытқан тұлға. Ол жер шарындағы түрлі ұлт өкілдерінің биін билейтін. Халықаралық фестивальдардан жүлдемен оралып, Америка, Азия, Африка және Еуропа құрлығында болды. Осылайша, әлемнің елуден астам елінде мың бұрала билеп, ұлттық өнерімізді әлемге паш етті. Шара Жиенқұлованың шәкірті, небәрі 32 жасында «Халық әртісі» атанған қазақ биінің ханшайымы Гүлжан Талпақовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Алдымен туған жеріңіз, өскен ортаңыз, би өнеріне қалай келгеніңіз туралы айтып беріңізші.
– Туған жерім – бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласы. Би өнеріне кішкентай кезімнен қызықтым, мектепте би үйірмесіне бардым. 6 жасымнан бастап биледім. Бала арманым алысқа жетелейтін. «Қалайда биші боламын» деген ойымды ата-анама айтқан кезде қарсы болды. «Кейін жұмыс істейтіндей басқа мамандық таңда» деді. Мен жылап, айтқанымнан қайтпай қойдым. Ауылда қарапайым тіршілік кешіп жатқан отбасымыз. Менен үлкен сахнада өнер көрсететін биші шығады деп ойламаса керек.
– Табандылығыңыздың арқасында бала күнгі арманыңызға жеттіңіз. 52 мемлекетте болып, әйгілі сахналарда өнер көрсеттіңіз. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болып, «Халық әртісі» атағын алдыңыз. Бұл биші ретінде Сіздің бақытты сәттеріңіз ғой.
– Әрине. Би – менің ең сүйікті ісім. Атыраудағы Эстрада-цирк студиясын бітіргеннен кейін Болгария астанасы София қаласында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестиваліне қатыстым. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының бишісі ретінде халық биі «Айжан қызды» орындап, фестивальдың лауреаты атағына және күміс медальға ие болдым. Мәскеуде оқып, сол жақта жұмыс істедім. Сосын мені Госконцертке жұмысқа алды. Ол кезде Қазконцерт, Армянконцерт, Москонцерт, Өзбекконцерт және басқалары Госконцертке қарайтын. Қазіргі Қазақконцерт ол кезде Москонцерт болатын. Госконцерт шетелге шығып өнер көрсететін ансамбль құратын болып, өнерлі жастарды іріктеді. Соның құрамына алынып, Азияның атынан өнер көрсеттім. Осылайша, әлем сахналарында түрлі ұлттың (өзбек, орыс, хорезм, армян және т.б.) соның ішінде әрине, көбіне қазақ биін биледім. Түрлі ұлт өкілдерінің арасында жалғыз қазақ қызы болып өнер көрсеттім.
Жиырма бір жасымда «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртісі» атандым. Бұл атақты алуыма Болгариядағы жетістігімнің септігі тиді. Мәдениет министрлігі де марапаттады. «Огонек», «Совет лайф», «Парасат» және басқа да көптеген газет-журналдың мұқабасына шығарды. 1981 жылы Американың тоғыз штатында өнер көрсеттім. Америкалық журналдың да мұқабасына шығарды. «Нью Йорк Таймстан» бастап Американың біраз басылымы біздің жетістігіміз туралы жазды. Ол кезде «Ерке бала» биін биледім. Музыкасын әйгілі күйші, дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиев ағамыз арнайы жазды. Америкадағы гастролім ойдағыдай өтіп, еліме оралғанда қуанышым еселене түсті. Бүкіл БАҚ өкілдері күтіп алды. Дінмұхаммед Қонаев ағамыз қабылдады. Ол кісі жақсы өнер көрсеткенімді айтып, құттықтаған соң «Таңертең саған «Халық әртісі» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым» деді. Отыз екі жасымда «Қазақ КСР Халық әртісі» атанамын деп ойлады дейсіз бе?! Шыға салып, сенер-сенбесімді білмей, көз жасыма ерік бергенім есімде. Одан кейін министр де қабылдады.
Ал өзім бірінші Равиль Шырдабаевқа хабарластым. Ол Атырау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын.
Кейін Дінмұхаммед Қонаев ағамызды үйге қонаққа шақырдым. Бибігүл Төлегенова апамыз, әнші Нұрғали Нүсіпжанов келіп, жақсы отырыс болды. Үйде рояль бар еді. Бибігүл апа рояльда ойнап, Дінмұхаммед Қонаев ағамызбен қосылып ән айтты. Димаш ағамыздың ән айтқанын көріп, «шығармашылыққа жақын адам екен ғой» деп таңғалдым. Ол уақытта қазіргідей телефон болмағаны өкінішті. Видеоға түсіріп алатын едік. Суреттеріміз бар.
– Қазақ би өнерінің негізін салған Халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті болғаныңызды білеміз. Ол кісімен қалай таныстыңыз?
– 1965 жылы Атырауға Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызы келіп, эстрада-цирк студиясын ашты. Кейін ол кісі менің енем болды, ұлына тұрмысқа шықтым. Сол кезде жастардың өнерін тамашалап, іріктеуден өткізген болатын. Вокалист, домбырашы, бишілер Халық әртісінің алдында барымызды салып, өнер көрсеттік. Мен балет биледім. Осыдан кейін он шақты өнерпазды Алматыға алып кетті. Сол кезде Шара Жиенқұлова да болды. Ол қазақша би үйретіп, сабақ берді. Шара апамен солай кездестім.
– Сізді бірінші көргенде не айтқаны есіңізде ме?
– Иә. Өнерімді тамашалап болғаннан кейін «Жақсы. Сенен биші шығады. Қолың өте әдемі» деді. Ол кезде небәрі он алты жастамын. Үйге келіп Шара Жиенқұлованың алдында өнер көрсеткенімді қуана жеткіздім. Ата-анам бәрібір көнбеді. «Қалай биші боласың? Биші деген сұлу болуы керек қой» дейді. Сөйтіп, әрең жіберген. Осылайша, іріктеуден өткен жастар арман қуып Атыраудан Алматыға аттандық.
Кейін Шара апамен көрші тұрып, өмірден өткенше жақын араластық. Ол кісі ұлымен бірге бесінші қабатта, ал біз үшінші қабатта тұрдық.
– «Би падишасы» атанған сахнаның еркесі өмірде қандай адам еді?
– Хореографиялық училище туралы түрлі әңгіме айтылады. Негізі, ол Шара Жиенқұлованың бастамасымен салынған. Дінмұхаммед Қонаевқа айтып, арнайы қаражат бөлдіріп, құрылыстың басы-қасында жүрген, алғаш училищені салдырған Шара Жиенқұлова болатын. Ал мінезіне келсек, өте нәзік, жүрегі жұмсақ жан еді. Ұрысу, айқайлау дегенді білмейтін. Біз Мәскеудегі мектептен өттік қой. Ол жақта тәртіп өте қатал болды. Оған кез келген адам шыдай алмайтын. Жалпы, қай жақта болсын, бидегі мұғалімдеріміздің барлығы дерлік қатал еді. Шара апа олардың арасынан мінезінің жұмсақтығымен ерекшеленетін. Күлкісі сондай нәзік, әдемі. Көп сөйлемейтін, үндемейтін. Педагог ретінде бізбен өте жылы қарым-қатынаста болды. Біз жас болдық қой. Он сегіз, он алты жастамыз. Ауылдан келгенбіз, көп нәрседен хабарымыз жоқ. Бетінен қақпайын деп, бізбен жылы сөйлескен шығар деп ойлап қоямын. Шара апа хореографиялық училищенің дамуына көп еңбек сіңірді. Қазақ биінің негізін қалады, көптеген би қимылын ойлап тапты. Мәселен, «Бүркіт», «Ұйыршық», «Өрнек», «Құсмұрын» және тағы басқалар. Шара Жиенқұлованың 1930-1937 жылдардағы «Ұйыршық», «Киіз басу» билері керемет шыққан. Оның билері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен астасып жатыр. Бұл әдемі көрініске сырттай қарап, сүйсінбеу мүмкін емес еді. Ат жарысы, домбыра шерткен адам, ұршық үйіру, киіз басу. Осының бәрін қимылмен, образбен көрсетті. Бәрін өзі ойлап тапты. Оның билері кітапқа енді.
– Биші қимыл-қозғалысы арқылы көркем образды көрерменге жеткізеді. Осы орайда дене сымбатын сақтау үшін арнайы диета ұстадыңыздар ма?
– Әрине, диета ұстау міндетті болды. Ұннан жасалған тағамдарды, тәтті, бәліш, торт жеуге тыйым салынды. Тек қайнатылған ет, ірімшік, қызанақ, қияр жейтінбіз. Өйткені артық бірдеңе жесеңіз болды, буын, тізе дұрыс икемге келмей, демалуыңыз қиындайды. Сосын билей алмайсыз. Қатаң диетамен жүретінбіз. Ал қазір бәрін жей беремін. Қазы, қарта, майды да жақсы көремін (күліп). Бұрын салмағым қырық тоғыз болса, қазір сексен келі. Сонда да шаш бояп, бетімізге маска жасап, өзімізді күтеміз ғой. Әдемі болып жүргенді жақсы көремін. Адамдар қарапайым әйел емес, сахнаның адамы ретінде қарайды. Қазір де жүрген жерімде «Гүлжан апа» деп танып жататындар бар. «Билегеніңізді теледидардан көрген едік. Әкем, анам сіздің өнеріңізге тәнті болған» деп айтып жатады. Рақмет, бәріне.
– Кәсіби биші болудың қызығы мен қиындығы туралы не айтар едіңіз?
– Биші болу өте қиын. Шыдамдылықты, ұқыптылықты талап етеді. Аптасына бір рет, жексенбіде ғана демалатынбыз. Қалған алты күн бойы үздіксіз дайындық жүреді. Шаршап тұрсың ба, өзіңді жаман сезініп тұрсың ба, көңіл күйің болмай тұр ма, тәтті нәрсе жеп қойдың ба, ұйқың келіп тұр ма, ауырып тұрсың ба, мұның бәріне қарамай, дайындыққа баруың керек. Күн сайын дайындық. Аяқтан, қолдан, тізеден ештеңе қалмайды ғой. Еңбек, еңбек және еңбек. Құласаң, балетмейстер, педагогтен ұрыс естисің. Би қойғанда бір жерін дұрыс істемесең, қатты ұрысады. Жылайсың. Сосын әрі қарай жалғастырасың.
Балет әртісі болу – үлкен еңбек. Алайда сахнаға шығып, қаншама адамның алдында өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметін сезгенде мұның бәрін бекер жасамағаныңды түсінесің. Өнер адамының бақыты осы ғой! Қазір жас келді, жетпіс бестемін. Сізге шынымды айтайыншы, теледидардан бишілердің билегенін көріп, кәдімгідей жылаймын.
– Неге?
– «Шіркін, қазір билесем ғой» деймін. Бұрын мата қат болатын. Қазіргідей сан түрлі әшекей, аң терілері, матаның түр-түрі болмады ғой. Қажетті дүниелерді қалалық партия комитетінен алатынбыз. Көйлекке, қамзолға қанша мата кетеді? Бәрін өлшеп береді. Ал қазір базарға барсаңыз, бәрі толып тұр. Не керек, бәрін табасыз. Би мектебі де жақсы дамып келе жатыр. Мықты балетмейстерлер шығып жатыр. Костюмдері қандай әдемі! Қазір өнерді дамытуға барлық мүмкіндік бар.
– Қазіргідей той-жиындарда өнер көрсеткен сәттеріңіз болды ма?
– О не дегеніңіз! Біз үшін тойда, мейрамханада өнер көрсету ұят саналатын. Кәсіби талап қойылды, тек сахнада биледік. Қазір заман, уақыт басқа. Ешкімді кінәламаймын. Ол уақытта қазіргідей телефон болған жоқ. Бір көшеде бір ғана теледидар болатын. Бүгінде бәрі бар ғой.
Жылына он бес, он сегіз тегін концерт қоятынбыз. Сондай талап қойылды. Қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйіне барамыз.
– Қазір де өнерден алыстамай, жастарға тәжірибеңізді бөлісіп жүргеніңізді байқаймыз.
– Балетмейстерлерге шеберлік сағатын өткізіп тұрамын. Үлкен кездесулер болады. Грузия, Мәскеу, Беларусьтен келген және еліміздегі өнерпаздарға білгенімді үйретуге тырысамын. Кәсібилігі жоғары деңгейде болса дейміз. Осы орайда үнемі қолдау білдіріп келе жатқан Атырау облысы әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Қалалық әкімдік те көмегін аямайды. Ризамын.
– Өзіңізге қатысты бір жағдай туралы сұрасам ренжімейсіз бе?
– Ренжімеймін, айта беріңіз.
– Сіз жайлы естелік оқыған едім. Ол жерде күйеуіңіз кетіп қалса да, ата-енеңізді бағып, екеуін де ақтық сапарға шығарып салғаныңыз жазылған. Солай болғаны рас па?
– Мен жайлы мұндай естелік жазылғанынан бейхабар екенмін. Айтып отырғаныңыз рас. Ол оқиғаны еске алған ауыр, әрине. Жолдасым менімен бірге жүрген құрбыммен кетті. Екі баламен қалдым, өмір жалғаса берді. Анам (енесі) мен әкемді (қайын атасы) жақсы көрдім, ол кісілерден үйренгенім көп. Жасы келген шағында екеуі де сырқаттанып қалды. Екеуі де шарасыз күйге түскен еді. Екінші рет журналист Назымбек Боқаевпен бас қосқан болатынмын. Жолдасыммен ақылдасып, ойымды айттым. «Он сегіз жасымда осы кісілердің үйіне бардым. Ауылдан келген қызға, маған бәрін үйретті. Көпшілік ортада өзіңді қалай ұстау керек, қалай сөйлеу қажет, дастарқанды қалай жайнатып жаю керек, бәрін осы кісілерден үйрендім. Үйімізде Халық әртістері, қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалары қонақ болды. Енді мен осы кісілерге қараймын» дедім. Екінші жолдасым түсіністікпен қарап, қарсы болмады. Бәріміз бірге тұрдық. Әкем (қайын атасы) белгілі жазушы, журналист, белгілі аудармашы Әнуар Ипмағамбетов өте жақсы адам еді. Өкпе қатерлі ісігімен ауырды. Жылда Новосібірге апарып емдетіп келетінмін. Ақтық сапарға өзім шығарып салдым. Сексен алты жасында өмірден өтті. Бәрі көз алдымда. Мәдениет министрлігіне барайын деп жатқан едім. Неге екенін білмеймін, біртүрлі аяғым тартпай, барғым келмеді. Әкем: «Гүлжан, сені министрдің орынбасары қабылдайын деп жатыр ғой, бар тезірек. Он бес, жиырма минутта кабинетінде болуың керек. Қалып қойма» деді. Ал мен «Әке, бара алмай тұрмын, білмеймін, біртүрлі болып тұрмын. Барғым келмей тұр» дедім. Костюм, етігімді киіп алдым. Тағы да «Әке, жүрегім біртүрлі болып тұр, барғым келмейді» дедім. Сосын әкем төсегіне жатты да, мені шақырды. «Гүлжан, маған су әкеліп берші» деді. Үнемі қайнаған су ішетін. Қайнамаған су сұрады. Бір банкіні толтырып әкелуімді өтінді. «Әке, қайнамаған су ішпейтін едіңіз ғой» деп таңғалып жатырмын. Апардым. Көрпені жапты да, отыршы деді. Қолымды ұстап, «Анаң сені сондай жақсы көрді. Сен туралы көп айтатын. Маған ренжімейсің бе? Сен өте жақсы қызсың. Бәрі үшін рақмет саған. Қанша уақыт бойы мені бағып-қақтың. Хат жаздым, сосын оқырсың» деді. «Ренжіткен кезім болды ма?» деп қайта-қайта сұрайды. «Жоқ, не дегеніңіз, қандай реніш?» деп жылап отырмын. Қолымды сүйді де, демі үзілді. Көршім Гүлнара Татаеваны шақырдым. Қазір ол кісі өмірде бар. Кейін дәрігерлер келді.
Анам (енесі) Гүлжиһан Ғалиева тұңғыш Қазақ мемлекеттік циркінің іргетасын қалауға атсалысқан, Қазақстанның Халық әртісі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, ұлағатты ұстаз болған адам. Сырқаттанып, Алматыдағы «совмин» ауруханасында жатқанда қасында болдым. Үшінші күні жағдайы нашарлады. Өмірі қымыз ішпейтін адам, сол күні қымыз сұрады. Дәрігерлерді шақырдым. Қолымды ұстап жатып: «Рақмет жаным. Өмір өте қиын, сен ренжіме» деді. Ұлын меңзеген сияқты (көзіне жас алды).
Әкем (қайын атасы) өмірден өткенде қызым Айжан он алты жаста болатын. «Мама, «Біздің туған атамыз емес пе сонда?» деп сұрады. «Туған атаң» дедім. «Әкемнің әкесі емес пе?» деп тағы сұрады. «Жоқ. Өскен соң түсінесің, сол кезде айтамын» дедім...
– Өз ата-анаңыз білді ме, қалай қарады?
– Білді ғой, қолдады. «Жарайсың, дұрыс істеп жатырсың. Қолыңнан келген көмегіңді аяма. Құдайдан қайтады» деді.
– Балаларыңыздың ішінен жолыңызды қуып, биші болғандар бар ма?
– Жоқ. Ұлым Бақтияр – заңгер, қызым Айжан тігін тігеді, модельер, дизайнер. Негізі, ұлым классикалық балетті тамашалағанды жақсы көреді. Қазір бойы ұзын, бір метр, тоқсан төрт сантиметр. Аяғы, жүрісі әдемі. «Бақтияр, керемет әртіс болар едің» деп айтамын. Комиссия оны алты жасында балетке алғысы келген еді. Өзі «қыздардың колготкиін кимеймін, бармаймын» деп жылады. Сосын бермеген едім. Қазір өзі өкінеді. Маған «Алты жастағы бала не түсінеді? Мені неге тыңдадыңыз. Биге бергенде ғой...» дейді. Алматыға арнайы барып, балетті тамашалайды. Осы өнерге деген қызығушылығы зор. Отырыстарда ән айтып, билейді. Қазір Құдайға шүкір, сегіз немерем бар. Олар ән айтады, би билейді. «Әже, қараңыз» деп «Қамажайды» билегенін көрсетеді. Солардың арасынан бір биші шығып қалар ма екен деймін. Көреміз енді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ