Білім тек қана оқу емес, әрекет ету

Білім тек қана оқу емес, әрекет ету

Білім тек қана оқу емес, әрекет ету
ашық дереккөзі
2742
Еліміздің білім саласында өзекті мәселе көп. Оқулыққа байланысты көпшіліктің көңілі толмайтынын барша жұрт біледі. Оқушыларға білім берудің әдістемесін әр мұғалім өз білгенімен түрлі деңгейде жүргізіп, оқыту әдісін бірізге түсіре алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Жаңартылған оқу бағдарламасы оқушылардың білім алуына оңтайлы болмай тұрғаны рас. Қазақ тілінің мектептерде мемлекеттік статусына сай емес екені де күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осылайша, тізе берсеңіз, білім саласындағы түйткілді түйіндердің тізімі кете береді... Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов те бұл мәселелерді шешуге бар ынта-шынтасымен тер төгіп жүргенінен хабардармыз. Бас мұға­лім­нің: «Біз теорияға басы артық екпін тү­сіру­ден арылуға және оқушыны алған білімін прак­тикада қолдануды үйретуге тиіспіз» деген тұжырымы мен Tims, Pisa халықаралық зерт­теулері мен білікті мұғалімдердің пікіріне сүйе­не келе, білім саласындағы өзекті мәсе­лелерді атап өткім келеді: Орта мектеп бағдарламасы шектен тыс кең; Орта мектеп бағдарламасы академиялық жә­не теориялық сипатқа ғана ие; Оқушылар сыни эксперимент жасай ал­майды; Оқушылар ғылыми танымын жеткізе ал­майды; Оқушылар теорияны өмірмен байла­ныс­тыруға шорқақ; Орта мектеп бағдарламасы өмірге қажетті тә­жірибемен қабыспайды; Мектепте берілетін білім ақыл-ой дағ­ды­ларын дамытуға септеспейді; Бұлар өте өзекті мәселелер. Мем­ле­ке­ті­міз­дің ертеңі, ұрпағымыздың болашағына кері әсе­рін тигізетін мәселелер. Әрине, ешкім еш­теңе істемей жатыр деуден аулақпыз. Біртұтас бол­маса да, әркім өз тарапынан талпыныс жа­сап-ақ жатыр. Мәселен, бар болғаны биыл үшінші жыл ғана жұмыс істеп жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепті сон­дай талпынысқа барып жүрген ұжымның бірі ретінде атап өтуімізге болады. Жуырда ға­на осы мектепте «Шебер ұстаз жолымен» ат­ты форум өткен болатын. Тәжірибелі ұстаз­дар жоғарыда аталып өткен мәселелерді ше­бер­лік сабағында қамтуға тырысты. Бұл әре­к­ет Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің діт­теген мақсатынан туып отыр. Білім саласы бойынша еліміз ғана емес, әлем­де мәселе жетерлік. Әсіресе, оқыту әдіс­темесінің ескіргеніне байланысты аз айтылып жүр­ген жоқ. Бұл – барлығымызға ортақ мә­селе. Сондықтан тұтасқан әрекет керек. Ағыл­шын философы, әлеуметтанушы ғалым Гер­берт Спенсер: «Білім тек қана оқу емес, әре­кет ету» дейді. «Шебер ұстаз жолымен» фо­румында ағылшын ғалымының осы тұжырымы не­гізін­де екіжақты әрекетке назар аударды деуге бо­­лады. Біріншісі – еліміздің білім сала­сын­да­ғы мәселені шешуге үлес қосу әрекеті, екіншісі – балалардың мектептен алған білімін өмірде қолдана алу әрекет-дағдысын қалыптастыруға байланысты әдістемені бөлісу. Америкалық доктор Джон Хиббен: «Білім де­геніміз – өмірлік жағдаяттарға жауап бере білу қабілеті» дейді. Демек, мектеп баланың бо­ла­шақ өміріне негіз қалау керек деп тұжы­рымдаймыз. Атақты Бернард Шоудың «Адамға бірдеңе үйретсең, ол ешқашан ұқпайды» дегені бар. Ақылманның бұл айтқанынан теорияны меңзеп тұрғанын түсінеміз. Өйткені не нәрсе болсын тәжірибе арқылы келетіні дәлелдеуді қа­жет етпесе керек. Герберт Спенсер, Джон Хиб­бен, Бернард Шоу тұжырған білім туралы анық­тамаларды жинақтайтын болсақ: «Білім дегеніміз – нені не үшін жасайтыныңды анық­тайтын парадигма». Қарапайым тілмен айт­қанда, мұғалім мен оқушы мектеп қабыр­ға­сында не үшін жүргенін анық білуге тиіс. Адамның мінез-құлқы, болмысы, этикасы жағынан келгенде жеке бастың этикасы және мінез-құлық этикасы деген теория бар. Жеке бас­тың этикасы екінші дәреже, мінез-құлық эти­касы бірінші дәреже болып есептеледі. Же­ке бастың этикасы белгілі бір ережеге ба­ғы­нады. Мысалы, мектеп әлеуметтік жасанды жүйеге жатады. Мектептің ішкі тәртібі, оқу­шы­лардың жүріс-тұрысы, қарым-қаты­насына бай­ланысты ережелер осы жасанды әлеуметтік жүйе­нің қалыптастырғаны. Жасанды әлеу­мет­тік жүйенің, яғни мектептің ережесін жақсы мең­герген оқушы жоғары бағаланады. Бірақ бұл жүйе, яғни мектеп жеке бас этикасын ғана да­мытатынына аса мән беріп жүрген жоқпыз. Жеке бас этикасы оқушының мінезіне ай­налу­ға тиіс. Өйткені мінез-құлық этикасы – адам­ның шынайы болмыс көрсеткіші. Демек, жеке бас этикасы мінез-құлық этикасына айнал­ма­са, оқушы шынайы өмір сынағы келген жағ­дай­ға жауап бере алмай қалуы мүмкін. Мы­салы, оқушыны теориялық біліммен тест тап­­­сыруға жаттатып, дайындарсыз. Ол тест тап­сырып шығар, бірақ ол жаттағаны білім бо­ла ма? Өмірдің сынағына төтеп бере ала ма? Туындаған мәселені шеше ала ма? Бұл тұрғыда АҚШ, Еуропа, Жапон, т.б. дамыған елдердің ға­лымдары мен өзіміздің Әбу Насыр әл Фара­бидан бастап, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет, Мағ­жан, Жүсіпбек, Қошке сынды данышпан-ке­меңгерлеріміз дәлелдеп тастаған. «Кейінгі кезде мұғалім тәрбиеге араласпау ке­рек. Ол – ата-ананың міндеті. Мектеп тек оқы­туы керек» деп пікір айтып жүргендер кез­деседі. Бұл пікір көпшілік арасында құп­тар­лыққа дейін жеткен көріністер бар. Бірақ бұл пікір жаңсақ. Білім мен тәрбиені бөлу қате. Білім мен тәрбиені бөлу керек болса да қолы­мыздан келмейді. Екеуі тұтасқан дүние. Оқу­шыға дұрыс білім берсеңіз, сол дұрыс білім оқу­шыны тәрбиелейді. Тіл мен әдебиет соның теті­гі. Тіл – ұлттың жаны дегеніміз осы. «Күш­ті­лік – өзгенің жанын емдей алу» дейді батыс­тық ғалымдар. Мұндағы емдеу – білім арқылы бой­ға сіңген тәлім-тәрбие. Сонымен қатар «Әде­биет – адам жанының айнасы» дейміз. Әде­биетті тек кітап ретінде емес, ондағы кейіп­керлердің мінез-құлқына байланысты тал­дау жасау арқылы да баланың мінез-құлық эти­касын дамытуға болады.

Еділ АНЫҚБАЙ, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің оқытушысы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары