51165
Әділетті Қазақстан құру – тарихи жауапкершілік
Әділетті Қазақстан құру – тарихи жауапкершілік
– Бүгінде еліміз жаңа дәуірге қадам басып, өзінің тәуелсіздік жылдарындағы жаңару белесіне көтерілгелі тұр. «AMANAT» партиясы өзгерістер үдерісінде тарихи жауапкершілік тұрғысынан жаңа тұғырнама қабылдау арқылы «Жаңа Қазақстан» құру ісіне белсене араласпақ.
Әділетті Қазақстан құру – тарихи жауапкершілік. Біз ертеңгі ұрпаққа әділетсіздіктен арылған, жемқорлықтан жерінген, экономикасы еңселі қоғам қалдыруымыз керек. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы мен оның жақтастары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баянды бастамаларына шынайы қолдау көрсетіп, сындарлы сәтте барша қазақстандықты ортақ мақсат, ортақ мүддеге топтасуға үндейді. Бұл – дана қазақтың «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығару» деген қанатты қағидасын қазық еткен құндылық. Біз ең әуелі Сіздердің талғам таразыларыңызға ұсынылып отырған «AMANAT» партиясының жаңа саяси тұғырнамасы жергілікті деңгейдегі проблемалардан бастап, жаһандық режимдегі сын-қатерлерді толық қамтыған құжат ретінде қарауымыз керек. Өйткені «AMANAT» партиясы кешегі күнге дейін билік партиясы ретінде еліміздің саяси аренасында салмақты күш болып келді. Олай болса, тәуелсіз Қазақстанның өткен 30 жылда қол жеткізген табыстарына қаншалықты үлес қосқан болсақ, жіберілген қателіктер үшін соншалықты жауапты екенімізді түсіндік. Енді түбегейлі бетбұрыстар кезеңінде мемлекеттік билік ықпалынан дербестік алған демократиялық күш ретінде ұлы өзгерістерге өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Тұғырнама жобасы біздің барлық әлеуетіміз бен күш-жігерімізді осы мақсатқа жұмылдырады. Өйткені азат ойлы қазақ қоғамындағы әлеуеті зор саяси күш ретінде біз өзгерістерді өзімізден бастауға ниеттіміз. Халық арасында «Партияның аты ғана өзгерді» деген жаңсақ пікір айтылып жүргенін де жақсы білеміз. Алайда партия атауына лайық деп таңдалған «AMANAT» сөзінің астарында бабалар аманаты деген қасиетті ұғымның бар екенін сезінген біз бұл пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеу үшін сөзден іске көшіп, әділдік үшін күресуіміз керек. Жаңа тұғырнама осыны мақсат етеді.
Партияның жаңа тұғырнамасында «Біз Асанқайғының Жерұйығы мен әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз» деген тұғырлы түйін бар. Осының өзі біздің заман мен уақыт алдындағы, ел дамуы мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізге өлшем болса керек. Еліміздің тұтастығы мен мемлекеттігін қалыптастыру жолында талайлы тағдыр кешкен тарихи тұлғалар тағылымынан тамыр тартқан сабақтастықтың өзі «AMANAT» партиясы ұстанымының өміршеңдігін, бағытының халықшылдығын айқындайды.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының құқығы, еркі қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру. Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мызғымастығын сақтау, қауіпсіздігін күшейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлтымыздың рухани болмысын жаңғыртып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін түпкілікті орнықтыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру. Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!» деп жазылған партия тұғырнамасында. Ендеше мақсат-міндетіміз нақтыланып, бағыт-бағдарымыз айқындалды.
Сонымен, «Біздің байлығымыз – адам», «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» және «Мемлекет және біз» деп аталатын үш тарауға тармақталған жаңа тұғырнамамыз ұлы мұрат жолындағы тарихи сапардың бағдарын айқындайтын құжаттың құндылығы неде?
Құндылық – бейнелі сөз ғана емес, береке мен бірліктің жемісі. «AMANAT» партиясының жаңа тұғырнамасында партияның ғана емес, барша қазақстандықтың мүмкіндігі мен асыл мұраты бар. Әр адамның жайлы тұрмыс, бақуатты өмір сүруіне біздің партия ерекше мүдделі. Бұл мәселеге қатысты партияның мақсаты тұғырнаманың «Біздің байлығымыз – адам» атты тарауында қамтылған. Қазақстанның әрбір азаматының конституциялық құқығының қорғалуы, әлеуметтік тұрмысы, болашағына алаңдамай ғұмыр кешуі секілді жауапкершіліктің барлығы партия назарынан тыс қалып отырған жоқ. Отбасы институтын дамытуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Берекелі отбасы» жобасының қарапайым қазақстандықтар үшін берері көп. Еліміздегі демографиялық ахуал, әрбір ата-ананың өз баласын еш алаңсыз тәрбиелеуіне жағдай жасау деген сияқты маңызды міндеттер партиялық жобамызда ауқымды түрде қамтылып отыр.
Партиямыздың тағы бір маңызды жобасы – «Білімді ел». Жалпы, жаңа саяси тұғырнама арқылы ұсынып отырған партиялық идеялардың барлығы мемлекеттік басқару аппаратының жұмысымен астасып жатқанын ерекше атап өтуге тиіспіз. Өйткені «AMANAT» партиясы мақсат етіп отырған игілікті жобаның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған саяси реформалармен сабақтаса үндесіп жатыр. «Білімді ел» жобасы да – осы мақсат үдесінен шығатын тыңғылықты жоба.
Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ұлт тұлғасы.
Ал тұлға қалыптастырудың алғышарттарын тұғырнаманың «Біз тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Бұл – зияткер, озық ойлы ұлтты қалыптастырудың негізгі алғышарты.
Мемлекет білім, ғылым саласын дамытуға басымдық беріп, қаржыландыруды ұлғайта береді. Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік, жоғары білім беру жүйесіне кешенді өзгерістер керек. Балабақша, жатақхана жетіспеушілігі, үш ауысымды, апатты мектептер мәселесі қысқа мерзім ішінде шешімін табуы тиіс» деген бөлімінен нақтылауға болады. Тұғырнамада тұжырымдалған әрбір бағыт халықтың бақытына бастау болары сөзсіз. Тек қана жұдырықтай жұмылып, бірлік пен ынтымақ танытуымыз керек.
Тұғырнаманың «Халық саулығы», «Еңбек – табыстың кілті» бағыттарында да қарапайым халықтың әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру мәселесі айтылады.
Азаматтық қоғам дамудың бірегей күші екені қоғам өмірінің әрбір сәтінде көрініс тауып келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, азаматтық қоғам белсенділігі еліміздегі заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің негізгі қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Қоғамдық ой мен мораль, соған сай іс-әрекет жаңа әлеуметтік қатынастарды, инклюзивті орта мен жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға, әділетсіздік пен заңсыздықтардың, жемқорлықтың алдын алуға, құбылмалы заманда еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тірек болып отырған азаматтық қоғамның белсенділігін одан әрі дамытуға біздің партия да мүдделі. Өйткені демократиялық қоғам қағидаттарының қазығы – азаматтың қоғамның еркіндігі.
Сондай-ақ Қазақстан – түрлі көзқарас, алуан пікір тоғысынан біртұтас ұлт қалыптастыруға ұмтылған бірден-бір мемелекет. Бұл мақсатта Қазақстан ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікке, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімге арқа сүйейді. Берекелі бірлік біздің мемлекеттігіміздің іргетасы ретінде бағаланады. Ал біздер осы құндылықтарымыздың қадірін қашырып, бірлігімізге сына қағуға жол бермейміз. Жаңа тұғырнаманың негізгі бағыты осы мәселені қамтиды.
Елімізде әлеуметтік әділдік салтанат құратын мезгіл әлдеқашан жеткенін сіз бен біз өте жақсы білеміз. «AMANAT» партиясы әлеуметтік әділдіктің адамдар санасында құр қиял, қолжетпес арман болып қалуына да түбегейлі қарсылық танытады. Яғни, жаңа тұғырнама сөзден іске көшетін уақыт болғанын ескеріп, тұтас қоғамды осы мақсатқа жұмылдырып отыр. Ұлт мәйегі ретінде дәріптеліп келген рухани құндылықтарымыз жаһандану жұтқыншағына жұтылып кетпеуі үшін де жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз. Партия бұл бағыттағы жұмысты бұрын да бастап кеткен. Жаңа тұғырнамада сол жұмыстарды жүйеге келтіріп, осы мақстаттағы партиялық жобаларға жалпыхалықтық сипат беруді көздейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің барлық салада үстемдікке ие болып, тұтас қоғамда ең басты байланыс құралына айналуын біздің партия ғана емес, барша қоғам қалап отыр. Біздің жоба осы жұмыстардың жандануына дем беретін болады.
Тұғырнаманың «Мемлекет және біз» бағытында Президент бастамасымен Ата Заңымызға енгізілген өзгерістердің іс жүзінде орындалуын, тиімді мемлекеттік басқару жүйесін орнықтыру, заң мен тәртіптің салтанат құруына ықпал ету мәселелері ауқымды түрде қамтылған. Жер игілігін халық көру керек деген қағиданың аясында жұмысын бастап кеткен «Жер аманаты» жобасы жемісін бере бастағанын білесіздер. Жақында ғана партияның Қарағанды облыстық филиалы республика бойынша бірінші болып пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз иеленіп келген 1 млн гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтаруға ықпал етті. Бұл дегеніміз халықтың партияға деген сеніміне серпін беретін фактор болғаны көңіл қуантады. Осы мақсаттағы жұмыстарымыз дәл осылай нәтижелі жалғасатын болса,
«AMANAT» партиясы әрқашан сенім үдесінен шыққан шынайылығымен даралана берері даусыз.
Мемлекет басшысы жаңа саяси мәдениет қалыптаспайынша, жаңару болмайтынын үнемі айтып келеді. Дәл осы бағыттағы мақсат-міндеттердің түйіні партияның жаңа саяси бағдарламасында толыққанды тарқатылған.