50452
Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты мақсатымыз – себепсіз жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау
Болат ЖОЛАМАНҰЛЫ: Басты мақсатымыз – себепсіз жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау
Қазақ тарихындағы қасіретке толы беттердің бірі – ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін. Қилы кезеңде жүз мыңнан аса азамат жазықсыз жапа шексе, оның жиырма мыңы атылғаны айтылады. Енді оларды ақтап, тарихи әділдік орнату – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құру туралы бастама көтерілді. Бүгінде еліміз бойынша 11 жұмыс тобы құрылып, осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның 5- жұмыс тобының жетекшісі, Алматы энергетика және байланыс университеті Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлымен сұхбаттасып, қалалық комиссияның зерттеу жұмысы туралы сұрадық.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия алдына маңызды міндет қойылды. Сіз жетекшілік ететін топтың жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссия қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың 8 ақпанда қол қойып қабылдаған қаулысымен 9-жұмыс тобы құрылған болатын. Оның «Большевиктік-сталиндік биліктің шаруаларға қатысты күштеп ұжымдастыру, астық-ет дайындау және басқа саяси науқандар құрбандарын зерттеу, дайындау және қорытынды жасау, ақтау» бойынша 5-тобына жетекшілік жасау маған тапсырылды. Құрамымызда 4 комиссия мүшесі бар.
Зерттеуіміздің негізгі нысаны – Алматы қаласының саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде Қазақстанда 1928 –1934 жылдары саяси шаруашылық науқаны кезінде заңсыз жазаланған, оңалтуға жататын адамдардың санатын анықтау бағытында жұмыс жүргізу.
Астық-ет жинау науқанының барысы Қазақстан көлемінде біршама зерттелген. Ал Алматы қаласы бойынша қалалық архив қорларындағы құжаттармен зерделеу жұмысын жүйелеу, қорыту тың мәселе болмақ. Бір ғана Алматы қаласы бойынша астық жинау науқанына қатысты қылмыстық баптармен жазаланып, сотталған жүздеген шаруаның есімін анықтап, тағдырын толық танытуға мүмкіндік туып отыр.
Алматы қаласы 1920-1930 жылдардағы астық-ет дайындау, ұжымдастыру т.б. саяси науқандарының барысын қарастыруда қаланың территориялық-әкімшілік шеңберінің өзгерістерін негізге алуы керек. 1922 жылы Семиречье облысы Жетісу атанғанда қала маңындағы аудандар аумағындағы 3 789 шаруашылық тіркеліпті. Қазақ Орталық Атқару комитетінің 1926 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен республика әкімшілік-аумақтық құрылымы 18 губернияға бөлінгенде, Алматы қаласы Жетісу губерниясы мен Алматы уезінің әкімшілік орталығы болды. Сол кезден Алматының орталығына Үлкен станица, Татар және Жаңа слабодаларымен қоса, бау-бақшалар, өнеркәсіп учаскелері, саяжайлар т.б. қараған.
Қазақ ОАК 1925 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен дербес қалалар тізіміне кіріп, 1926 жылы 4 наурызда құрылған қалалық кеңес 1992 жылға дейін қызмет атқарған. 1928 жылдың 3 қыркүйегінен Алматы округі 21 ауданға бөлінгенде Алматы қаласы округ орталығына айналды. Алматы қаласының территориясында Ленин ауданы Кіші Алматы, Ленин станицалық кеңестері, Калинин болысының құрамына енген 15 станицалық және ауылдық кеңестерден құралды. Ауданның орталығы Алматы қаласы болды. Іле ауданы құрамына солтүстікке қарай орналасқан Сұлтан және Қазыналық тоғай ұйғыр ауылдары кірді. Ал Сөгеті ауданына Дала-Бутаков пен Қотырбұлақ ауылдары енді.
1929 жылғы 19 шілде айында Алматы Қазақ АКСР астанасына айналғанда алғашқы көштің легі басталды. Халық саны күрт өсіп, 1929 жылдың қаңтарында 48 379 адам болса, жылдың аяғында 71 мың адамға жеткен.
– Алғашқы көштен кейін қала халқының саны күрт өскенін айттыңыз. Тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі не еді?
– Қала тұрғындардың басым көпшілігінің негізгі күнкөріс көзі ретінде жеке қожалықтары болды. Әсіресе, Алматы қалалық кеңесіне қатысты ауылдық аймақтардың түгелдей дерлік егістік жерлері, бау-бақшасы болды. Мұнымен қоса, мал ұстаумен күнелткен. Олар салық төлеуші ретінде Алматы қалалық кеңесінің есебінде болды. Жоғарыдан жеткен сталиндік директива негізінде қатаң белгіленген жоспарды қалай болса да орындауда ауыртпалықтың бәрі осы шаруалардың мойнына түскенін көреміз. Сот істерінен байқағанымыз, 1928 жылдың 20 қаңтарынан бастап Алматы қаласы кеңесіне бағынышты шаруаларға әкімшілік және сот қысымы айтарлықтай күшейді. Наурыз айына дейін созылған астық дайындаудың зорлық-зомбылыққа толы бірінші кезеңі басталды. Содан кейін біраз құлдырау болды. Науқанның екінші толқыны 1928 жылдың сәуір айының басынан маусым айына дейін созылды.
Алматы қалалық кеңесінің ақпан-наурыз айында өткен мәжілістерінің күн тәртібінде мемлекетке астық өткізу ісі қаралып, оң өзгерістер болмаса жауапты қызметкерлерді жұмыстан босату, сөгіс жариялау, жазаға тарту туралы ескертулер жасалды. Бұл Сталиннің талаптарын орындағысы келмеген немесе олардың орындалуына енжар қараған коммунистердің партиялық жауапкершілікке ашық түрде тартылуы басқаларға сабақ болсын деген қорқыту әдістері еді. Мәселен, осы әкімшіліктің жұмысын қадағалайтын прокуратура құрылымы астық даярлау науқаны барысында жұмысын атқара алмағаны үшін 1929 жылдың екінші жартысында 7 прокурор, 6 прокурордың орынбасары, 18 прокурордың көмекшісі, 6 округтік сот төрағасы, 7 округтік сот төрағасының орынбасарлары және оннан астам округ сотының мүшелері, барлығы қызметінен босатылғанын хабарлаған.
Алматы қалалық кеңесі астық науқанын ұйымдастыруды қожалықтармен тиімді жүргізу үшін Алматы қаласын 16 ауданға бөліп, «үштіктер» белгілеген нұсқау негізінде жұмысын жандандырды. Астық даярлауға қолқабыс беретін Комсодтар (Нан дайындауға жәрдем беру комитеті) құрылды. Оның құрамына мекемелердің қызметкер комсомолдары, белсенді жастар, студенттер де тартылды. Астық дайындау аудандарына орта есеппен 5-15 адамды (ОГПУ қызметкерлері, уәкілдер) жіберді. Олардың жұмысы бөлінген аудандар бойынша бекітілген тізім арқылы астыққа қатысты міндетін өтемеген қожалықтарды тексеру болатын. Кейде белсенділер ОГПУ-ді күтпестен өздері қай шаруашылықтың кулак екенін анықтауға тырысты. Шаруа қожалықтарына үздіксіз тінту жүргізіп, астық жеткізуді талап етіп, үй иелерін қамауға алды. Шаруаларға заңда қарастырылмаған мөлшерде айыппұл салынды.
– Шаруаларға әкімшілік қысым көрсетудің шешуші құралы – сот. Ол кезде сот процесі қалай жүрді?
– 1928 жылдың қаңтар айының ортасынан ОГПУ қызметкерлерінің араласуымен кулак шаруашылықтарды анықтап, олардың мүліктік жағдайын белгілеу құзыры берілген болатын. Олар жасаған тізімдер округтік және аудандық «үштіктерге» жіберіліп, ісін сотқа беру, тұтқындау туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін кулактардың астығының артығы қанша екені айтылып, сақтауға өткізілді. Іс 1-3 күннің ішінде тексеріліп, сотқа жолданды. Ақпан айының басында округтің астық дайындау аудандары бойынша көшпелі сот отырыстары жұмыс істеді. Мұнда іс жеті күннен аспаған. Қала архивінде сақталған 300-ден астам адамның сот ісін қарау барысында түйгеніміз, біріншіден, соттың мақсаты тек тапсырманы орындау болғанын істің асығыстығы айқындайды. Екіншіден, қаралған істер барысында ақтау шаралары мүлдем кездеспейді. Үшіншіден, сотталу мерзімі 3, 5 жылға, бір жылға сирек сотталса, негізінен дүние-мүліктері тәркіленіп отырған. Сот істерінің құжаттары өте жауапсыз толтырылғанына қарап, сот процесі формальды болғанын шамалауға болады.
Науқанды орындау барысында Алматы қаласының 10-ауданы бойынша есеп берген уәкілдің дерегіне сүйенсек, шашырап орналасқан қожалықтарды тексеруде кәсіподақтар тарапынан қолдаудың жоқтығы, мекемелерден бекітілген комсомол қызметкерлерінің жұмысты орындаудан бас тартуы, қалалық кеңестен бөлінген уәкілдердің жиі ауысуы, сотқа жеткен істің ұзақ қаралуы сияқты тізбеленген кемшіліктер негізгі кедергі болған. Алматы қаласындағы астық дайындау науқаны кезінде ауыл шаруашылығы салығының төлеу мерзімін созу, ақтап жібергені үшін партия қызметкерлерінің жазаланған оқиғалары кездеседі.
– Архивтерден тағы қандай құнды мәлімет кездесіп жатыр?
– Астық дайындау барысында жазаланғандарды, 1928-1935 жылдар аралығына жататын қылмыстық істерді қалалық комиссияның 5-жұмыс тобы әлі де зерттеп жатыр. Тізімдегі қылмыстық жазаға тартылғандардың бәрі – Алматы қаласын тұрғылықты мекен еткен адамдар. 70-қордың 2-тізбесінде Алматы қаласы халық сотының 255 ісі сақталған. Мұнда РКСФР Қылмысты кодексінің 1935 жылға дейінгі астық дайындау науқаны кезінде 58-59 және 61-108 баптары бойынша сотталған азаматтар туралы мәлімет бар. Кей істер топ болып жасаған қылмыс ретінде біріктірілгенін ескерсек, сотталғандар саны мыңға жетіп жығылады ма деп жобалаймыз.
Астық жинау науқанын «үштіктер» құзырына бере отырып, Сталиннің тікелей нұсқауымен заң органдарының қатысуын талап етуі, қабылданған әрекеттердің заңдылық сипат беруі революциялық заңдылықты жүзеге асыратын орган ретіндегі прокуратура мен соттың беделін жоғары көрсетудегі көзбояушылығы еді. Шындығына келгенде, әкімшілік органдар соттарға нұсқау беріп, істі 24 сағат ішінде тергеп-тексеруді, оларды процеске қорғаушының қатысуынсыз үш тәулік ішінде қарауды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл шешімнің барлығы 1928 жылы қолданыста болған РСФСР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына қайшы еді. «Үштік» бекіткен нұсқау бойынша халық соттарына аталған баптар бойынша ақтау немесе шартты үкім шығаруға тыйым салған. Бұл тармақтар енді заңдылықты бұрмалап қана қоймай, ашық озбырлықты көрсетті. Мәселен, Алматының 6-ауданы бойынша Фрунзе көшесіндегі 66-үйде ағайынды Хасан мен Мұса Камаевтарды 70 пұт астық қарыз болғаны үшін ОГПУ қызметкерлері соттың шешімінсіз-ақ «Советская Степь» газеті арқылы үйлерін жарнамалап, 1 мың сомға сатып жіберген. Ұйып отырған отбасындағы 14 адам далада қалғаны туралы айтып, арызданған. Бұл – Алматыдағы мыңдаған қайғылы жайттың бір мысалы ғана.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ОГПУ-ға кулак шаруашылықтарын анықтау, астық қорын түгендеу және алып қою, айыпталушыны қамауға алу, қылмыстық істерді тергеу тапсырылса, науқан барысындағы мемлекеттік аппараттың қызметін қадағалау прокуратураға жүктелді. Науқан жергілікті жерде негізінен атқарушы билік әкімшілік күшімен жүзеге асырылды. Алматы қаласының 10-ауданы бойынша астық жинау уәкілінің жүргізген жұмысының есептік ақпарындағы тізімде 38 қожалық есепке алынған. Оның сегізі кулакқа жатқызылған. Қосымша комсодтың белсенділігімен сол ауданда тағы 14 кулак қожалығы анықталып, оның екеуі кулактар тізіміне енгізілген.
– Өңір бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың аты-жөні белгілі болды ма?
– Алматы қаласының мұрағаттарында Қазақстанда 1928-1934 жылдардағы шаруашылық науқаны кезінде жазаланған, оңалтуға жататын адамдарды іздестіру барысында сотталғандар ішінен 242 адамның аты-жөнін анықтадық. Әлі қаралмаған 1930 жылға қатысты 123 іс, 1931 жылдағы 32 адамға қатысты 18 іс жатыр. Есімі белгілі болған 242 адамға келсек, басым көпшілігі Қылмыстық кодекстің 60, 61-бабымен (салықты жасыру) сотталған. Оның ішінде 62-баппен (бірнеше адам ұйымдасып салығын жасыру) сотталған – 3 іс, 73-баппен (билік өкілдеріне қарсылық көрсету) – 4 іс, 79-баппен (мемлекет мүлкіне зиян тигізу) – 1 іс, 81-баппен (айыпталушыны заңсыз босату) – 1 іс, 96-баппен (істің қорытындыларын алдын ала хабарлап қою) – 1 іс, 101-баппен (самогон қайнату) сотталған – 1, 107-баппен (спекуляция) сотталған – 2 іс. Осыған қарап, науқан барысында көптеген халық соттарының сауатсыздығы, іске жауапсыз қарағаны немесе тек нұсқауды орындағаны байқалады. Соттар тек «сотталсын, тәркіленсін» деген ұранымен жұмыс істеген.
Астық дайындау және ұжымдастыру науқандары барысында Алматы қаласы аумағына кірген шаруалардың жазаға ұшырап, сотталуына қатысты халық соттарының 1920-1934 жылдар аралығындағы ісін қарап, қорытынды жасау комиссияның алдағы жұмысына кіреді.
– Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарының өмірін зерттеп, ақпарат аларда негізінен қандай кедергі кездеседі?
– Біріншіден, қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы толық мәліметті жинақтау қиын болып тұр. Мәселен, 2 немесе 3 жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген, тұрғылықты жерінен әртүрлі мерзімге жер аударылған тізімнің басын ғана келтірейік: «Соловьев Илья Петрович – Дачная 22; Мананенко Варвара Филиповна – Дачная 70; Кислицин Алексей Григорьевич – Дачная 253; Пантелеев Афанасии Митрофанович – Узбекская 64; Шахворостов Павел – Калинина 14; Моисеев Сафрон – Дунганская 108; Джаншанло Нунуза – Дунганская 71; Морозов Дмитрий – Таранчинск 143; Шахворостов Иван – Кошкарская 119». Осылай кете беретін тізімде 242 адамның тағдыры тұр. Құрамында ерлер, әйелдер бар, жас ерекшелігі де әртүрлі. Ұлтына келер болсақ, дені – еуропалықтар, ұйғыр, дүнген, өзбектер. Қазақтар жоқтың қасы. Сол қаралы күндердің өткеніне 100 жылға таяу уақыт болды. Олардың артында іздеушісі де жоқ.
Екінші үлкен мәселе, Алматы қаласына кіретін аймақта ұжымдастыру (колхоздастыру) үрдісі барысында зардап шеккен шаруалар мәселесін зерттеу, қуғын-сүргінге ұшырағандарды анықтап, ақтау жұмысын бастадық. Оқиғалар барысын бейнелейтін құжаттар әлі толық емес. Біршама қормен жұмысты жалғастыруды жобалап қойдық. Деректер негізінде 1930-1932 жылдары Алматы қалалық кеңесінің қызмет көрсету құрамына Алматы қаласы шеңберінде 3 070 шаруашылық, 18 колхоз бен 2 шаруашылық артельдер қызмет атқарғанын анықтадық. Ақпарат әлі де өзгеруі мүмкін. Мәселен, Қотырбұлақ ауылындағы «Қасымбек» колхозы, Дала-Бутаков ауылындағы «Түрксіб» колхозы, «Таулы Октябрь» колхозы, Каменка, Ремизовка хуторлары, ОГПУ-2 совхозы, «Страна Советов», «Новый мир», «Биянху», Жанкелдин, Розыбакиев, Сталин атындағы колхоздар, «Красный Буккер», «Красный хлебороб», «Плуг», «Ворсовод», «Луч Востока» колхозы, Порт-Артур поселкесі, «Беднота» колхозы, Морозов атындағы колхоз, ұйғырлар тұратын Сұлтан ауылы т.б. колхоз-артельдер құрылып жұмыс істегенін анықтап отырмыз. Құжаттарда олардың атауы да жиі өзгеріп отырады. Архив деректерінде Алматы қаласына қарасты колхоздар мен ауылшаруашылық артельдерінің тізімі, шаруашылық саны, егін алқаптары туралы ақпарлар, тіпті әр отбасы мүшелерінің санына дейін көрсетілген. Біздің түпкілікті жұмысымыз – нақты жазалауға ұшырап сотталғандар туралы мәліметтер жинау. Алматы қаласы аумағында орналасқан колхоздарда 1930 жылдары жасырынып аман қалған немесе жаза мерзімін өтеп келіп, басқарманың лауазымды қызметтеріне орнығып алған колхоз құрылысына қарсы, «зиянкестерді» әшкерелеген істерді көтеріп жатырмыз. Осы жылдары колхоз апаратын тазалау науқаны жүргені жиі кездеседі. Мысал ретінде колхоз басшылығын және мүшелерін қылмыстық баптармен айыптау бойынша «Горный Гигант» колхозындағы 24 адамды соттау процесін айтуға болады.
– Комиссияның осы бағыттағы жұмысы қалай жалғасады?
– Алдымызда тұрған мақсат – сайлау құқығынан айырылғандар, бай-кулактарды тәркілеу, астық-ет дайындау, ұжымдастыру барысындағы шаруалардың жазықсыз жазаға ұшырауы, әкімшілік-командалық күштеудің барысында еріктілік тәртібінің орнына зорлық-зомбылық көп қолданылғаны жайлы оқиғаларды ашып көрсету. Нәтижесінде, жазаға ұшырағандардың есімін анықтап, ақтау.
Біздің түйгеніміз, астық-ет жинау, ұжымдастыру науқанында қолданылған әкімшілік қысымның нәтижеге жетуге кепілдік бермейтінін көрсетті. Әкімшілік озбырлықтың ең сұмдық көріністері билік пен халық арасындағы өткір қақтығыстарға алып келгені белгілі.
Қазақстандағы астық-ет дайындау, ұжымдастыру науқандары барысында жазықсыз жазаға ұшыраған шаруаларды ақтау тақырыбы бойынша өткен семинарда республикалық Жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымов «Қазақстан Жоғарғы кеңесі төралқасының комиссиясы анықтаған жекелеген фактілер бойынша ғана мәжбүрлі түрде астық, ет және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау барысында 56 498 адам әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылған, оның ішінде 34 мыңнан астам азаматымыз сотталды. Қазрайкомның бұрынғы басшысы Ф.Голощекин тек астық дайындау науқаны бойынша 1928 жылдың қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот желісімен 125 адам, ОГПУ желісі бойынша 152 адам атылғанын баяндады», – деп жұмысымыздың алғашқы кезеңін қорытындылаған болатын.
Алматы қаласы аумағында өткен шаруашылық науқандарының сот істерін көтеру арқылы жазаланғандардың тізімін бердік, енді ақтаумен айналысатын құзырлы органдарға сұрау саламыз. Жалпы алғанда, әділетсіз қудалау процестерінің бағасын беру, жазаланған нақты есімдерді анықтау және ақтау арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіреміз, жұмысты аяғына жеткізу – парызымыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ