50253
Неміс қызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр
Неміс қызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр
Елімізде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілі көп. Солардың бірі - Карина Роот. Карина мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүр деп хабарлады turkystan.kz Аstanatv.kz-ке сілтеме жасап.
«Тілге құрмет – біздің міндет» дейді тілі қазақ неміс қызы. Карина қазақы ортада тәрбиеленген. Сондықтан ол мемлекеттік тілді тез меңгерген. Қазір өзі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Жас маман ана тілінің құндылығы мен құдіретін ұрпақ санасына сіңіру – менің басты мақсатым дейді.
Карина РООТ, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Қазақ ортасында өскендіктен тез үйреніп, қазақ мектебін бітірдім. Сонымен қатар бүгін мен Көкшетау қаласы жас педагогтер одағының төрайымы болып табыламын. Яғни, жас педагогтердің алдына келген қиындықтарды шешуге қолұшымды тигіземін.
Карина бала күнінен ұстаз болуды армандаған. Оны бұған қазақ тіліне деген сүйіспеншілік пен балаға деген махаббаты жетелеген. Ұлты басқа болса да, тілі қазақ неміс қызы Қазақстанда өмір сүретін әр адам мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қолдан келгенше аянбау керек деп санайды.
Карина РООТ, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Кішкентай кезімнен бастап қазақ тілін сүйіп оқыған болатынмын. Мектеп қабырғасында оқығалы бері мұғалім мамандығын таңдап, сол бойынша білім алып, өзімнің арманыма қол жеткіздім. Бүгінгі күні мұғалім болып қызмет атқарамын. Биыл 2-інші жылым мұғалім болып қызмет атқарып жатқаныма.
Көкше жерінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Соның бел ортасында Карина да жүреді. Онан бөлек қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге де ұлттың өкілдері жетерлік.