51208
Жастарға қатысты мәселелер назарымызда – Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы
Жастарға қатысты мәселелер назарымызда – Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы
Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идея күтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдап, аға буынның жастарға зор үміт артатынын жеткізген еді. Мемлекет басшысы жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек екенін тілге тиек еткен болатын. Әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек. Әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі қажет. Туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінеді. Бүгінгі жастардың бойынан осындай қасиеттерді көре аламыз ба? Оларды қандай мәселе толғандырады? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевқа хабарласқан едік.
– «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгерді. Жұмысына жаңа қарқынмен кіріскен «Жастар Рухы» қандай бастамаларды қолға алып жатыр?
– «Жастар Рухы» Жастар қанаты трансформациялаудан толықтай өтті. Қабылданған жаңа бағдарлама аясында түрлі бағыт аясында жаңа жобалар іске қосылды. Барлық өңірді қамтитын жобалар жүзеге асырылып, өз жемісін де беріп жатыр. Съезде Мемлекет басшысы атап өткен жастардың бойынан табылуы керек 3 қасиетті негізге ала отырып, жастармен жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, отансүйгіштікке баулитын Qaisar әскери-патриоттық жобасы жасөспірімдер мен жастар арасында ашық диалогтық алаңды, тарихи викториналар мен әскери-спорттық ойындарды қамтиды. Мұнда жастар Отанға деген сүйіспеншіліктен бөлек, ел тарихымен, әскери салада қызмет істеген, әлі де еңбек етіп жүрген батырларымызбен сұхбаттасып, танымын кеңейтеді.
Ал еңбекқорлық бағыты бойынша «ТазаLike» экологиялық жобасы еліміз бойынша жүзеге асып жатыр. ХХI ғасырда өскелең ұрпақты эко-белсенділікке баулыған жөн деп санаймыз. Сенбі күндері жастар бос уақытын сенбіліктерге, ағаш отырғызуға және эко шеберлік сыныптарына арнайды. Сондықта да «ТазаLike» уақытты тиімді пайдаланып, еңбекке тәрбиелейтін жоба деп айта аламыз.
Жастардың бойынан табылуы тиіс ең негізгі қасиет, құндылықтың бірі – білімге деген ұмтылыс. Білімді жас трендтегі жас деп айтсақ та болады. «Өрлеу» жобасы жастарды білімге баулып қана қоймай, тәжірибе жинақтап, оны іс жүзінде көрсетуге бағытталған. 17 облыс пен 3 қаладан 1 000 ментор пулы жасақталып, үйренемін деген жастарға қолдау көрсетіп жатыр.
Бұдан бөлек, жастармен ашық диалог арқылы тығыз байланыс орнату үшін Bir Tolqynda дискуссия алаңы, «Жастарға жұмыс» консалтинг орталықтары жұмыс істеп жатыр.
– Партия төрағасы жастар қанатының алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті атаған болатын. Соның бірі – жастар проблемаларының аймақтық картасын енгізу. Осы орайда еліміздегі жастар арасында кездесетін қандай өзекті мәселелерді атап өтер едіңіз?
– Жастарға қатысты мәселелер әрқашан өзектілігін жоғалтпаған. Жиырма өңірде жиырма түрлі мәселе кездеседі. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі назарда. Оларға берілетін баспана және студенттік жатақхана мәселесі де өзекті болып отыр. Әсіресе, кейінгі жылдары NEET санатындағы жастар мен оқу орындарындағы жатақхана жетіспеушілігі. Аймақтардың проблемалық картасы осы атап өткендерді негізге ала отырып әзірленеді. Әр мәселені шешудің тиісінше өз жолы болады. Жастар қанаты бұл міндеттерді нақты айқындап, алға қойған. Еліміздің әр аймағында көтеріліп жатқан мәселелер партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесте қаралады. Жас депуттаттар корпусы мүшелері де орталықтан бөлек, өңірлерде мәселе көтереді. Орталықтың назарынан тыс қалатын мәселелерді аймақтарда жас депутаттар көзден таса қылмауға тырысады. Проблемалар картасындағы әрбір пункт тиісті заң органдарына жолданатын болады.
– Жақында «Жастар Рухы» волонтерлеріне арналған фотокөрме өтті. Осы іс-шараның маңызы туралы айтып берсеңіз?
– Бұл сурет көрмесінің мақсаты – бүгінгі күннің батырлары атанған волонтерлерді халық арасында таныту, волонтерлікті жастар арасында дәріптеу, оларға көңіл бөлу. Тақырыпты да «Рухты волонтер» деп алдық. 4 негізгі бөлімнен тұратын көрмені елордамыздың халық көп шоғырланатын жерінде орналастырдық. Олар «Арыспен біргеміз», «Мақтааралға көмек», Biz Birgemiz және «Қостанайға көмек» деп аталды. Рухты волонтерлер қандай жағдай болмасын, халыққа көмектесу үшін әрдайым алдыңғы қатардан табылады. Волонтерлер – өздерінен бұрын тұрғындардың қамын шын жүректен ойлайтын жандар. Кейінгі жылдары елімізде болған төтенше жағдай кезінде олар күні-түні демей тұрғындардың игілігі үшін жұмыс істеді. Арыста болған жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы, Қостанайдағы өрт. Осы жағдайларда гуманитарлық көмек жинап, оны халыққа үйлестірді. Кей уақыттарда құрылыс жұмыстарына да атсалысты. Бұдан бөлек, қарттарға көмек, балалармен уақытты тиімді өткізу, экологиялық бағыттағы түрлі жобаны атқарады. Ақысыз жұмыс істейтін волонтерлер үшін осы сурет көрмесі ерекше ыстық екенін айтып өткіміз келеді. Суреттерден өзінің достарын, таныстарын көріп, қуанып жатқандар бар.
– Волонтерлер қатарына қосылғысы келетін жастар көп пе?
– Волонтер болу бір кедерде жарысқа айналса, қазір шын жүрегімен, өз қалауымен қатарға қосылғысы келетіндер саны көбейіп жатыр. Басында біразы ақысыз жұмыс істеуден қашса, қазір олар қуана-қуана көмекке келеді. Себебі жастарымыз ерікті болудың маңызын терең ұғынады. Жастардың бойында қалыптасқан мейірімділік пен еңбекқорлықты іс жүзінде көрсете алады. Қайырымды істерге достарын тартуға тырысады. Жастармен кездесулерде волонтер, белсенді боламын деген жастардан ұсыныстар түсіп жатады. Одан бөлек, Жастар қанатының әлеуметтік желілеріне, аймақтық филиалдарға хабарласып, волонтер қатарына қосылғысы келетінін айтқан жастарымыз көп. «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дегендей, әрине біз ұсыныс білдірген жастарды өз қатарымызға қосуға тырысамыз.
– Еліміздегі дарынды жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Осы бағытта арнайы жоба ұйымдастырылуы мүмкін бе?
– Дарынды жастарға қолдау көрсету үшін мемлекеттен арнайы гранттар бөлініп, жобалар жасалып жатыр. «Жастар Рухы» да шетте қалмай, таланттарымызға қолдау білдіруге тырысады. Атап айтсақ, жыл сайын ұйымдастырылатын Jastar Otanga! премиясы. Оның аясында республика көлемінде түрлі сала бойынша номинациялар қарастырылып, жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры бөлінеді.
Сондай-ақ біз өнерпаз домбырашыларды қолдау мақсатында «Қасиетті домбыра» республикалық байқауын жарияладық. Оны өткізудегі басты мақсат – қазақ мәдениетінің қазынасы ретінде домбыраның құндылығын сезіну және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту. Жеңімпаздарға арнайы ақшалай және бағалы сыйлықтар қарастырылады. «Домбырадағы ең үздік cover», «Үздік күйші» (төкпе күй), «Үздік күйші» (шертпе күй) номинациялары бойынша 3 жеңімпаз анықталады. Әр номинацияда бірінші, екінші, үшінші орындар қарастырылған. Дода 14 қазан мен 14 қараша аралығын қамтитын болады. Ізденемін деген жастарға бизнес, стартап, IT, медиа немесе өнер саласы болсын, түрлі байқау ұйымдастырылады.
– Әңгімеңізге рақмет!