50441
Петропавлда қамыс өртеніп, адамдар баспанасынан айырылды
Петропавлда қамыс өртеніп, адамдар баспанасынан айырылды
10 мамырға қараған түні Петропавлда екі тұрғын үй мен үш шаруашылық ғимараты өртенді. Өрт сөндірушілер төрт үйдегі өртті сөндіріп үлгерді. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт сөндірушілердің мәліметінше, Петропавл қаласының Қопай шағынауданында қамыс өртенген. Жалын тұрғын үйлерге тарады.
"Сағат 18:00 шамасында қамыс жана бастаған. Өрт жақын орналасқан жеке үйлерге таралды. Өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдар мен өрт сөндіру қызметі жеке құрамынан 31 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды. Үш газ баллоны эвакуацияланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Кірме жолдардың тарлығынан және жеке сектор құрылысының тығыздығынан өртті сөндіру күрделене түсті. Өрт сөндіру құрылыстарының ауданы — 173 шаршы метр, қамыс — 500 шаршы метр. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", - деп хабарлады ТЖД.
Кеше Қостанайдағы ірі өрттен 11 тұрғын үй зардап шеккен болатын. Мұнда да өрттің шығу себебінің бірі Тобыл жағалауындағы қамыстың жануы еді.