Қымбатшылық қысып барады...

Қымбатшылық қысып барады...

Қымбатшылық қысып барады...
ашық дереккөзі
1144
Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, осы жылғы 21 маусымдағы жағдай бойынша еліміздегі әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік 17,7 пайызға қымбаттаған, бұл – былтырғы тура сол уақыттан 2,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар бір апта ішінде баға 0,2 пайыз, ай басынан бері 1,1 пайыз, ал жыл басынан бері 17,1 пайыз қымбаттаған. Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп барады. құ­былған бағаны арзандату былай тұр­сын, бір қалыпта ұстап тұрудың өзі мұң­ға айналғандай. Үкіметтің бағаны реттеу сая­саты нәтиже беріп отыр ма? Жалпы, баға­ның бұлайша аспандап кетуіне не себеп? Жаға ұстататын баға Азық-түлік бағасы халық үшін басты мә­селеге айналып отыр: табыстың бар­лы­ғы дерлік азық-түлікке кететін болды. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-тү­лік бар десек, соның ішінде пияз, қы­рық­қабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық баға­сы қатты қымбаттаған. Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7 пайызға, Ал­маты облысында 18,6 пайызға, Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларында 18,5 пайыз­ға және Шымкент қаласында 18 пайызға өскен, бұл – өңірлер арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Одан бөлек, күнбағыс майы бір жыл­да 20 пайызға қымбаттаған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бағаны тұрақтан­дыру және секторда тапшылық туында­мас үшін 2022 жылғы 31 тамызға дейін күн­бағыс экспорттауға шектеу қойды. Ал құс еті бір жылда 29 пайыз қым­бат­таса, сүт өнімдерінің бағасы жарты жыл қатарынан өскені байқалады. Қым­баттаған тек азық-түлік емес, киім, аяқ киім, әуе билеттерінің бағасы да ас­­пандап барады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, қазір елімізде сиыр етін (22 292 тонна), құс етін (19 600 тон­на), картопты (93 749 тонна), ұнды (118 506 тонна), сүтті (59 640 тонна) және т.б. қоса алғанда, 607 мың тонна кө­­­лемінде негізгі азық-түлік қоры бар. Бұл тапшылық жоқ дегенге саяды. Бөлшек сауда нысандарына өнім ба­ғасын 15 пайыздан аспайтын мөл­шер­де үстемеақы қосу талабы қойылған еді. Жауапты мекемелердің ресми мә­ліметіне сүйенсек, рейд іс-шаралары ая­сында 42,6 мың дүкен (84,7 пайыз) тек­серіліпті. Нәтижесінде, 712 ереже бұзу анықталған, олар бойынша қажет­ті шаралар қабылданып жатқаны да ай­тылыпты. Дегенмен баға тек қымбат қана емес, әркелкі екенін байқау қиын емес. Соның ішінде қант бағасы күн са­нап құбылып тұр. Қант неге қат? Осыдан төрт ай бұрын басталған қант тапшылығы мен бағасы төңі­регіндегі мәселелер халық ара­сын­да әлі дүрбелең тудырып отыр. Ресми дерек­ке сүйенсек, жыл басынан бері қант бағасы 61 пайызға қымбаттаған. Бір келісі 600-900 теңгеге сатылып жа­тыр, кей жерлерде тіпті 1000 теңгеден асып кеткен. Оған қоса қантты кез кел­ген дүкеннен таба алмайсыз, белгілі бір сауда орындарында ғана сатылып жа­тыр. Ал мұның салдары ең алдымен ха­лыққа, содан соң отандық өнім өн­діре­тін шағын және ірі кәсіп иелерін сар­саңға салып отыр. Әу баста жауап­ты­лар қант тапшы емес деп сендіруге тырысып бақты, де­ген­мен жағдай реттелген жоқ. Сенбі, 25 маусымда, Үкіметтің цифр­лық кеңсесінде Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ба­ға­сын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Отырыста республика бойын­­ша қанттың жалпы қоры – 101,4 мың тонна, биылғы маусымда ішкі тұ­тыну – 59 мың тонна, яғни нарықтың қам­­тамасыз етілуі – 171,4 пайыз деп ай­­тылды. – Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі­нің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну – 59 мың тонна. Бұл – жеткілікті мөл­шер. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстемеақы қойып отырған жеке тұлғалардың заң­сыз кәсіпкерлік қызметінің «нәтижесі». Жал­пы қанттың орташа бағасы ша­мамен 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұ­ны ретке келтіру керек», — деп тап­сырды Үкімет басшысы. Дегенмен кәсіпкерлер қант тап­шы­­­лығы барын және оның импорт мәселесіне байланысты туын­дап отырғанын алға тартады. 22 маусым күні «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері, бір топ де­путат Премьер-Министрдің Бірінші орын­басары Роман Склярға осы мә­селеге қатысты депутаттық сауал жол­даған екен. Депутаттар жақында өңір­лердегі сайлаушыларымен өткен кез­десу кезінде көтерілген мәселенің кө­біне еліміздегі барлық әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік бағасының өсуі негіз болып отыр деген қорытындыға кел­ген. Жалғыз қант емес, жалпы әлеу­меттік маңызы бар азық-түліктің ба­ғасы бұдан әрі өсе беретін болса, ел ара­сында үлкен дау-дамайға айналуы мүм­кін екенін айтқан олар мәселені шұ­ғыл шешуді талап еткен. Депутаттар кәсіпкерлерге тасы­мал­дау мерзімін 6 айға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру және жо­ғарыда көрсетілген қанттың жыл­дық қажеттілігіне сәйкес келтіру үшін тариф жеңілдігін 550-600 мың тоннаға дейін көтеру орынды деп санайты­н­да­рын айтыпты. Сонымен, қант неге қат? Ресми мә­лімдемеге сүйенсек, жалпы ел халқы бір жылда орта есеппен 550-600 мың тонна қант тұтынады екен (ай сайын орта есеппен 45 мың тонна), мұны қантқа қажеттілік мөлшері деп те атап жүр. Ал қанттың тек 10 пайызы ғана отандық шикізаттан өндіріледі, ал қалғаны импортқа тәуелді. Қазіргі ушық­қан геосаяси ахуалға, экономи­ка­лық санкцияларға байланысты ло­гис­тика порттары толыққанды жұмыс іс­тей алмай отыр, оның үстіне елімізде шет­елдік банктермен жұмыс жасау үшін қаржы операциялары да ұзаққа созылып жатыр. Тапшылықтың себебі осы, ал бағаның өсуіне тапшылық әсер етіп отыр. Сонымен қатар еnergyprom.kz статистика мониторинг агент­тігі елімізде қант тұтыну мөлшері 2021 жылғы бірінші тоқсандағы көрсет­кіш­пен салыстырғанда 1,3 пайызға азайған деген дерек жариялады. Жалпы, қант қана емес, ел хал­қы са­­пасыз азық-түлік тұты­на бастады де­ген де деректерді көзіміз шалды. Кедейленіп барамыз ба? «JD эксперт» маркетинг агенттігінің мәліметінше, ел азаматтары азық-түлік сатып алуды азайтқан, сонымен қатар тұ­­тынатын тауардың сапасы да нашар­ла­ған. Дегенмен азық-түлікке жұм­са­латын ақша мөлшері көбейген. Агент­тік сарапшылары мұның себебін баға­ның өсуі және кірістің төмендеуімен байланыстыра түсіндіреді. Нақтырақ айтсақ, халық торт, кондитер өнімдері, тәтті лимонадтар мен шырындар, сон­дай-ақ шұжық және ет делика­тес­терін сатып алуды азайтыпты. Бұл қорытынды сауалнама нәти­же­сінде шығарылған. Зерттеуде бай­қалған тағы бір қызықты әрі өкі­ніш­ті жайт – респонденттердің тек 3 пайы­зы ғана көкөніс пен жеміс-жи­дек­ті өздері өсіре алатындарын айтқан. Яғни, еліміздегі ішкі азық-түлік қауіп­сіз­дігі мәселесі әлі де болса түйткілді бо­лып тұр. Сонымен қатар жақында Ұлттық ста­тистика бюросы кедейлік деңгейі тура­лы статистиканы жаңартты. 2022 жыл­ғы I тоқсанда табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен халықтың үле­сі (кедейлік деңгейі) 4,6 пайыз бол­ды, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен са­лыс­тырғанда 0,1 пайыздық тармаққа жо­ғары. 2022 жылғы I тоқсанда кедейлік дең­гейінің ең үлкен мәні Түркістан (8,3 пайыз), Маңғыстау (6,4 пайыз) об­лыс­тарында және Шымкент (6 пайыз) қа­­­ласында байқалды, ал ең төмені – Нұр-Сұлтан (1,7 пайыздан) қаласында тір­келген. Үкіметтің бағаны реттеу жүйесі тиімсіз – Ұлттық палата «Атамекен» ҰКП Мемлекеттік ор­ган­ның әлеуметтік маңызы бар азық-тү­ліктің бағасын реттейтін механизмі кә­сіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр­ға­нын айтып мәлімдеме жасады. Бекі­тіл­ген талапқа сәйкес, өндірушіден 200 тең­геге алынған тауар дүкен сөресінде 230 теңгеден аспауы керек. Ал дүкенге жет­кенге дейін шығынды есептегенде тауар құны 230 теңгеден асып кетеді екен. «Осылайша, сатушы бекітілген ба­ғадан қымбатқа келетін тауарды қа­лай арзан сатады деген сұрақ туын­дай­ды», – дейді палата сарапшылары. Ұлттық палата әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлікті реттеудің қол­даныс­та­ғы жүйесін тиімді емес деп са­найды. Олардың сөзінше, Сауда және ин­теграция министрлігі енгізген бұл ере­же сөреде сапасы төмен, арзан тауар­лар көбеюіне ықпал етеді, соны­мен қатар қосымша шығындар да ес­ке­ріл­мей отырғанын алға тартады. Па­ла­та өз ұсынысын да мәлімдеген екен, со­ның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін әзірлеу үшін жұ­мыс тобын құру, азық-түлік кар­та­ла­рын енгізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ҚҚС мөл­шерлемесін 8 пайызға дейін төмен­дету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтан­дыру­дың екінші тетігі аясында кәсіпкерлік су­­бъектілеріне қарыз беру көлемін 0,01 пайыз бен 100 миллиард теңгеге дейін ұл­ғайту, өнім өндірудің өз құнын тө­мен­дету үшін ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерге субсидия, жеңіл­дікпен несие беру, кіріс ресурс­та­рын арзандату бөлігінде мемлекеттік қол­дау көлемін ұлғайту сияқты тар­мақ­тар бар. Әлем бойынша азық-түлік дағдарысы болуы ықтимал – БҰҰ 2023 жылы әлем елдері азық-түлік дағ­дарысына тап болуы мүмкін екенін Сыртқы істер министрлігіндегі бас­па­сөз мәслихатында БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммед мәлім еткен еді. – Украинадағы жағдайға бай­ла­ныс­ты азық-түлік қауіпсіздігі саласында қауіп-қатер бар. Дегенмен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мәселелер бар­ша әлемдегі пандемия мен лок­даун­дардан бастау алып отыр. Себебі індет сал­дарынан әлем елдері арасында өнім­ді жеткізу тізбегі бұзылған болатын. Ал соғыс жағдайы бұл қиындықтарды ушық­тыра түсті, – деді А.Мұхаммед. ол азық-түлік бағасын түсіру үшін Қара теңіз­дегі қарым-қатынасты жандан­дыру керегін айтқан болатын. Соғыс аяқ­талмаса, проблемалардың салмағы да ауырлай беретінін де қосып өтті. Ұлттық статистика бюросы мә­ліметінше, еліміз бір жыл ішінде тауарлар мен қызметтерге бағалар мен та­рифтердің өсуі бойынша ЕАЭО ел­дері арасында үшінші орынға шыққан. 2022 жылғы мамырда сол жылғы сәуір­мен салыстырғанда тұтыну бағала­ры­ның индексі Қазақстанда – 101,4 пайыз, Беларусьте – 100,7 пайыз, Қыр­ғыз­станда – 100,3 пайыз, Армения мен Ре­сей­де – 100,1 пайыз болған. Тұтыну тауарлары мен қызмет­тері­не бағалар мен тарифтер бір жылда (2022 жылғы мамырда 2021 жылғы ма­мырмен салыстырғанда) Ресейде – 17,1 пайыз, Беларусьте – 17 пайыз, Қа­зақ­стан мен Қырғызстанда – 14 пайыз, Арменияда 9 пайыз жоғарылаған. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Ре­сейде жыл басынан бері азық-түлік ба­ғасының орташа өсуі шамамен 40 пайыз, Өзбекстанда 48 пайыз болған. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Үкімет шаруаның тауарын тікелей сөреге жеткізудің тиімді логистикалық тізбегін қамтамасыз етуі керек – Қымбатшылықтың ең басты себебінің бірі – ақ­ша массасының ұлғаюы. Ол өткен жылдары-ақ басталған болатын. Пандемиямен қүрес кезінде өте көп ақша басып шығарылды. Ақша массасы ұлғайып, тауар өндіру деңгейі сол күйі қалса, оның салдары тек қымбатшылыққа алып келеді деген эко­номикалық заңдылық бар. Одан бөлек, қазір әсер етіп отырған тағы бір фактор – геосаяси фактор. Ресейге салынған санкциялардың әсерінен тауар жеткізу тізбектері бұзылды, Ресейден көптеген компания кетті. Ол ком­паниялардың өнімдерін біз де пайдаланатынбыз. Еуразиялық одақ ая- с­ында болған соң, бізге көрші елден жеткізу тиімді болатын. Одан бөлек, рубль де шарықтап барады. Мұның барлығы импорттық инфляцияның ық­палынан болып жатқан қымбатшылыққа әкеп соқтырды деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар өткен жылы болған қуаңшылық та азық-түліктің қым­баттауына әсер етті. Өйткені жем-шөп қымбаттады, соның әсерінен еттің де, сүт өнімдерінің де бағасы өсті. Ал енді осы жерде Үкіметтің жауапкершілігі орасан. Жалпы, бізде Үкі­мет экономикаға араласамыз деп көп нәрседен олқылық жіберіп алады. Мы­­­­салға, белгілі бір баға бекіту. Дегенмен азық-түлік қорларын құру сияқ­ты қадамдар сәл де болса бағаны реттеуге сеп болып отыр. Ал фермерлермен ті­келей фуррорлық келісімдер жасаймыз деген мәлімдеменің жемісін мен өзім байқап отырған жоқпын. Сондай шешімдер арқылы арадағы бағаны не­гізсіз көтеретін делдалдардың жолын кесуге мүмкіндік болар еді. Яғни, шаруа­ның тауарын тікелей сөреге жеткізудің тиімді логистикалық тізбегін қам­тамасыз етуі керек. Бұрынғыдай көбірек жәрмеңке өткізсе де құп болар еді. Одан бөлек, Үкімет бағалық келісім, олигополияларды анықтап, жазаға тартуы керек. Жылыжайы бар кәсіпкерлерге көбірек субсидия берілсе, технологиялармен қамтыса, қойма жағын реттеп берсе де – үлкен көмек. Сонда біраз да болсын қымбатшылықтың қарқыны бәсеңдер еді. Қорыта айтқанда, баға саясатына қатысты түйіні көп түйткілді қай жағынан бастап тарқату керек екені беймәлім болып тұр деп айта аламыз. Баға – аспанда, жалақы – жерде. Күн өткен сайын құбылған сөредегі сандар ырыққа көнбей барады. Қайда барсаң – қымбатшылық. Не де болса, бұл мәселені шешу үшін әбжіл қимыл, нақты қадам, бірлік керек екені анық.

Серіктес жаңалықтары