50311
Жұмағазы НАЙМАНТАЕВ: Мемлекет меншігіне қайтарылған жер мал жайылымына беріледі
Жұмағазы НАЙМАНТАЕВ: Мемлекет меншігіне қайтарылған жер мал жайылымына беріледі
– Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, пайдаланылмай жатқан және жекеменшікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Арнайы құрылған «Жер аманаты» комиссиясы ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында республиканың барлық өңірінде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Жақында Панфилов ауданында 11 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жер инвестициялық жобаларға алынған. Жерді иеленушілер дұрыс пайдаланбағанына байланысты өз еркімен қайтарды. Кейбір жерлер ауылдық мал жайылымының резервіне қойылып, округтерге берілгелі жатыр. Жалпы, аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 300 мың гектар. Ал орман қорына арналған жер – 187 171, ерекше табиғи қорғау аймағына жататын жер көлемі – 69 420, су қорына арналған жер көлемі – 346 гектар. Қазір бізде 14 ауылдық округ бар. Олардың жерге байланысты сұранысы қанағаттандырылды. Бүгінде картасын сызып, «бізге мына жер керек» деп алып келгендері бәрі бекітіліп, ескерілді. Жайылым мәселесі шешілді. Мәселе құжат жүзінде де реттеліп жатыр. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің құжаттары жасалып жатыр. Жұмыс бірер айда аяқталады. Сол кезде ауыл тұрғындары жайылымнан тарықпай, төрт түлігін емін-еркін өрістететін болады. Бізде 40 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Оның 37-сі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болатын. Соның ішінен инвестициялық жобаға қатыспаған 11 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. 9 мың гектар жерге мемлекеттік акт алып, рәсімделген. 2 мың гектар жерге қатысты аудан әкімінің қаулысы шығарылып үлгермеген болатын. Ол жердің біразы шаруа қожалықтарының ұсынысы бойынша конкурсқа қойылып жатыр. Біразы ауылдағы мал жайылымының резервіне қойылып, бекітіледі. Бұл – бір айдың ішінде атқарылатын шаруа. Сонда аудан бойынша 72 мың гектар жер 14 ауылдық округтің жаздық, қыстық мал жайылымына беріледі.