12 жылға созылған дау: «Иран ісі» аяқталды ма?

12 жылға созылған дау: «Иран ісі» аяқталды ма?

12 жылға созылған дау: «Иран ісі» аяқталды ма?
ашық дереккөзі
287

Иран мен алып «алтылықтың» мәмілеге келуін экономикалық шектеулерден шаршаған парсылар ғана емес, күллі әлем тағатсыздана күтті. 26 наурызда басталған келіссөз марафоны ары кетсе 31 наурызда аяқталар деген болжам расталмай, БАҚ біткен 8 күн бойы Лозаннаға телмірумен болған. Тараптардың талас-тартысы күшейген сайын келісімнің ауылы алыстай ма деген күдік дендегені рас. Бірақ 12 жылға созылған пікірталас екі жақты да қажытқанға ұқсайды. Келіссөзді мәмілелі мәреге жеткізу үшін Иран да, оны ортаға алған «алтылық» та соңына дейін шыдап бақты. Бейсенбіде басталған басқосу араға бір апта салып, бейсенбіде бітімге келді.

Иранның ядролық бағдар­ла­масы туралы келіссөздердің ресми қорытындысын Лозаннаға елеңдеген жұртқа бірінші болып АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри жариялады. Ол өзінің «Твиттердегі» жеке парақшасына: «Маңызды күн: Еуроодақ, Иран және «алтылық» ядролық бағдарламаға қатысты мәселелердің шешімін табуға бір қадам жақындады. Келісімнің нүктесін қою үшін жақында қайтадан іске кірісеміз», – деп жазды. Тараптар арасында шекті келісімнің жасалғаны жөнінде ресми мәлімдемені Иран Сыртқы істер министрі Джавад Зариф пен халықаралық ықпалдастық «алтылығының» үйлестірушісі әрі Еуроодақтың дипломатия басшысы Федерика Могерини жасады.

«Бүгін біз шешуші қадам жа­са­дық. Кешенді әрекеттер жос­парының негізгі жайттары бойынша бір тоқтамға келдік. Саяси батыл­дық, ізгі ниет пен қыруар еңбек ақыры өз жемісін берді. Енді Еуро­одақ ядролық бағдарламаға қатыс­ты экономикалық және қар­жы­­лық тыйымдардың күшін жояды. АҚШ та өз тарапынан салынған санкцияларды алып тастауға келісті. Мұның бәрі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агент­тіктің Иранның ядролық мін­дет­темелерін анықтаумен қоса жүзеге асырылады», – деп Еуро­одақтың Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік кеңесінің жоғарғы өкілі Федерика Могерини мән-жайды түсіндірді.

Бұдан былай Тегеран мемле­кет­тегі уран өндірісін қысқартуға тиіс. Ирандағы ядролық үдеріс­тер­дің барлығы МАГАТЭ-нің жіті бақылауына алынады. Ал АҚШ пен Еуроодақ Иран Ислам республикасына қарсы жаңа санк­циялар салуды тоқтатады және бұрынғы шектеулердің бәрін болмаса да, біразын алып тастайды. Тараптар бұл келіссөздің нәтижесі бойынша қорытынды құжатқа 30 маусымда қол қоюға келісті.

12 жыл бойы өзінің ядролық бағ­дар­ламасы бейбіт мақсатқа бағыт­тал­ғанын «алтылыққа» дәлелдеп баққан Иран ақыры ымыраға көнді. Тегеран алдағы он жылда уран байыту көлемінің үштен екісін азайтып, өзінің ядролық бағдарламаларын халықаралық қауымдастық назарында ұстауға келісті. Яғни Иранның меншігіндегі центрифугалардың саны 19 мыңнан 6 мыңға қысқарады. Шекті келісімнің талаптары бойынша мемлекетте жаңа атом орталықтары салынбайды. Уранның жинақталған қоры тек ғылыми мақсаттарға пайдаланылып, артығы ел аумағынан шығарылмақ. Иранда уран байытатын бір ғана орталық – Натанз қаласындағы өндіріс орны өз жұмысын жалғастырады. Ал Фордодағы ошақты тек ғылыми тәжірибе жасау үшін қолдануға рұқсат етілді. Сондықтан Фордо қаласындағы ядролық нысан ғылыми-зерттеу орталығына айна­ла­тын күн таяу. Халықаралық қауым­дастық Арактағы атом ре­ак­­торын қайта құруды қолға алады, өйткені бұл өндіріс ошағы плутоний шығару құқығынан айрылды. Келісімнің орындалуын қадағалау үшін МАГАТЭ барлық нысандарға еркін еніп, 25 жыл бойы Тегеранның ядролық саясатына араласуға құқылы. Қорытынды құжат әзірленіп, оған қол қойылған күні АҚШ пен Еуроодақ салған санкциялардың күші жойылмақ.

 Иран һәм уран

Иранның ядролық бағдарламасы 1950 жылдардан, шах билігі кезеңі­нен бастау алған болатын. Теге­ранға бұл салада АҚШ, Германия мен Франция қолдау көрсетті. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға уәде берген Иран 1958 жылы МАГАТЭ-нің мүшелігіне өтті. Ислам революциясынан кейін мемлекет тізгінін қолға алған жаңа билік парсылардың мәдениеті мен діни сенімдеріне қайшы келеді деген желеумен АЭС салудан бас тартты. Ядролық бағдарламаны жасауға қатысқан ирандық ғалымдар мен шетелдік мамандардың көпшілігі сол жылдары Ираннан бастарын ала қашты. Алайда араға жылдар салып, ядролық тәуелсіздіктің артықшылығын түсінген Тегеран бағдарламаны жаңғыртып, оларды қайтадан тізе қосып жұмыс істеуге шақырды.

Иранның ядролық қару жасауды қолға алғаны алғаш рет 2003 жылы АҚШ билігіне мәлім болды. Ғарыштан түсірілген фотосу­реттерден МАГАТЭ инспектор­лары декларацияланбаған ядролық нысандарды анықтады (Натанздағы жерасты зауыты мен Арактағы ауыр су реакторы). Бұл жайт Вашингтонның ғана емес, Париж, Лондон мен Берлиннің де мазасын қашырды. Алпауыттар Ираннан ядролық бағдарламасының құпиясын ашып, көзін жоюды та­лап етті. Мемлекеттегі оппози­ция­лық партия басшысы Тегеран­ның МАГАТЭ-ге мүше бола тұра, 18 жыл бойы ядролық өн­ді­ріс­пен айналысқанын жайып салған­нан кейін батыстың қысымы бұрынғыдан бетер күшейді. 2003-2006 жылдар аралығында Франция, Германия мен Ұлыбритания Иранмен келіссөз жүргізіп, райы­нан қайтаруға тырысты. Алайда тараптар бітімге келе алған жоқ. Тегеран ядролық өндірістің бәрі елдің электр энергиясына сұранысын қанағаттандыруға арналғанына сендіріп, ешкімнің ырқына көнбейтінін аңғартты. Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи ядролық қару жасауға, қолдануға ислам діні тыйым салатынын алға тартты.

2006 жылдан бері БҰҰ-ның Қауіп­сіздік кеңесі Иранға қарсы санк­ция­лардың төрт пакетін енгізді. Ең әуелі ядролық бағдарлама үшін қолданылатын технологиялар мен материалдарды сатуға тыйым салды. Содан соң Иран банктерінің шетелдік шоттарына құлып салды. Батыс елдері бұл мемлекетке кірген-шыққан жүкке бақылауды күшейтті.

Тараптардың қарым-қатынасы ушыққан соң, Батыс пен Тегеран арасын дәнекерлеуді Мәскеу өз мойнына алды. 2005 жылдың күзінде Ресей Иранға уран байыту процесін өз территориясында жүргізуді ұсын­ды. Әуелде Тегеран ешқандай ұсыныс алмаған кейіп танытқанымен, кейіннен Батыс үшін де, Ресей үшін де титтей пайдасы жоқ шарттар қоя отырып келісімін берді. Иран Ресеймен бірлескен кәсіпорындар екі жыл жұмыс істегеннен соң парсы жеріне көшірілуін талап етті. Сондай-ақ, ресейлік нысандарға ирандық мамандар емін-еркін кіруі керек деген шарт қойды. Ақырында екі тарап ортақ шешімге келе алмай, Иранның Сыртқы істер министрлігі Мәскеудің ұсынысынан түбегейлі бас тартты.

«Алтылықтың» Тегеранмен келіс­сөз­дері Махмуд Ахмадинежад билігі тұсында тіпті қиындап кетті. 2006 жылы Ахмадинежад Иранның ядролық державалар қатарына қосылғанын ресми түрде жариялап, елдегі уран байыту көлемін 20 пайызға арттыруды тапсырды. Махмуд мырзаның өз дегенінен қайтпайтынын ұққан Батыс Тегеранмен диалогты тоқтатты. Көп ұзамай «Иран ісі» БҰҰ-ның құзырына берілді. 2006 жылдан бастап 2010 жылға дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздің кеңесі Иранға қарсы санкцияларды қарша боратты. Басқасына шыдап бақ­са да, мемлекеттің мұнай экспортын шек­теген АҚШ пен Еуроодақтың 2012 жылғы эмбаргосы парсы экономикасы үшін ауыр соққы болды, Иранда инфляция деңгейі күрт жоғарылады.

Шектеулер шымбайға батқан соң, жағдайды реттеуге Аятолла Әли Хаменеи араласты. Оның ықпалымен мем­лекеттік биліктің тізгінін Хасан Роухани қолға алды. Жаңа президенттің келуімен 2013 жылдан бастап Иран Ислам республикасы мен Батыс елдерінің қарым-қатынасы оң сипат алып, келіссөздердің жаңа кезеңі басталды. Тегеран уран байыту көлемін 5 пайызға қысқартып, Ахма­ди­нежаб тұсында 20 пайызға асыра байытылған уран қорын жоюға келісті. Вашингтон өз кезегінде жаңа санкциялар салуды тоқтатып, Иранның 4,2 млрд. долларды құрай­тын активтерін иемдену құқығын қайтарды.

Алып «алтылық» пен Тегеран келіс­сөз үстеліне кешегі күнге дейін бір емес, бірнеше мәрте отырды. Бірақ кездескен сайын идеологиялық, технологиялық һәм саяси кедергілер кесе-көлденең шығып, келісім кейінге шегеріле берген еді. Бәлкім мәмілеге келу үшін қой жылын күткен шығар. Қалай десек те, бітімгер бейсенбі жаһан жылнамасына ерекше қаріппен қашалары сөзсіз.

Лозанна келісімі көптің көкейін­де­гісін дөп басты. «Алтылық» пен Тегеранның мәмілесін, әсіресе, иран­дық­тар қуана қарсы алды. Жақсы жаңалықты естіп, бөріктерін аспанға атқан парсы жұртшылығының қуанышына өткен аптада «Астана» арнасының эфирі арқылы куә болдық. 40 жылдай санкциядан көз ашпаған ел халқы мұндай күннің туғанына сенер-сенбесін білмейді. Мұнай экспортының күрт кеміп, бір ғана 2012 жылдың өзінде Иран экономикасы 70 миллиард доллар жоғалтқан болатын. Ұлттық валютадан да береке кеткен еді. Ирандықтардың сөнген үміті қайта тұтанғандай болды.

Тегеранның ядролық бағдарла­масы жөніндегі келіссөз барысында әркім өз есебін түгендеп қалуға тырыс­қаны рас. Басқосуға қатыс­қандардың көңілі тоқ болғанымен, Лозанна уағдаластығын қаралы хабардай қабылдағандар да бар. Кімнің ұтып, кімнің ұтылғанын анықтау үшін асықтарын санауды құп көрдік.

 Тегеранның тынысы ашылды

Тегеран үшін басты олжа – мұнай экспортының қайтадан қарқын алатыны. Санкциялардың тоқтатылуы Иранның аймақтағы әскери, саяси әлеуетінің артуына ықпал етері сөзсіз. «Алтылықтың» бірқатар шарттарына иліккенімен, Ислам республикасы өзінің бейбіт атом өндіру құқығын сақтап қалды. «Біз инновациялық өндіріске көшіп, әлемдік нарыққа шығамыз. Байытылған уранды табиғи уранға алмастырып сататын боламыз. Келіссөздердің 8 күнге созылуы бекер емес. Құжаттағы міндеттер түгел орындалады. Бұл біздің қарым-қатынасымызды оңалтып, алдағы уақытта тығыз жұмыс істеуге негіз болады деп сенемін», – деді Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф.

Иран Ислам республикасының прези­денті Хасан Роухани да Лозаннадағы ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықты орындауға бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Батысты да өз уәдесінде тұруға шақырды. «Иран келісімді толық орындауға мүдделі. Біздің кәззаптық істемейтінімізге бүкіл әлемнің көзі жетуі тиіс. Сөз бердік пе, міндетті түрде орындаймыз. Әрине, біздің әрекетіміз екінші тараптың іс-қимылымен сабақтас болатыны анық. Егер «алтылық» уағдаластық шарттарын орындамайтын болса, біз де бағытымызды өзгертеміз», – деп Хасан Роухани жергілікті телеарна эфирінен Иранның ұстанымдарын алыс-жақынға түгел естіртіп айтты. Сондай-ақ, президент Лозанна уағдаластығы Иранның өзге мемлекеттермен қарым-қатынасына да оң ықпал ететінін атап өтті. «Бұл келісім арқылы «алтылық» мемлекетіміздің өз аумағында уран байыту құқығын мойындады. Бұған дейін олар Иранның байытылған уранын халықаралық қауымдастыққа төнген қатер деп есептеп келген еді, енді Батыс өз көзқарасын өзгертті», – деді Роухани.

 Ақ үйдің асығы түгел

Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздің нәтижесі бойынша БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасау үшін Ақ үйдің алқызыл бағына шыққан Барак Обама Лозанна келісімі көп жылдық пікірталастың нүктесін қойған тарихи қадам болғанын атап өтті. АҚШ пен КСРО-ның «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі мәмілесінің маңызын мысал еткен президент қол жеткізілген уағдаластық халықаралық қауымдастық қауіпсіздігіне кепіл болатынын айтты.

«Президент әрі бас қолбасшы ретін­де мен үшін Америка хал­қы­ның қауіпсіздігінен артық жауап­кер­шілік жоқ. Лозаннадағы шекті келі­сім бойынша қорытынды құ­жатқа қол қойылар болса, біздің, одақ­тастарымыздың және бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне сенім күшейетіні анық. Санкция ирандық ядролық бағдарламаны өздігінен тоқтатпағаны анық, алайда шектеулер мен тый­ым­дар Тегеранды келіссөз үсте­ліне отырғызды. АҚШ-тың белсенді дип­ломатиялық іс-қимылдары арқа­сында әлем біздің ұстанымдарды қолдады. Келіссөз жүргізу үшін біздің қатарымызға Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай сияқты әлемнің жетекші елдері мен Еуроодақ қосылды», – деді Обама.

Швейцариядағы басқосудың қо­ры­тындысы туралы ойларын АҚШ президенті «New York Times» газетінің оқырмандарымен де бөлісті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Обама Лозанна мәмілесін «Таяу Шығысты ядролық қарулану жарысынан сақтандырудың жалғыз мүмкіндігі» деп бағалады. Сондай-ақ, президент Иранға салынған санк­циялар Тегеран өз мойнына ал­ған міндеттерді орындағанда ғана жойылатынын айтты. Ислам республикасы бақылаудың қатаң тәртібіне келіскенін, енді шегіне алмайтынын барынша ұқтыруға тырысты. «Иран келісімді бұзып, шалыс басатын болса, онысы дүние жүзіне жария болады. Егер біз Тегеранның әрекетінен күдікті қимыл байқасақ, дереу тексеретін боламыз», – деп ескерту жасауды да ұмытқан жоқ.

«Алтылық» пен Иран келісімінің АҚШ-тың экономикалық һәм саяси әлеуетіне тигізер пайдасын ашып айтпаса да, Барак Обама асығы түгел екенін бір-ақ сөйлеммен дәлелдеді: «Бұл – біздің негізгі мүддемізге сай келісім».

Еуропаның есебі қандай?

Еуроодақ көшбасшылары да Иранның ядролық түйткілдерінің түйіні тарқатылғанға дән риза. «Швейцарияда қол жеткізілген уағдаластық 30 маусымда қол қойылатын келісімге негіз болары анық. Тараптардың ымыраға келуі Таяу Шығыс елдерінің жаппай қаруланудан бас тартуына себеп болады деп ойлаймын», – деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд. Министр бұл келісімге оңайлықпен қол жетпегенін атап өтті: «Келіссөздер ұзаққа созылды әрі күрделі жағдайда жүрді. Егер шарттар қанағаттандырмаса, келісімге келмейміз деп әу баста айтқанбыз. Әркім өз мүддесін алға тартқаны рас, бірақ тараптардың кедергілермен табанды күресінің арқасында баршаға ортақ мәмілеге қол жеткіздік. Күні кешеге дейін бұл пікірталас ешқашан мәреге жетпейтіндей көрінген еді», – дейді ол.

Германияның Сыртқы іс­тер министрі Франк-Валь­тер Штайнмайер Лозанна уағда­лас­тығын «ілгері қарай жасалған үлкен әрі шешуші қадам» деп бағалады. «Қол жеткен табысымыз мақтануға тұрарлық. Қуануға әлі ерте, келісімге қол қойылған жоқ. Десе де, он екі жыл бойы күрмеуі көбейе берген мәселенің шешімі табылды. Алдағы үш айда қорытынды құжатты әзірлеуіміз керек. Барлық сұрақтың басын ашып алдық, енді ши шықпайды деп ойлаймын», – деді Штайнмайер. Алайда оның француздық әріптесі Лоран Фабиус шекті келісіммен тоқмейілсуге болмайтынын, жұмыстың еселене түскенін алға тартты. «Қолымыз жеткен уағдаластық – аралық келісім ғана. Оны әбден пісіріп, құжат бетіне түсіруіміз керек. Сондықтан жұмысымыз бұрынғыдан бетер көбейді», – дейді ол.

Министрлердің сөзінен түсін­геніміз – Еуроодақтың ұпайы түгел. Иранның ядролық бағдар­ла­масының шектелуі одақтың қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Еуропадағы ядролық державалардың бәсекелесін азайтты. Лозанна мәмілесінің Еуроодақ үшін тағы бір оң әсері бар. Таяу Шығыспен экономикалық ынтымақтастықтың жандануы Еуропа елдерін Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтқарады дейді мамандар.

Тель-Авив

тіс қайрап отыр

Иран мен «алтылықтың» уағда­лас­тығын құптамағандар да бар. Батыс елдерінің бұл қадамына Иранның басты геосаяси қарсыласы Израиль түбегейлі қарсы. АҚШ президенті Барак Обаманың қоңырауы да Тель-Авивті сабасына түсіре алмады. Мемлекеттің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жаңа келісім өз еліне қауіп туғызатынын айтты. Саясаткер ресми Тегеранға қасылығын ашық білдіретін. Соңғы уақытта Ақ үйді айналып өтіп, Конгресте республикалықтар алдына АҚШ пен Иран арасына сызат түсіруге барын салған. Мұнысынан түк шықпады. «Кез келген келісім Иранның ядролық қуатын шектеп, Тегеран тарапынан жасалып отырған қысым мен терроризмді жоюға бағытталуы керек. Лозанна келісімі бұл мақсаттарға қол жеткізе алған жоқ», – дейді Нетаньяху.

Израиль премьер-министрінің баспасөз хатшысы Марк Регев БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасап, мемлекеттің ұстанымдарын жариялады. «Бұл келісім бәріміз үшін қауіпті болып тұр. Ол Иранға уранды байыту үшін мыңдаған қондырғы қалдыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер жанданса, Тегеранның ядролық әлеуеті артып, жаңа, жетілген қондырғылар салуға қабілетті болады. Иранның ядролық бағдарламасының мақсаты – ядролық қару әзірлеу ғана. Өкінішке қарай, Лозанна келісімінде ол заңдастырылды», – дейді М.Регев.

Барак Обама Ұлттық қауіп­сіз­дік қызметіндегі сенімді өкіл­де­ріне алдағы уақытта Израиль үкіметімен консультациялар жүргізіп, екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын тереңдетудің және АҚШ-тың Израиль қорғанысындағы мызғымас орнын көрсетудің жолдарын табуды тапсырды.

P.S: Иран түйткілі шешілген бойда әлемдік мұнай бағасының баррелі 55 долларға түсіп кетті. Сарапшылар бұл қара алтын нарығындағы құбылыстардың басы ғана деп болжайды. Иранның нарыққа қайтып оралуы мұнай өндіруші елдерді қуанта қоймағаны анық. Алып «алтылықтың» көзқарасы түзелгенімен, Тегеранға тіс қайраушылар көбеймесе, азамайтын сияқты.

Серіктес жаңалықтары