Соңғы 3 айда қызылшамен ауырғандар саны артқан
Соңғы 3 айда қызылшамен ауырғандар саны артқан
Қазақстанда 2015 жылдың 1 тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылшамен ауырғандар саны 13 есеге артқандығы анықталып отыр. Эпидемиологиялық жағдайдың өршуімен қатар науқастар санының өсуіне вакцина егуді тоқтату негізгі себептердің бірі дейді кейбір мамандар.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 3 айында қызылшамен ауырғандардың 1121 жағдайы тіркелген деп хабарлайды BNews.kz. Биыл 4-ші наурызда Астана қаласында өткен Еуропа аймағын қызылшаға қарсы иммундау мәселесі бойынша дөңгелек үстел аясында сөз сөйлеген педиатрия бөлімі және Испаниядағы Сантьяго жұқпалы аурулар университеттік клиникалық ауруханасының басшысы доктор Федерико Мартион Торрес вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, соның ішінде қызылшаны алдын алудың жалғыз әдісі вакцинациялау болып отырғанын атап өткен болатын. Вакцинациялау жасанды иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы немесе басқа да ауруларға «қарсы тұратын» иммунитеттің болмауы аурудың асқынуына және өлімге алып келуі мүмкін. «Вакцина дайындалды және бүкіл әлемде сәтті қолданылуда. Осының арқасында 6 млн адамның өмірі сақталды, қызылшамен сырқаттанғандардың саны 1 млн адамға қысқарды, және бұл айтарлықтай нәтиже. Сарапшы мәлімдегендей, 1 мың бала қызылшамен ауырса, оның ішінде 1 бала өледі деп бағаланған», - дейді Федерико Мартион Торрес. Қызылшаға қарсы егуді жүргізетін денсаулық сақтау ұйымдарын жоспардан тыс тексеру кезінде, қосымша иммундау кезеңіндегі вакцинаны сақтаудың және тасымалдаудың температуралық режимінің бұзылуы анықталмаған. Иммундау кезінде республиканың 5 облысынан қызылшаға қарсы егуден кейін жасөспірімдерден 396 өтініш тіркелді (Атыраудан – 26, Қарағандыдан – 32, Жамбылдан – 2, Оңтүстік Қазақстаннан – 12, Маңғыстаудан – 324 жасөспірім),оның ішінде 264-і ауруханаға жатқызылған, қазіргі уақытта 264-і емделіп шықты.
Осы жылдың 19 ақпанында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммундауды жүргізу тоқтатылған және биыл 2-ші наурызда тоқтату 2015 жылғы мамырдың 4-не дейін ұзартылған. Болған жағдайды зерделеу үшін ҚР ДСӘДМ-де құрамына ТҚҚК, республикалық медициналық орталықтарының өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі (бұдан әрі - ДДСҰ) кірген жұмыс тобы құрылған. Мамандардың арнайы жүргізген тексері бойынша кейбір екпе алған балаларда эмоционалды жағдайына жататын симптомдарымен белгілері анықталған.
Бұл ауру түрі Халықаралық сыныптамада «Күйгелектік», «Мазасыздану және қозғыштық» болып келеді. ДДСҰ сарапшылары бекітілген диагноздардың дұрыстығын дәлелдеп шықты. Қазақстанда қосымша иммундаудың соңғы кампаниясы 10 жыл бұрын жүргізілген, бұл республикада қызылшамен ауырудың 16 мыңнан 13 жағдайға дейін 100 есеге дейін жіті төмендеуіне алып келді. Айта кетерлік тағы бір жайт, соңғы 3 жылда қызылшамен ауыру бойынша эпидемиологиялық жағдайдың өршуі бүкіл әлемде байқалады. Яғни, Батыс Еуропада 100 мыңнан астам адам қызылшамен ауырса, ТМД елдерінде (Ресей Федерациясы, Грузия, Қырғыстан) – 14 мыңнан аса факті тіркелген.