Құрылтай: Әскери қызметін аяқтаған азаматтарға қандай қолдау көрсетілуі керек?

Құрылтай: Әскери қызметін аяқтаған азаматтарға қандай қолдау көрсетілуі керек?
Фото: М.Молдахмет

Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде запасқа шығарылған әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлерін әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында оларды жұмыспен қамту, кәсіби қайта даярлау, психологиялық қолдау, әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету және әскери қызметте жинақтаған тәжірибесін азаматтық салада пайдалану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырысқа Құрылтай депутаттары, Бас әскери прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұлан мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қорының өкілдері қатысты.

Запасқа шығарылған әскери қызметшілерді әлеуметтік бейімдеу және олардың азаматтық өмірге табысты интеграциялануын қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың маңызды мәселесі. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин бұрынғы әскери қызметшілерді қолдаудың нақты стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Әскери қызметтен кеткеннен кейін өз орнын таба алмаған азаматтар түрлі әлеуметтік мәселелерге тап болуы мүмкін. Олардың қатарында құмар ойындарға тәуелділік, маскүнемдік, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, тіпті деструктивті әрекеттерге, соның ішінде шетелдегі жалдамалы әскери құрылымдарға қатысу қаупі де бар. Бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажет. Өйткені мұнда ұлттық қауіпсіздік мәселесі де қозғалып отыр. Сол үшін 1 желтоқсанға дейін тиісті ұсыныстарды жинақтап, жүзеге асырылатын нақты стратегия әзірлеуіміз қажет. Бұл ретте әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау бағытында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың оң тәжірибесін де ескереміз. Әсіресе арнайы кәсіби дағдылары бар бұрынғы әскери қызметшілерге қолдау көрсету маңызды.

Біздің мақсатымыз – отансүйгіш, қажетті білімі мен кәсіби дағдылары бар адамдардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау. Ол үшін олардың азаматтық өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға көмектесіп, қоғам талаптарына бейімдеу қажет», – дейді Құрылтай депутаты Константин Авершин.

ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Татьяна Савельева әскери қызметшілерді әлеуметтік бейімдеуге қатысты заңнамалық өзгерістерді қолдауды сұрады.

«Депутаттардан «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 50-бабы 2-тармағының екі жаңа норманы қамтитын редакциясын қолдауды сұраймыз. Біріншіден, жағымсыз себептермен қызметтен босатылғандарды қоспағанда, әскери қызметтен шығу негізіне қарамастан, 20 жыл және одан да көп жыл еңбек сіңірген әрбір әскери қызметшіге әлеуметтік бейімделу құқығын беру ұсынылады. Екіншіден, азаматтық мамандық алу үшін әскери қызметшілерге ұзақтығы 40 тәулікке дейінгі оқу демалысын беру көзделген. Бұл түзетулер қосымша бюджет қаражатын қажет етпейді. Әскери қызметшілер оқу ақысын өздері төлейді. Әскери бөлімдерде психологтар жұмыс істейді, ал оқу демалысы кезеңінде ақшалай үлес белгіленген тәртіппен төленеді. Қорғаныс министрлігі ұсынылған түзетулердің мәтіні бойынша барлық қажетті материалдарды ұсынуға дайын», – деді Татьяна Савельева.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев әскери қызметтен босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік оқыту мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.

«Әскери қызметін аяқтаған азаматтарды азаматтық өмірге бейімдеу, оның ішінде жұмысқа орналастыру – маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы негізгі шаралардың бірі – кәсіптік оқыту. Оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша білім беру ұйымдарында, тікелей жұмыс орындарында, сондай-ақ Skills Enbek платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылады. Жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамту үшін субсидияланатын жұмыс орындары қарастырылған. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы бар. Субсидияланатын жұмыс түріне қарай еңбекақы жергілікті бюджет есебінен толық немесе ішінара төленеді. Ал өз кәсібін ашуға ниетті азаматтар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын пайдалана алады. Соның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өту мүмкіндігі бар», – деді Бақтияр Жазықпаев.

Келесі сөз кезегін алған «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қорының жетекшісі Рүстем Жантенов әскери қызметтен босатылған азаматтарға көмек көрсету бағытындағы қор тәжірибесін ортаға салды. Оның айтуынша, соңғы үш жылға жетпейтін уақытта қорға баспана, тұрғын үй төлемдері, еңбек өтілі, зейнетақымен қамту, жұмысқа тұру және қызметтен босатуға қатысты шағымдар бойынша екі мыңнан астам өтініш түскен. Қордың қолдауымен 200-ден астам азамат жұмысқа тұрған.

Рүстем Жантенов қазан айында Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған әскери реформа аясында әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау мен әскери борышын өтеген азаматтарға лайықты қолдау көрсету қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың маңызды факторы екенін баса айтты. Оның пайымынша, әскери қызметтен босатылған азаматтарға тиісті әлеуметтік қолдау көрсету әскери резервтің дайындығына, Қарулы күштерді кәсіби кадрлармен толықтыруға тікелей әсер етеді. 

«Осыған байланысты біз барлық күштік құрылымдарға ортақ бірыңғай бейімдеу жүйесін енгізуді ұсынамыз. Әскери қызметтен босатылуына 6 ай қалғанда азаматқа алдын ала хабар беріліп, жеке бейімделу жоспары әзірленуге тиіс. Одан кейін кәсіби бағдар беру, төлемдер, тұрғын үй және зейнетақы мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру жұмыстары жүргізіледі.

Әскери қызметтен босатылған күні азаматтың келісімімен оның мәліметтері мансап орталығына жолданады. Орталық келесі 12 ай бойы жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеді, ал тиісті ведомстволар оның нәтижесін бақылап отырады.

Бұл тәсілді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біздің қормен бірлесіп талқылап жатыр. Жақын арада министрлікпен тиісті меморандумға қол қою жоспарланып отыр», – дейді Р. Жантенов.

Мағжан МОЛДАХМЕТ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар