50611
Робот жасаудан рекорд орнатқан оқушылар
Робот жасаудан рекорд орнатқан оқушылар
Жуырда Женевада өткен робототехника бойынша First Global Challenge бүкіләлемдік жарысында еліміздің атынан сынға түскен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жеңіспен оралды. 162 мемлекеттің оқушылары қатысқан білім сайысында жасөспірімдеріміз бәрінен оза шауып, балдық көрсеткіші бойынша қатарынан үш рет алдыңғы орынды бермей, рекорд орнатты.
Осылайша, біздің балалар дүниежүзілік жарыста бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, үздік ойын көрсеткені үшін Al Kharazwi номинациясын, өзге командаларға көмек көрсеткені үшін берілетін марапат – Safety Award номинациясын, сонымен қоса аталған жарыс төрешілерінің дәстүрлі түрде ең үздік құрастырылған робот үшін берілетін Judges award марапаты мен турнирдің басты жүлдесі – Grand challenge award марапатын иеленіп, еліміздің мерейін асқақтатты.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларды жеңісімен құттықтап, оларды дүниежүзілік додаға дайындаған жетекшілеріне, ата-аналарына алғыс айтты.
«Республика күні қарсаңында бізді жақсы жаңалықпен қуанттыңыздар. Өз жетістіктеріңіз арқылы басқа балаларды ынталандыратындарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ қолдау көрсеткен мұғалімдерге, жетекшілерге және дарынды балалардың ата-аналарына алғыс айтамын», – деді министр.
Осы орайда білім сайысында топ жарып, елімізге жарқын жеңіс сыйлаған оқушылар мен олардың жетекшісі жарыстан алған әсерімен, алдағы жоспарымен бөліскен еді.
Бекзат ӘМІРТАЙҰЛЫ, жетекші:
– Еліміздің жас робототехниктері әлемдік турнирде 160 мемлекеттің арасынан топ жарғаны баршамызға қуаныш сыйлады. Бұл турнирге алты айға жуық уақыт дайындалдық. Оқушыларымның ұйымшыл болып, 160 мемлекеттің командасы арасында өзара бақталастыққа бармай, өзге де командаларға көмектескені таңғаларлық жағдай. Сонымен қатар балалардың өзге мемлекетте ұлттық киімімізді киіп, көк байрағымызды желбіретіп жүргені көңіл қуантты. Балалар алдымен республикалык жарысқа 1 ай дайындалды. Республикалық жарыста жеңіске жеткеннен кейін әлемдік сайысқа әзірленді. Оқушыларым – 7-сыныптан бері робототехника жасап жүрген балалар. Тәжірибесі бар. Олар бұдан бұрын да өткен жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген. Міне, осы жолы әлемдік жарыста өздерін мойындатты. Республикалық жарыста қарапайым робот жасаған болатын. Робот жай жүрді, мықты дегенде 15 допты ғана ала алатын. Жарыста еш жерінен ақау байқалмады. Осыдан кейін республикалық жарысқа қатыскан роботтарға талдау жасап, әлемдік жарысқа қандай робот жасайтынымызды ойластық. Әрине, ол тез жүріп, өзіне көп шар алуы керек. Үшінші қабатқа көтерілуі қажет. Ең бастысы, жарыста сынбайтындай болуға тиіс. Өйткені робот қанша күшті болса да, жарыста сынып қалса, бәрі бекер. Роботты жинау, оны басқара білу шеберлікті, тапқырлықты, сонымен қатар білім мен шапшаңдықты талап етеді. Жарысқа сәттілікке сеніп, жай бара салуға болмайды. Істейтін жұмысыңның басынан аяғына дейін ойластыруың керек. Оқушыларым республикалық жарыста үздік шыққаннан кейін арқаны кеңге салмай, әлемдік додаға дайындалды. Енді дүниежүзілік жарыста жеңіп, рекорд орнатып келсек те, еркінсімей, ары қарай жұмыс істейміз. Алда үлкен жарыстар бар, соған дайындаламыз.Эльнур ХАЛМЕТОВ, 12-сынып оқушысы:
– Біз республикалық жарысқа жаздан бастап дайындалдық. Қыркүйектің басында қатысып, жеңіске жетіп, дүниежүзілік сайысқа жолдама алдық. Міне, одан да жеңіспен оралып отырмыз. Жалпы, робот құрастыру көп уақытты алады. Оны құрастыру алдында біз роботтың әр бөлігін қалай жасайтынын жоспарлап, тестілеуден өткіземіз. Соңында барлық бөлікті роботқа қойып, оны толығымен тексереміз. Біздің роботымыз ойын алаңында шашыраған доптарды жинап, оларды ойын алаңының шетінде тұрған компрессорларға түсіре алады. Матчтың соңында ойын алаңының ортасында тұрған платформалардың ең жоғарысына мінеді. Жарыста жеңімпаз атанып, көк Туымызды көтеріп, ортаға шыққан кезде керемет сезімде болдым. Әлемнің алдында еліңнің ең үздік екенін көру – сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсер. Болашақта mechanical engineering немесе electrical engineering оқып, елімнің дамуына үлес қосатын маман болғым келеді.Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМ, 10-сынып оқушысы:
– Дайындығымыздың жартысы роботты құрастыруға, ал қалғаны роботты тестілеуге жұмсалды. Негізі, робот құрастыру аса қиын емес, бірақ уақытты көп алатын процесс. Роботты толықтай жасау үшін алдымен Fusion 360 бағдарламасында әрбір деталін, дизайнын қарастырып, құрастыру керек. Содан кейін арнайы материалдар арқылы роботтың каркасын салып, электронды құралдарды қою қажет. Біздің роботымыздың басты ерекшелігі – ойын барысында carbon деп аталатын доптарды көп мөлшерде жинап, ұпай жинауы. Біз жеңімпаз болғанда, еңбегіміздің ақталғанына қуандым. Қазақтың туын Женевада желбіреткен қандай бақыт! Ерекше патриоттық сезім сыйлайды екен. Бізді робототехникаға үйретіп, әрдайым қолдау көрсетіп отырған жетекшіміз Бекзат ағайға алғыс айтамын. Болашақта мықты IT маманы және жасанды интеллект саласындағы researcher, яғни зерттеуші болғым келеді. Әлемдік ғылымға үлесімді қосып, жаңа технологияларды жасап табуға ниеттімін.Марғұлан ТҰРҒАНБЕК, 11-сынып оқушысы:
– Робот құрастыру процесі күрделі. Оның мінсіз жұмыс істеуі және берік болуы өте маңызды деп айтар едім. Әр тапсырма үшін бірнеше шешім бар. Олардың әрқайсысын тексеріп, ең жақсысын таңдау керек. Бұл көп уақытты алады. Әрине, жеңіске жеткенде мақтаныш сезімі болды. Өйткені біз осыған көп уақыт пен күш жұмсаған едік. Бұл жеңіске толықтай лайықтымыз деп ойлаймын. Болашақта mechanical design engineer мамандығы бойынша білім алып, елімізде робототехника саласын дамытуға ары қарай үлес қосқым келеді.
Дайындаған Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ