«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қызылорда қаласын айналып өтетін ұзындығы 12 шақырымдық автомобиль жолын салуда. Жаңа жол қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, транзиттік көліктердің шаһарға кірмей өтуіне және жолға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2026 жылғы сәуір айында басталды.
Жаңа жол I-Б техникалық санатына сай салынып, төрт жолақты болады. Жоба аясында бір көлік айрығы, бір көпір, екі мал өткелі, екі кері бұрылу алаңы және сегіз су өткізу құбыры қарастырылған.
Қазір жер жұмыстарының шамамен 80 пайызы орындалды. Жоспарланған 1,29 млн текше метрдің 1 млн текше метрден астамы игерілді.
Сонымен қатар 9,5 шақырымда жол негізінің төменгі қабаттары дайындалды. 8 шақырымға жол негізінің асфальтбетоннан жасалған жоғарғы қабаты, ал 7 шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді.
Жоспарланған сегіз су өткізу құбырының жетеуі орнатылды. Көлік айрығы, көпір және мал өткелдерінің құрылысы жалғасуда.
Нысанда 125 маман мен 85 жол-құрылыс техникасы жұмыс істеп жатыр. Жобалау жұмыстарының 90 пайызы орындалған.
Қызылорданың айналма жолын салу өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды орын алады. Жаңа жол көлік ағынын тиімді бөлуге, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге жоба транзиттік тасымалды дамытуға, өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және Қызылорда облысының логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.