433
Вакцинаны 60-тан асқандар жиі салғызып жатыр
Вакцинаны 60-тан асқандар жиі салғызып жатыр
Елімізде мамыр айының ортасынан бастап коронавирустың жаңа штамы «стелс-омикрон» тарай бастады. Маусым айында вирус жұқтырғандар саны күрт артып, осы аптада Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Эпидемиолоиялық жағдай тұрақты, республика «жасыл» аймақта дегенімізбен, Нұр-Сұлтан қаласында да ауру жұқтырғандар саны артып барады.
Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары «стелс-омикронды» вакцина салдырмағандар мен қайталап екпе алдырмағандардың жұқтырғанын айтады. Олардың айтуынша, екпені бір жылдан астам уақыт бұрын алғандар да ауру жұқтыруы мүмкін. Өйткені «стелс-омикрон» әлсіреген иммунитетті бұзып, ағзаға ену қабілетіне ие.
Елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет толық қалыптасқан. Екпе алғандардың жалпы саны 11 млн, ал 5 млн адам қайталап екпе салдырған.
«Бір тәулікте орташа есеппен 10 мың адам екпе алады, жазғы демалыс кезеңіне байланысты адамдар көбірек вакцина жасата бастады. Бүгінде 2 млн дозаға жуық вакцина қоры бар», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Министрлік адам көп жиналатын жерлерде бетперде тағуды ұсынды. Сондай-ақ бұрынғыдай қатаң шектеу шаралары енгізілмейтінін хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Лена Қасабекова вирустың мутациясы жүріп жатқандықтан, індет қаупі әлі сақталатынын атап өтті. «Пандемия өтті деп айтуға ерте. Коронавирус инфекциясының оқшауланған жағдайлары әлі де Қазақстан аумағында тіркеледі», – деп атап өтті.
Вирус жылдам таралса, алдағы уақытта қатаң шектеу шараларына қайта ораламыз ба деген сауал көпті мазалайтыны анық. Осы орайда газетіміз қарапайым халықты мазалайтын маңызды сұрақтарды жинақтап, маманға жолдаған болатын.
Рауан НҰРКЕНОВ,
№36 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
– Коронавирус штамдарының бірнеше нұсқасы бар. «Омикрон», «дельта», «стелс-омикрон» штамдарының қауіптілік деңгейі қандай?
– Коронавирус пандемиясы басталғалы бері вирустың түрлі штамы шықты. «Дельта» таза штамм болғандықтан, адам ағзасын ауыр клиникалық өзгерістерге алып келді. Адамда жалпы әлсіздік пайда болып, иіс және дәм сезу қасиеттері жоғалып, созылмалы ауруларының асқынуына әсер етті. «дельта» штамы кейін мутацияға ұшырап, «омикрон» штамына қарай өтті. Қазіргі кезде «омикрон», «стелс-омикрон» штамдары қарапайым тұмау сияқты өтіп жатыр. Нақты белгілеріне жөтел, иіс сезудің жоғалуы, дене қызуының көтерілуі және ең бастысы – жалпақ үлкен сүйектердің сырқырауы. Нақтырақ айтсам, жамбас және жауырын сүйектері маңайында ауыру сезімдерінің пайда болуы.
– Жаңа штамм белгілері байқалған науқастарды емдеу шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Еліміз бойынша ПЦР оң нәтиже көрсеткен әрбір науқас ортақ базаға тіркеледі. Әр қала бойынша күнделікті статистика жүргізіліп отырады. Біздің басты міндетіміз – уақытылы көмек көрсету және науқасты ауруханаға жатқызу керек пе немесе үй жағдайында емдеуге бола ма, соны анықтау.
– Қазір қандай науқастарға үй жағдайында емделуге рұқсат бересіздер?
– Науқастың үй жағдайында емделуі оның көңіл күйіне, қал-жағдайына, қандай да бір асқынулары бар ма, соған байланысты. Егер пневмония түріне өтіп, өкпе зақымдануының пайыздық көрсеткіші жоғары болса, ауруханаға жатқызамыз. Клиникалық көрсеткіштері тұмауға ұқсас, амбулаториялық жағдайда емделуге келетін болса, ондай науқастарға дәрігер бекітіледі және үй жағдайында дәрігердің бақылауында болады. Үйдегі карантин соңғы шыққан қаулы бойынша 10 күнге созылады. Осы 10 күн ішінде науқаспен қарым-қатынаста болғандардың барлығы бақылауда болады.
– Елімізде вакцина қоры жеткілікті ме? Екпені кімдер алып жатыр?
– Еліміз бойынша 4 түрлі вакцина бар. Бұл қазір QazVac, Спутник V, Vero Cell және Pfizer екпелері. Қазір көбіне қазақстандық QazVac вакцинасы жүргізіледі. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 1 күнде шамамен 1 200-1 300 адам вакцина алады. Біздің емханада бір күнде 400-дей адам екпе салдырады. Вакцинаны, әсіресе егде жастағы, 60-тан асқандар мен созылмалы аурулары бар адамдар жиі салғызып жатыр.
– Шетелге шығатындар Pfizer вакцинасын алуы керек, ал ол тапшы деп жатыр.
– Шетелге шығу үшін Pfizer немесе қандай да бір вакцинаның болуы міндеттелмеген. Бірақ алдын ала шетелге шығуды жоспарлағандар вакцинаның басқа да түрлерін алып жатыр.
– Вакцинаға әлі де сенбейтіндер кездеседі. Оларға айтарыңыз бар ма?
– Коронавирустың алдын алудың ең басты шарты – екпе алу. Атынан ат үркетін небір қиын аурулар вакциналаудан соң басылып, науқастардың беті бері қарай бастады. Оң нәтижеге жетуге вакцина ғана көмектесе алады. Науқастармен сөйлессеңіз, екпе алған дұрыс дейді. Мұны статистикалық деректер де дәлелдеп отыр. Қазақстандық вакцинаның сұранысқа ие болуы да бекер емес. Мысалы, Спутник – векторлық вакцина. Ал қазақстандық вакцина генотиптенген. Сол себепті вакцина алғаннан кейін науқас өзін өте жақсы сезінеді. Осы ретте әр адам өзінің жеке бас гигиенасын сақтап, көпшілік жиналатын жерден аулақтау болғаны дұрыс. Себебі коронавирус әлі айналып келе беретін болады, оған ешқандай кепілдік жоқ.
– Таралып жатқан жаңа штамнан балаларды қалай қорғаймыз? Күзде балалар офлайн оқуға көшсе, вирустың таралуы көбейіп кетпей ме?
– Балалардың жеке бас гигиенасын сақтауы, ауырғандармен байланыста болмауы өте маңызды. Жаз айларында мектепке дейінгі дайындық орталықтарына жіберсеңіздер, күнделікті бетперде тағып, қолын жуып, жеке гигиенасын сақтау керек. Сонда алдын алу процесі жақсы жүреді.
– Бұрын ауырып жазылған, бірақ жаңа штамм жұқтырғандар бар ма? Олардың қазіргі жағдайы қандай?
– Вакцина алған адамға енді коронавируспен ауырмайсың деген кепілдік берілмейді. Вакцина аурудың алдын алады және адам қайта ауырған күннің өзінде оны жеңіл өткереді. «Дельта» штамымен ауырғандар арасында «омикрон» жұқтырғандар да кездесіп жатыр тәжірибеде. Алайда қайтадан ауырған кезде жеңіл өтіп жатқанын көріп отырмыз.
– Ауырған адам үй жағдайында қалай тамақтануы керек?
– Дене қызуы көтерілген адамның тамаққа тәбеті болмайды. Бірақ соған қарамастан науқас өзін қолға алып, иммунитетіне көмектесіп, сапалы тамақтануы керек. Соның ішінде сорпалы тамақтар, тауық және балық өнімдері, көкөністер, жемістер ағзаға күш береді. Әртүрлі дәрумен кешенін дәрі, капсула түрінде ішкеннен гөрі тамақ түрінде қабылдаған дұрыс.
– Коронавирус басталғалы биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаушылар саны артты. Осы дәрумендерді дәл ауырып жатқан кезде қолданудың пайдасы бар ма?
– Біз дәрігерлер ББҚ тағайындай алмаймыз. Оған әр адамның қаржылық жағдайы көтермейді. Ал адам ауырып жатқанда ББҚ-ды іздеп табудың өзі қиын. Науқас өзіне дәрі іздей ме, дәрумен іздей ме? Егер мүмкіндігі болса, өзі үшін алдын алу шарасы ретінде ББҚ қабылдауға болады. Алайда алдын ала анализ тапсырып, ағзаға қаншалықты мөлшерде қажет екенін анықтап алған дұрыс.
– Коронавируспен бұрын ауырғандар тершең болып кеттік деп жатады. Мұның себебі неде?
– Адам коронавирустан жазылса да вирустың кей белгілері анда-санда байқалуы мүмкін. Тамағы жыбырлап, кеудесінде ауырсыну сезімі болады. Ең жиі кездесетіні – тершеңдік. Аурудан айыққан адам шектен тыс терлей береді. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, өзі жайлап басылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Арайлым Бимендиева