50185
Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес – Президент
Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысты деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысты ашқан Мемлекет басшысы Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. Президент өз сөзінде әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру еліміз үшін зор мәртебе екенін атап өтті. Президент Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, Орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушысына өзінің ілтипатын білдірді.
«Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.