Әділбек Жақсыбеков: Астанада бейберекет саудаға орын жоқ
Әділбек Жақсыбеков: Астанада бейберекет саудаға орын жоқ
Елордалық әкімдікте Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қаланы абаттандыру мен сауданы ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Қала басшысы бейберекет сауда қала тұрғындарының наразылығын тудыратын мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Атап айтқанда, бұл жағдай «Артем» сауда орталығының маңында көптеп кездеседі. Қала басшысы сауда нүктелеріндегі антисанитариялық жағдайларды еске салды. «Мұндай жағдай Елордада болмауы керек. Сондай дүңгіршектер қаланың барлық аудандарында бар. Осыған жауапты құрылымдардың басшыларына ескерту жариялаймын. Бұл жұмыс кешенді әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс, ешкім өз жұмысын өзгеге арта алмайды. Мен бұл жағдайды өз бақылауыма аламын», - деп атап өтті әкім.
Әділбек Жақсыбеков қала әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиевке тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қаладағы бейберекет сауданы жою бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту үшін енгізуді тапсырды. Талқылауға салынған тағы бір мәселе – құрылыс нысандарының жағдайы. Әкім олардың сырт келбетіне назар аударды. Лас әрі майысқан қоршаулар, жыртылған баннерлер, ал кей жерлерде олардың орнының бос тұруы да қаланың жеке бөліктерінің көркін кетіріп тұр, деп хабарлады Астана әкімдігі баспасөз қызметінен. «Құрылыс алаңдары қауіпті нысан болып табылады, сондықтан, жұмыс басталмай тұрып қоршалуы тиіс. Қоршаулардың сыртқы көрінісіне, материалына және құрылысына қойылатын белгілі талаптар бар. МАҚБ басқармасына екі апта ішінде барлық құрылыс нысандары қоршауларын қалпына келтіріп, брендтеуді тапсырамын», - деді әкім. Жиын барысында қала басшысы елордада бүгін басталған экологиялық айлық туралы еске салып, жалпықалалық сенбілікке тұрғындардың барлығы қатысуы керек екенін атап өтті. Бұл ретте сайлау учаскелеріне, тұрғын алаптарына, қала маңындағы аумақтарға және базарларға жақын аумақтарды тазалау мен абаттандыруға ерекше көңіл бөлу керек екенін баса айтты.