50776
Егін егіп, нәсібін тапқан көпбалалы әке
Егін егіп, нәсібін тапқан көпбалалы әке
Асхат Шонеков – егін салып, күтіп-баптауды кәсіп еткен шаруа. 2013 жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Егін егу қамындағы қарбалас тірлікке ерте кірісетін ол қызанақ, қияр, қарбыз егеді. Осылайша, жылда жер сауып, он баласының несібесін адал еңбекпен тауып отыр.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны егін егуге дайындық жұмыстарын ақпан айынан бастайды екен. Өйткені бұл – біраз машақаты бар, бейнеті зор іс. Ерінбей, тырбанып тіршілік етсең ғана бейнетіңнің зейнетін көресің. 3 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп отырған шаруа мұндағы әрбір іс уақытында атқарылуға тиіс екенін айта-ды.
«Биыл отбасылық жағдайыма байланысты зиянкестермен күрес жұмысын үш күнге кешіктіріп алдым. Соның өзі өнім көлеміне әсер етті. Негізі, гектарына 50 тонна өнім аламын. Қазір 30 тоннадан айналдырып отырмыз. Бұл да жаман емес. Бәрі еңбекпен болатын дүние ғой. Екі ұл, сегіз қыз тәрбиелеп отырмын. Балаларымның төртеуі студент. Жаз айларында демалысқа шыққанда көмектеседі. Оқу басталғанда кетеді. Қалған балаларыммен өнімді жинап аламыз. Қызанақ пен қиярдың бейнеті бірдей. Дегенмен қиярды күнделікті жинауға жұмыс күші көп керек. Әйтпесе, сапасы төмендейді. Гектарына 22 мың түп қияр егіледі. Аспалы түріне қарағанда, жатқызып егу әдісі арқылы жақсы өнім алуға болады. Өзім осы тәсілді қолданамын. Мысалы, үш мың түп қияр күнара тергенде, 700 келі өнім береді. Сондықтан үлгере алмай қаламыз, ондай кезде жұмысшы жалдауға тура келеді», – дейді ол.Егін егерде түрлі процесс жүреді. Көңді дәрілеп, ішіндегі зиянкестерді өлтіріп, кампос дайындау қажет. Мұнымен қоса, жерді де күтіп-баптамаса, топырағын тыңайтпаса, өнімге сараң болатыны тағы бар.
«Бұрыннан, кеңес заманынан бері егін егілген жер ғой. Тыңайтылмаған. Бір-екі суарғаннан кейін қатып қалады. Мұндағы жақсы жерге көбіне жүзім мен алма еккен. Сондықтан жерді күтіп-баптау жұмыстарына, әр істің уақытында орындалуына көңіл бөлмесек болмайды. Қазір өнімнің қай түрі болсын, халықтың сұранысын толық қанағаттандырмай отырмыз. Сондықтан өнімді отандық нарыққа өткіземіз, базарға апарамыз. Көбіне көтерме бағамен алады. Қырғыз Республикасы, Өзбекстаннан келіп диқандар жұмыс істеп жатыр. Соның өзіне сұранысты өтей алмай отырмыз. Егін егетін жер көлемін екі-үш есе кеңейткім келеді. Шаруашылықтардан жер сұрап жатырмыз. Жекеменшікте емес. Жерді жалға алып жұмыс істеп жатырмын», – дейді Асхат Шонеков.Кейіпкеріміз өнімдеріне сұраныс жоғары екенін айтады. «Көбіне «Алтын Орда» базарына апарамыз. Қыркүйек айының аяғына таман Жетісу облысынан, Шымкент, Тараздан диқандар өнімін әкеледі. Баға сол кезде, бір аптаның ішінде ғана сәл түседі. Қалған уақытта жоғары бағамен сатады. Өйткені сұраныс көп», – дейді ол. Ала жаздай бел жазбай еңбектенген диқанның шағын жылыжайы да бар. Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайтынын жақсы түсінетін кейіпкеріміз оның да жұмысын назарынан тыс қалдырмайды.