1096
Рухани деградация емі жоқ дерт пе?
Рухани деградация емі жоқ дерт пе?

Бір анық: жек көру де, жақсы көру де ниетке байланысты. Ал ниет қалай бұзылады? Ол ақылдың кемшіндігі мен білімсіздіктен. Әйтпесе, жек көрудің ең алдымен адамның өзіне зиян екенін психология ілімінен аздап хабары бар әр пенде білер еді.
Біреуді жек көруге себеп табылар, ал өзіңді жек көруге ше?.. Өкініштісі сол, бүгінгі қоғамда өзінен жирену белең алып кеткен. Ал оның соңы ұлтты – өз ұлтын жек көруге дейін барып жатыр.
Бұл өте қауіпті құбылыс...
Адамның мазасыздануы тыныштығы бұзылған кезде пайда болады. Ал өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі саяси оқиғалар динамикасының соншалық тез қарқын алуы қалыпты жағдайда өмір сүріп келгендердің миына үлкен салмақ түсірді. Әділетті және мәңгілік өмір сүреді деп келген социалистік құрылыстың жалған жақтарының әшкереленуі, саясаттағы түрлі сұрқиялықтар бетпердесінің ашылуы, идеялық жағынан біртұтас саналған мемлекеттегі түрлі ұлттарға жасалған қиянаттар – геноцидтер, дискриминация, ұлттық болмысты жою, т.б. – осының бір сәтте жалпақ жұртқа жария болғанда адамдардың санасында найзағай жарқылдап, отты құйын жүріп өткендей болды. Жетпіс жылдан аса уақыт бойы үкімін жүргізіп келген саяси тәрбие трибунасының күл-талқаны шықты.
Ештеңе ізсіз кетпейді, қалыптасқан қандай қоғамдық формация бұзылса да, оның салдары оңай болмайды. Өктем қызыл саясатты күресінге лақтырсақ та, оның зардабы ауыр болды. Бір-біріне экономикалық жақтан жан-жақты байланып қалған он бес одақтас республикалардың арасындағы еркін байланыс үзіліп, әр ел өз қамын күйттеп кеткенде біздің кімнен не алып, кімге не беріп отырғанымыз бірден білінді. Өйткені жетіспеушілік, жоқшылық халықты экономикалық жағынан да, рухани жағынан да тығырыққа тіреді.
Бұл тұста ұзақ жылдар бойы ақпараттық аштықтың зардабын тартқан біздің халықтың (басқалардың да) біраз уақыт кеңестік саясаттың қоясын ақтарып жатқан баспасөзге деген ынтасы күшті болды. Соның себебінен 90-жылдардағы қазақ баспасөзінің таралымы бұрын-соңды болмаған биікке жетті. Халықтың көзі ашылып, санасы оянды. Ұлттық құндылықтарға деген елдің махаббаты күшейді, жаңа дәуірде танылған тұлғаларға деген құрмет артты. Бірақ... бәрібір «сананы тұрмыс билемей» тұрмайтын еді. Өйткені «аш қарын майлы ас жемей жұбанбайды» ғой. Сөйтіп, аз уақытты ішектің шұрылы басқа дауыстың бәрін басып, елге қара тамағы қайғы болған заман да жетті. Басқаны қайдам, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында басынан алапат аштықты кешкен халықтың ұрпағына бұл үлкен қорқыныш еді, атадан балаға жеткен қандағы үрей қайтадан бас көтерді. Қираған өндіріс, жұмыссыз қалған халық, ашыққан бала-шаға – мұның бәрі азаттығын енді ғана қайтарып алған жұрттың көзін тұмандатып, үмітін үзуге шақ тұрды.
Дегенмен «өлмеген құлға құдая, болып та қалды мына жаз» деп әйгілі жырда айтылғандай, уақыт бәрін жайымен орнына келтіре бастады. Халыққа істер іс, айналысар шаруа табылып бірте-бірте көңілі жайлана бастады. Бұрын «өкімет өлтірмейді» деп арқаны кеңге салып үйренген жұрттың көзі ашылып, өзін-өзі асырауды үйрене бастады. Бір кезде ауылдан қалаға ағылған халық қаланың тұрмысына көндікті. Бірақ урбанизацияның да өз қиындығы бар еді, адамдар жеуге тамақ тапқанмен тұратын баспанаға қол жеткізуі қиын болды. Соңғы жиырма жылда мемлекет халықтың баспаналы болуы үшін түрлі бағдарламалар жасады, алайда әлі күнге ол мәселені толық шеше алған жоқ. Бұл да өзінше бір дағдарыс туғызатын құбылыс.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі қандайда бір қоғамдық үдерістің өз әсері болады, ол жаңалануға да әсер етеді, талай нәрсенің қирауына да себеп болады. Соңғы отыз жыл ішінде осынша қиыншылықтарды басынан кешкен халық – баяғы халық емес, қазіргінің көзі ашық – өзіне не керек екенін біледі және өз құқығы туралы да хабардар. Ендеше бүгінгі жұрт тәттіге алданатын бала емес. Дей тұрсақ та әр нәрсенің шегі бар. Қоғам өзін-өзі қорғамаса, оны ешкім де қорғай алмайды, әсіресе рухани тұрғыда.
Рухани демекші, бүгінгі қоғамның басты қасіреті – рухани жүдеулік. Шындап келгенде ол – эмоция мен парасаттың тайталасында ақылдың жеңіліс табуынан пайда болып отыр және мұның өзі бір күнде келе қалған нәрсе емес.
Жалпы, қоғамдық наразылықтың түп-төркіні белгілі бір себептерге байланысты десек те оның әділетті де әділетсіз жағы бар. Әділетті жағы – көзге көрініп тұрған оқиғалар мен нақты әлеуметтік жағдайлар болса, әділетсіз жағы болып жатқан үдерістердің сырын терең түсінбеуден туады.
Айталық, сөз сөйлеу мен пікір айтуға бір микрофон қойылса, онда сөйлеушілер сараланып, нақты ұсыныстары мен өзіндік ой-пікірі бар тұлғалар мінбеге шығар еді, ал енді мыңдаған адамға мыңдаған микрофон берілсе бәрі бір мезгілде сөйлеуге мүмкіндік алса, жұрт бірінің сөзін бірі тыңдамай, әркім өзі түсінігі деңгейінде екіленіп, өңешін жырта айқайлап сөзге қонақ бермей, хаос тудырады. Біздің бүгінгі қоғамда осының екіншісі басым.
Интернет желісі дамыған заманда демократиялық бағытты ұстанған елдерде цензура жоқ, оның ішінде біздің ел де бар. Кім кім туралы не деймін десе де тосқауыл жоқ. Өйткені әркімнің әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Бірақ бұл ғаламдық желілер халыққа қалай әсер етіп отыр, мәселе сонда.
Қазақта «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер» деген сөз бар, сол айтқандай пікір еркіндігінің жөні осы екен деп, білсін-білмесін, бүгінде әңгімеге араласпайтын адамның өзі жоқ. Біреу біреуден естігенін айтады, тағы біреу шамамен осылай шығар деп соға береді, енді біреулер өздерін сүттен ақ, судан таза қылып көрсетіп, өзге біреудің мінін айтып кісімсіп отырады. Сол сияқты елдің сеніміне кіріп алып алаяқтық жасайтындар да аз емес. Былайша айтқанда, өздерімен өздері болып, шулап жатқан бір халық. Біреулер оны тобырлық психология деп жоғарыдан қарағанмен, оның өзі дүлей күш екенін қаперіне ала бермейді. Алайда өзіндік пікірі жоқтарды кез келген адам бұрып әкетіп, өз мақсатына оп-оңай пайдаланып кететіні бар.
Кемшіліксіз халық болмайды, ал сол кемшілікті дабырайтып – «түймедейді түйедей» ете берсе, елдің бәрі сондай екен деп ойлап қалатындар аз емес. Мәселен, соңғы кездегі қазаққа деген көзқарас. Өзгенің емес, өзіміздің көзқарас.
Қазақты жігерсіз, намыссыз, жалқау деп тану стереотипі күшті. Ол қайдан пайда болды? Кеңестік кезеңде «Октябрь революциясының таңы атқанша сауаты болмаған қараңғы қазақ халқы» деп келетін бір жексұрын тіркес бар еді. Әр шығармада жүретін. Ол әрине, өзгелердің бізге таңып берген қарғыс таңбасы болатын. Бірақ соны шындық көрдік, бізді билегендер солай сендірді. Ал шын мәнінде солай ма еді?
Бүгінгі біз мекен етіп отырған Ұлы далада бір кезде Ғұндар империясы, Түркі қағанаты, сақтар, массагеттер елі, Алтын Орда мемлекеті, Қазақ хандығы тұрған болса, біз қалайша артта қалған мешеу елдің мұрагері боламыз? Біз мұны кейінгі жарты ғасырда ғана біле бастадық. Алайда ол кезде бұл тарих оқытылмады. Ал қазір бәрін білеміз ғой, ендеше неге төменшіктейміз?
Әрине, өткеніңмен мақтанған жақсы, бірақ қазіргі күнде кім болғаның маңызды. Ата-бабаңның ерлігіне мәңгі-бақи мастанып, құр кеуде көтере бергеннен ештеңе өнбейді. Демек, дәл бүгінгі әрекеттің маңызы зор.
Халықтың бәрі жаппай сауатты, парасатты болуы қиын. Десек те кім болса да өз кезінің бағасын білген жақсы. Бүгінгі қазақ баяғыдай өзгенің әмірімен жүрген ел емес, сол сияқты біреулер айтатындай, «істің көзін білмейтін жалқау» да емес. Әрине, ғылым мен техникада өзгелерден кейінірек қалғанымыз рас, алайда соның өзінде көптеген салада жекелеген өнертапқыштардың, білімді жастардың жетістіктері көзге түсіп жатады. Ендеше неге көңіліміз толмайды?
Саясаттан басқасына көз жүгіртсек, экономикада да, руханиятта да жетіп жатқан жетістер бар. Бірақ соның бағалануы кемшін.
Қоғамның деңгейі көтерілмей, адамның да деңгейі көтерілмейді, бірақ сол қоғамның жеке адамдардан құралатынын ескерсек, әр адам сауаттылыққа, біліктілікке ұмтылғанда ғана барып жақсы қоғам құруға болады. Дей келгенде, қазіргі қазақтың көбісі бос сөзге үйірлеу, соның себебінен кейде дұрыс айтылған ой мен жөнін айтқан адамның сөзін сан-саққа жүгіртетіндердің көптігінен тым жақсы бастамалар мен орынды ұсыныстар жеріне жетпей, орта жолда омақасып жатады...
Сөзіміздің басында айтқан ойға қайта оралсақ, қазіргі қазақтың бір-біріне сенуінен гөрі күмәні басым түсіп жатады. Тіпті, мемлекетіміздің тек кемшілігі айтыла бергеннен кейін расымен де қазақ елі өзгелерден артта қалған мешеу ел секілді көрінеді. Бірақ олай емес қой!
Қаншама сыналып жатқанымен, Қазақстан цифрландыру жөнінен талай мемлекеттен озық. Тіпті, ТМД елдерінде алдыңғы қатарда. Қазір көбіміздің қалтамызға қағаз ақша салмай, төлемнің, аударымның барлық түрін санаулы секундта қолымыздағы алақандай смартфоннан жасай аламыз. Сол сияқты спортта, музыкада әлемге танылып жатқан жастарымыз көп. Мұның бәрі ұмтылыстың, өсудің көрінісі. Тек соны дұрыс бағалай алып жатырмыз ба?
Бұрын саясат адамдармен айналысушы еді, енді адамдардың бәрі саясатпен айналысып кетті. Әрине, біліп айтатындарға өкпе жоқ, білмей айтатындарға не дейміз?
Салыстыру арқылы ақиқат танылады десек те, салыстыру атаулының бәрі сәтті емес. Бір ғана мысал айтайық: бүгінде көп жұрт қазақты өзбекпен (ел мағынасында) салыстыруға әуес. Сөйте тұра өзгенің артықшылығын «көріп», өзіміздің жетістігімізге көз жұмуға даярмыз. Ана бір кезде әлеуметтік желілерде Ташкент пен Самарқандтың арасында жүретін жүрдек пойызды көріп аузының суы ағып отырғандар қыза-қыза келе «Өзбектер қалай дамып кеткен, мынадай жүйрік пойыз жасап шығарған» деп соғып отырғандар болды. Ал сауаты бар адам интернеттен іздеп көрсе, сол пойыздың Еуропа елдерінің өнімі екенін білер еді. Сол сияқты, «өзбектер отыз жылда бізден екі есеге көбейген, өйткені оларда халықтың өсуіне барлық жағдай жасалған» деп әңгіме айтатындар бар. Шындығында солай ма? Екі елдің ресми статистикасына жүгінсек, биыл 19 млн халқы бар Қазақстанда 1 сыныпқа 400 мыңдай бала барса, 35 млн тұрғыны бар Өзбекстанда 500 мыңдай бала мектеп есігін ашқан. Бізде «Ойбай орыстанып барамыз» деп дабыл қағатындар көп (әрине, мұның бәрі баласын орыс мектебіне беретін қазақтардың ойсыздығының салдары), ал бірақ өзбек елі парламенті депутатының «Ташкендегі мектептердің 53 пайызы орыс мектептері, бұл – ұлтқа үлкен қауіп» деп дабылдатып жүргенін тіліне баспайды. Салыстыруда да әділеттілік болуы керек қой!
Біз бұл жерде біреуді тұқыртып, өзімізді көтергіміз келгеннен әңгіме қозғап отырған жоқпыз (қазақ өзгеден артық емес, бірақ кем де емес), не туралы пікір айтсақ та шындыққа жүгінуіміз қажет. Әйтпесе, өтірік сөздің иесіне де, басқаларға да зияны тимей тұрмайды.
Жалпы, біздің қоғамда не нәрсе туралы болса да жалған сөз көп айтылады және оны айтқандардың сөзіне жауап беріп жатқандары аз. Соның кесірінен рухани дағдарысқа ұшырап жатқандар аз емес. Оның көрінісі, біздің елде өзіне қол салатындардың тым көп болып тұрғаны. Кейбіреулер тығырыққа тіреліп, содан шығар жол таппай қиналса, кейбіреулер қоғам тарапынан жасалған буллингтен қорланып, өмірімен қош айтысып жатыр...
...Қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіровтің «Бір кемпір бар – шал іздеп жүр, бір кемпір бар – бәле іздеп жүр. Шал іздеген шал тапты, бәле іздеген әлі іздеп жүр» деген шумағы бар еді, сол сияқты кім не іздесе соған жолығады. Соны қоғам ескерсе ғой... Егер ескерсе. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді, шығарамын сөзімнен» деп дұрыс жолға түсер еді. Ал дұрыс ниет өзіңді, халқыңды жек көру емес.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ