239
Мемлекетіміздің заңдарын жетілдіре түсу үшін маңызды – Балнұр ҚЫДЫРБЕК, композитор
Мемлекетіміздің заңдарын жетілдіре түсу үшін маңызды – Балнұр ҚЫДЫРБЕК, композитор
– Алғашқы Конституциямызды қабылдағанымызға да отыз жылдай уақыт болды. Одан бері де Ата Заңымызға талай өзгеріс енгізілгені белгілі. Дегенмен, «Елу жылда ел жаңа» дегендей, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығынан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел конституциясына реформа жасау жолында бүкілхалықтық референдум өткізуін осы елдің азаматы ретінде қолдаймын. Мемлекет басшысының ұсынысымен жасалып жатқан реформа. Конституцияға енетін өзгерістер мен түзетулер алда өтетін бүкілхалықтық реформа кезінде халықтың талқысы арқылы бекітілсе, заңды тұрғыдан көп жетістікке жететініміз анық. 5 маусым күні өтетін бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделіп отыр. Бұл үлкен өзгеріс деп санаймын. Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер 12 тармаққа бөлінеді екен. Олар: Президенттің лауазымына байланысты шектеулер, Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық норманы алып тастау, жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау, кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер. Өлім жазасын жою, Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру, Құқық қорғау институттарын күшейту, Конституциялық Сот құру, Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту, заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту, мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту туралы өзгерістер. Бұның бәрі біздің мемлекетіміздің заңдарын жетілдіре түсу үшін маңызды. Демек, азаматтарымыз референдумға барынша көңіл бөліп, енгізілгелі отырған өзгерістерді қолдап дауыс берсе дұрыс болады.