Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды. Бұл шешім Түрікменстандағы «Аваза» ұлттық туристік аймағында өткен комиссия отырысында қабылданды. Іс-шара ТМД ПАА 61-ші пленарлық отырысы аясында өтіп жатыр. Оған қатысу үшін Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай делегациясы Түрікменстанға келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әріптестеріне сенім білдіргені үшін алғысын жеткізген Марат Қожаев отырысты одан әрі өзі жүргізді. Жиынға ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттердің парламенттік делегацияларының, сондай-ақ Түрікменстан Меджлисінің өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелері Түрікменстанның 2026 жылы Достастыққа төрағалығы туралы ақпаратты тыңдады. Комиссия Түрікменстан Меджлисінің ТМД Парламентаралық Ассамблеясында бақылаушы мәртебесін беру туралы өтінішін бірауыздан қолдап, Ассамблея Кеңесіне осындай шешім қабылдауды ұсынды. Түрікменстан Меджлисі бұл мәртебені алған алғашқы ұлттық парламент болмақ, бұрын ол тек серіктес халықаралық ұйымдарға ғана берілген еді.

Комиссия мүшелеріне сондай-ақ Пномпеньде өткен Парламент спикерлерінің екінші парламентаралық конференциясының нәтижелері жайлы айтылып, Еуразиялық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру бастамасының парламенттік өлшемін ілгерілету туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ парламентшілер террористік және экстремистік ұйымдардың іс-қимылына тартылған адамдарды дерадикализациялау және әлеуметтік реинтеграциялау жөніндегі дөңгелек үстелдің қорытындыларын талқылады. Терроризмге қарсы мақсаттарда жасанды интеллект пен жаңа технологияларды пайдалануды заңнамалық реттеу туралы халықаралық конференцияның қорытындыларын қарады. Комиссия БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасымен, Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары Федерациясымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Осы күні ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, оған Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ қатысты.