390
Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі
Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына екі күндік жұмыс сапары аяқталды.
Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін айтқан Президент бүлдіршіндерді ерекше қуаныш пен мейірімге толы шуақты мейраммен құттықтады. Ізін ала Мемлекет басшысы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Алматы БалаFEST» қалалық балалар фестивалінің қорытынды іс-шарасына барды. Ботаникалық бақта өтіп жатқан «Алматы БалаFEST» мерекелік балалар фестивалі Президент жариялаған Балалар жылы аясында ұйымдастырылды. Президент фестивальдағы «Кітаптар қазынасы» кітап көрмесін аралап көрді.
Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды. Президентке университеттің инфрақұрылымын кеңейту жоспары жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоспарланған құрылыс нысандарының жобасы және жаңғыртылған оқу корпустары, жатақханалар мен қызметтік тұрғын үй таныстырылды.
Мемлекет басшысы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын аралаған Президент әлемдік заманауи технологиялармен жабдықталған институттың жаңа ғимаратына барып, мекеме жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий итбалығының азайып кету себебін зерделеп, осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Президент осы өзекті мәселені өз бақылауына алатынын айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөз сөйлейді.
– Ұлттық ғылым академиясының тарихы Қазақстан ғалымдарының әлеуеті қаншалықты зор екенін аңғартады. Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді, – деді Мемлекет басшысы.Дегенмен Президент бір мәселені қаперде ұстау керегін, өмір бір орында тұрмайтынын, күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда бұрынғы жетістіктерге марқайып отыруға болмайтынын қадап айтты.
– Қазір академия ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сондай-ақ салалық журналдар шығарады. Бар болғаны – осы. Шын мәнінде, оның әлеуеті және мүмкіндігі әлдеқайда зор екені түсінікті. Бүгінгі ахуалына қарап, академияның болашағы бұлыңғыр деп санайтындар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті, академиктердің өздері де оған күмәнмен қарайды. Ұлттық ғылым академиясы көптеген қоғамдық ұйымның қатарына қосылып кетті. Салдары қандай болғанын қазір көріп отырмыз. Дегенмен оның кадрлық және институттық әлеуеті әлі де жоғары, – деді Мемлекет басшысы.Осының бәрін ескере отырып, Президент академияның мәртебесін арттыру мәселесін көтерді.
– Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн. Осы ретте ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударғым келеді. Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет.Сонымен қатар Президент ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс екенін, сонымен қатар жастардың отаншылдық рухын күшейту басты мәселе екенін тілге тиек етті.
– Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Оған қоса, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс. Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Өкінішке қарай, қасиетті көк Туымызға байланысты жағымсыз жағдай азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.