475
Саяси партиялар арасында белсенділік артады – Мәлік ҚҰЛШАР, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі
Саяси партиялар арасында белсенділік артады – Мәлік ҚҰЛШАР, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі
Жаңа Қазақстан тұжырымына сай «AMANAT» партиясы өзгерістерге бет бұрды. Жаңару мен жаңғыру жолын таңдаған партия халық пен билік арасында алтын арқау бола отырып, ашықтық саясатын басты орынға қойды. Нақты іске көшкен партия мүшелері халықпен жиі жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын дер кезінде билікке жеткізіп жүр. Жақында осындай үлкен кездесулерден оралған Мәжіліс депутаты Мәлік ҚҰЛШАРҒА Túrkistan халықаралық газеті бірнеше сауал жолдаған болатын.
– Партия трансформацияға ұшырап, үлкен өзгерістерді бастап жатыр. Бұл саяси жүйеге және өзге партияларға қалай әсер етеді?
– «AMANAT» партиясы өзінің соңғы съезінде қабылдаған шешімдеріне сәйкес, өз жұмысында өзгерістерді бастап кетті. Мәселен, әртүрлі бағыттар бойынша құрылған партия жанындағы қоғамдық кеңестер саны қысқартылды. Алыс шалғайдағы ауылдардағы тұрғындардың мәселелерін анықтау мақсатында мобильді қоғамдық қабылдаулар жүргізіле бастады.
Парламент Мәжілісінде арнайы қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Аймақтық филиалдарды жаңа кадрлармен нығайту, партия жұмысына жас буынды тарту жалғасып жатыр. Қазақстанда ресми тіркеліп жұмыс істейтін басқа партиялар да ұйымдастыру, аймақтармен жұмыстарын жандандыруды бастады. Бұл саяси партиялар арасындағы белсенділікті арттыратыны сөзсіз.
– Парламенттің пәрмені күшейеді деп жатырмыз. Осы орайда депутаттардың Үкіметке, басқа да мемлекеттік органдарға ықпалы жете ме?
– Халқымыздың басым көпшілігі қолдап, референдумда Ата заңымызға енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламенттің рөлі артады. Енді осы өзгерістер мен толықтыруларды өмірімізге енгізу үшін 20-дан астам заңдарды жыл аяғына дейін өзгерістерімен қабылдауымыз қажет.
Қазірдің өзінде Үкімет мүшелері, Үкімет басшысының орынбасарлары мен министрлер тағайындалмастан бұрын Парламент Мәжілісіндегі тұрақты комитеттерден келісімін алады. Үкімет пен Есеп комитеті өткен жыл бюджетінің атқарылуы туралы есептерін берді.
Ата заңымызға енгізілген өзгерістерге сай Есеп комитеті жоғары аудиторлық палатаға айналғанда, оның төрағасы жылына екі рет Мәжілісте есеп бергенде, әрине бюджеттің игерілуіне нақты қатаң бақылау орнатылатын болады.
– Өзіңіз жақында ел аралап қайттыңыз. Халық Конституцияға өзгерістер енгізу туралы тағы қандай ұсыныстар айтты?
– Референдум қарсаңында Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының шешіміне сәйкес Батыс Қазақстан облысында болып, тұрғындармен кездестім. Осы уақытта 8 ауданда іс-сапарда болып, 20 елді мекенде халықпен кездесулерде Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен әңгімеледік. Орал қаласында 20 мекеме мен өндіріс орнында болып, әртүрлі саланың жұмысшылары мен қызметкерлерімен кездесулерде әйелдердің зейнет жасқа шығу шегін төмендету, мемлекеттік тіл мәселесі, мал жайлайтын жер мәселелері және тағы да басқа өзекті мәселелер қозғалды. Ал қарапайым халық жол, ауыз су, газ және ең бастысы ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін мал жайы мәселелерін көтерді.
– Халықтың «AMANAT» партиясына сенімі қандай екен?
– Жыл басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін халқымыздың билікке, заң шығарушы органға, саяси партияларға сеніміне селкеу түсті. Алайда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен үндеулері, «AMANAT» саяси партиясындағы Төрағалықтан бас тартып, мүшеліктен шығуы, кешегі референдум қорытындысы мен ел тұрғындарының басым көпшілігі «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын қолдайтындарын білдірді. Кешегі Референдум қарсаңында облыстарды аралағанда бұған көзіміз жетті.
– Конституцияға енгізілетін өзгерістер болашақта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай серпін береді?
– Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, референдумда Конституцияға өзгерістер енгізілуін қолдады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдау – «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын қолдау. Мемлекет басшысы референдумға дейін және одан кейінгі үндеуінде азаматтық көзқарасын танытқан халыққа өзінің алғысын айтты.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ретінде өңірлерге барып, негізгі өзгерістер мен толықтырулар жөнінде халықпен пікір алмаса жүріп, сайлаушылардың өтініштерін де жинай жүрдік. Парламент Төрағасы Е.Қошанов халықтан 20 мыңнан астам өтініш түскенін атап өтті. Алдағы уақытта аталған өтініштер бойынша жұмыс істеуге дайынбыз.
Мемлекет басшысы референдум күнгі өзінің мәлімдемесінде шетелге заңсыз әкетілген қаражат пен активтерді қайтару жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобын құратынын айтты. Әрине, мұны аз уақыт ішінде орындау қиын. Оны іске асырудың белгілі бір заңдық процедуралары бар. Бірақ түпкі мақсат айқын – заңсыз әкетілген қаражат пен активтерді кері қайтару. Міне, сол қайтып келген қаржы ел экономикасын, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмсалады. Ол қаржылар тез қайтарылса, экономикамыз да тез қалпына келеді деген сенімдемін.
– Конституциялық сот туралы айтсақ. Қарапайым халыққа қандай пайдасы бар?
– Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы азаматтары тікелей жүгіне алмайтын еді. Енді Конституциялық сот құрылған соң Қазақстан Республикасы азаматтары белгілі бір нормативтік-құқықтық актілер (ережелер, қағидалар және т.б.) оның азаматтық құқықтары мен бостандықтарына кедергі келтірсе (шектесе, бұзса), осы нормативтік-құқықтық актілер бөлігі бойынша Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алу құқына ие болды.
Яғни, әр азамат өзінің конституциялық құқықтарын Конституциялық сотқа жүгініп қорғай алады.
– Құрылтайдан соң не өзгереді және оны өткізудің мән-маңызына тоқтала кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Сондай-ақ қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі», – деп атап көрсетті. Яғни, ең бастысы – қоғамдағы саяси мәдениетті қалыптастыру, сол арқылы халқымызды мемлекет басқару ісіне кеңінен тарту.
Ұлттық құрылтайда елдік мәселелер сөз болды. Жылда өтетін құрылтайда ел дамуының өзекті мәселелері көтеріліп, оны қоғам болып талқылап, оның шешу жолдары көрсетіліп отыруы үрдіске айналатынына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым БИМЕНДИЕВА