Елбасы Иранның сыртқы істер министрін қабылдады
Елбасы Иранның сыртқы істер министрін қабылдады
Кездесу барысында Қазақстан Президенті біздің ел Иранды жақын саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын, түрлі қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасымыз әрдайым жақсы дамып келгенін айтты. «Мен Иранның барлық мемлекет басшыларымен өзара сенісіп жұмыс істедім. Қазіргі Президент Х.Руханимен біз былтыр төрт рет кездестік. Елдеріміздің арасында ынтымақтастық үшін мол әлеует бар.
Ұлы Жібек жолын жаңғырту аясында көп жұмыстар атқарылуда. Қазақстаннан Парсы шығанағына баратын теміржол экономикалық байланыстарды нығайтуға үлес қосады. Сондай-ақ елдеріміздің арасында Каспий теңізі бойынша да өзара ықпалдастық жолға қойылған, сол арқылы бұл мәселе де өз шешімін табуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев М.Зарифті Иран сыртқы саясатының жемісті жұмысы арқылы қол жеткен Лозаннада өткен келіссөздер нәтижесімен құттықтады.
«Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан да күш-жігер жұмсады. Бәлкім, әлі барлық мәселе шешілмеген болар, бірақ келіссөз қорытындылары болашақтан зор үміт күттіреді», – деді Қазақстан Президенті. М.Зариф Елбасыға Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Руханидің сәлемін жеткізді. Иран сыртқы істер министрі сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа «алтылық» елдерімен Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге көмектескені үшін айрықша ризашылығын білдірді. М.Зариф екі ел арасындағы қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Иран – ортақ тарихи және мәдени байланыстары бар достас мемлекеттер. Елдеріміздің арасында көптеген халықаралық және өңірлік мәселелерге қатысты көзқарас жақындығы бар. Президент Х.Руханидің Қазақстанға сапарынан бері елдеріміздің сауда-экономика саласындағы өзара ықпалдастық деңгейі айтарлықтай өсті. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға жауап сапары экономикалық қарым-қатынастарға жаңа серпін береді деп үміттенеміз», – деді Мохаммад Джавад Зариф. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстан мен Иранның бірқатар салаларда ынтымақтастықты дамыту перспективалары зор екеніне тоқталды. «Бізде шикізат және пайдалы қазбалар транзитіне, өнеркәсіп пен жол құрылысына байланысты одан әрі ынтымақтасуға жақсы негіз бар. Иран осы және басқа салаларда Қазақстанмен ынтымақтастықты бұдан әрі тереңдете түсуге ниетті. Біз Қазақстанмен қарым-қатынастарымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен нығая беретініне сенімдіміз», – деді Иран сыртқы істер министрі.