689
Айбыны асқақ армия – азаттықтың кепілі
Айбыны асқақ армия – азаттықтың кепілі
Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда құрылды. Осылайша бұл дата «Отан қорғаушылар күні» деп жарияланып, 2012 жылы мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды.
Елдің елдігін, елдігінің қуатын, қауіпсіздігінің деңгейін айқындайтын – қорғаныс саласының әлеуеті. Заман талабы басқа арнаға ойысқанымен, бұл саланың назардан тыс қалмағаны абзал екенін соңғы жағдайлар аңғартып отыр.
Мереке қарсаңында еліміздің қорғаныс саласының әлеуеті мен ахуалына шолу жасап көрдік.
Қорғаныс саласының қауқары қандай?
Қай кезде болмасын Қарулы Күштер кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің және азаматтарының қауіпсіздігінің кепілі саналды. Халықаралық қатынастар мен дипломатия елдер арасындағы тұрақтылықты реттеудегі маңызды фактор болғанымен, оқыс жағдайда бұл тетіктердің қауқары кемшін түсуі ықтимал. Бұл кезде бүкіл жауапкершілік әскерге ауады.
Әскер әдетте қару-жарақ, әскери доктриналардың санымен, күшімен ерекшеленеді. Әскер саны әскери әлеуеттің басты көрсеткіші деген түсінік бар, алайда қазір әскердің қуатын тек санға қарап бағамдау толық объективті тұжырым болмайтыны анық. Көбінесе әскердің күші санмен емес, сарбаздардың ерік-жігері, дайындығы және қару-жарақ сияқты факторларға қарап анықталады. Қазір мемлекеттердің әскери күшін анықтайтын түрлі рейтинг жетерлік. Соның ішінде әлемнің 140 елінің әскери күшін үнемі қадағалап, жыл сайын қорытындылап отыратын Global Firepower (GFP) аналитикалық порталының рейтингі салыстырмалы түрде нақтырақ саналады. Себебі рейтинг түзгенде 50-ден астам көрсеткіш сараланады. Әскер саны, танк, кеме, ұшақ және басқа да әскери техниканың санынан басқа, онда әскери саланы қаржыландыру деңгейі, елдің көлік инфрақұрылымы, мұнай өнімдеріне қолжетімділігі сияқты әскердің қарым-қабілетіне ықпал етуі ықтимал басқа да факторлар ескеріледі. Дегенмен ядролық қару факторы ескерілмейтінін атап өткен жөн. Рейтингте индекс мәні неғұрлым аз болса, ел әскері соғұрлым күшті дегенді білдіреді.
Global Firepower (GFP) биылғы рейтингісінде бірінші орында – АҚШ, одан кейін Ресей мен Қытай тұр. Ал еліміз 1.0615 индекс көрсеткішімен Орталық Азия бойынша Өзбекстаннан кейінгі екінші, ал жалпы рейтингте 64 орында.
2020 жылғы дерекке сүйенсек, Өзбекстанның Қарулы күштері Орталық Азиядағы ең мықты армия саналады. 1992 жылы 14-қаңтарда құрылған армия құрамында әскери басқарма, құрлық әскері, әуе күштері, теңіз күштері, ұлттық гвардия және кеден қызметі сынды бағыттар бар.
Әскери қызметкерлерінің жалпы саны – 50 000.
Армиясының жылдық бюджеті – 975 000 000 доллар.
Түрікменстанның Қарулы күштері 1992 жылы 28 қаңтарда құрылған. Құрамына әскери басқармалар, құрлық әскерлері, әуе күштері, теңіз күштері мемлекеттік кеден қызметі және басқа ұйымдар кіреді. Әскери қызметкерлерінің жалпы саны – 22 000. Армиясының жылдық бюджеті – 200 000 000 доллар.
Тәжікстанның Қарулы күштері 1993 жылдың 22 ақпанында құрылған. Құрамында құрлық әскері, мобильді күш, әуе күштері, арнайы әскерлер, әуе-десанттық күштері, президенттік ұлттық гвардия және қауіпсіздік мекемелері кіреді. Әскери қызметкерлерінің жалпы саны – 9000. Армиясының жылдық бюджеті – 1 600 000 000 доллар.
Ал Қырғыз Республикасының Қарулы күштері 1992 жылдың 29 мамырында құрылған. Құрамында құрлық әскері, әуе күштері, мемлекеттік кеден қызметі және Қырғыз Республикасының ұлттық гвардиясы бар. Әскери қызметкерлерінің жалпы саны – 11 000. Армиясының жылдық бюджеті – 20 000 000 доллар.
Әскер саны бойынша сараптаманы халықаралық стратегиялық зерттеулер институты жасайды. Ол жыл сайын 170 елдің әскери және қорғаныс әлеуетін (Military Balance) шолып, оларды әртүрлі көрсеткіштер бойынша, соның ішінде әр елдің Қарулы Күштері құрамындағы әскер саны бойынша салыстыра отырып шығарады.
Military Balance есебі өте көлемді әрі ақылы болғандықтан, көп жағдайда ашық дереккөзге жариялана бермейді. Еліміздің Қорғаныс министрлігі де Қарулы Күштерінің жеке құрамының санын құпия сақтайтынын атап өткен жөн. Дегенмен ашық дереккөздерге сүйене отырып, еліміздегі әскер санын шамалап көруге тырыстық.
Мұнда қарулы күштердің (тұрақты әскерлердің), резервтердің, қарулы күштерге жатпайтын әртүрлі әскерилендірілген құрылымдардың санымен танысуға болады. Сонымен қатар, елдегі 1 адамға шаққандағы әскери қызметкерлердің саны туралы мәліметтер бөлек келтірілген. Бұл көрсеткіш елдің қаншалықты әскерилендірілгенін көрсетеді. Рейтингтің соңғы нұсқасы 2021 жылы шықты, мұнда бірінші орында Қытай сосын Үндістан, ал АҚШ үштікті түгендейді.
Рейтинг мәліметіне сүйенсек, еліміздің Қарулы Күштерінде 39 мың, әскерилендірілген құралымдарда 31 500 адам бар. Резерв бос, сонда барлығы 70 500 адам деп көрсетілген. Рейтингте Қазақстанның соғыс жағдайында қорғаныс саласына жұмылдырылуы мүмкін азаматтарының саны 8,5 миллион шамасында деп көрсеткен. Әскери қызметке жарамды азаматтар саны – 6,5 миллион шамасында. Жыл сайын әскерге шақыру жасына жеткен азаматтар саны – 261 мыңнан астам. Әскериленген құрама қызметкерлерінің саны – 32 мың шамасында. Елдің әскерилендіру деңгейі 3.8 балға бағаланыпты. Ал жалпы армиядағы әскери қызметкерлер саны ел халқының бiр пайызын да құрамайды екен.
2021 жылы резервтік әскер жасақтау туралы мәселе көтерілген болатын. Бірақ оны нақты қашан енгізетіні белгісіз. Жоспар бойынша Парламентте талқыланып, арнайы заң болып бекітілгеннен кейін, алғашқы шақыртулар 2024 жылдың ортасы мен 2025 жылдың басында болмақ деген жоспар болған.
Қорғаныс министрлігі былтыр Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылатынын айтқан. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған. Ал ведомство биыл көктемде 19-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық азамат әскерге шақырылатынын мәлімдеді. Олардың 6 500-ден астамы қарулы күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етеді.
Әскери арсенал әлеуетті ме?
2020 жылғы ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздің ӘӘК, ӘТК және КҚПК авиациясында 222 аппарат бар. Оның ішінде 76 жойғыш, 39 жер бетіндегі нысаналарға шабуыл жасайтын соғыс ұшағы, 18 әскери-көлік ұшағы, 18 оқу-көлік ұшағы, сондай-ақ 71 әскери және 18 соққы тікұшағы бар.
Global Firepower (GFP) танк саны бойынша шығарылған жеке рейтингісін де шолып өттік. 2020 жылғы ресми деректерде танк саны 650 деп көрсетілген екен. Көш басында тұрған Ресейде 12 420 танк бар. Рейтингті түзгенде әскер түрлерінің танктері, сондай-ақ барлық кластағы танктер (соның ішінде стингрей моделі сияқты жеңіл танктер) есепке алынған. Бұл тізімге қолданыстағы танктер де, сақтаулы тұрған танктер де кіреді.
Осы орайда КСРО ыдырағаннан кейін елімізге одақтың стратегиялық қару-жарақ қоры қалғанын айтып өту керек. Ал қазіргі жағдайға келер болсақ, жауапты ведомство қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи, жоғары технологиялық үлгілерімен техникалық және жауынгерлік жарақтандыру жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылып жатыр деп сендіреді. Мәңгілік сабақ боларлықтай Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы оқиғалар бұл мәселенің кезек күттірмеу керегін анық байқатқан еді. Содан соң елдегі барлық әскери арсеналға жіті тексеру жүргізілуі керек екені де айылған еді.
3 мамыр күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов еліміздің Қарулы Күштерін жан-жақты дамытуға байланысты шараларға баса назар аударылып жатқанын мәлімдеді.
– Басым бағыттар бойынша әскери өнім атауларының тізбесі айқындалған. Оған майдандық және әскери-көлік авиация ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, сауытты танктік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалық құралдар, оқ-дәрілер және басқа да номенклатуралар кіреді, – деді вице-министр. Бұл ретте отандық кәсіпорындарда жасалған өнімдерге басымдық берілмек екен.
– Импортқа тәуелділіктің төмендеуі, қару-жарақ пен техниканы қолдану бағасының, сапасы мен тиімділігінің оңтайлы арақатынасы, өндіріс әлеуетін арттыру және тиісінше мемлекеттік қорғаныс тапсырысының уақытылы орындалуы басты талап болып отыр. Бұл салада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүйелі жұмыс атқарылып жатыр, – деген еді.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканың заман талабына сай түрлерін жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды ұлғайтуға мүдделі екендерін мәлімдеді.
Қаржы неге қат?
Қорғаныс министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің қорғаныс саласына деп белгіленген үш жылдық бюджет (2020–2022 жылдар) 961 миллиард теңге (2,55 миллиард доллар) деп есептелген. 2020 жылға 331,9 млрд теңге тиесілі, оның ішінде 313,6 миллиард теңге Қарулы Күштерге және 18,3 миллиард теңге кадрлық әлеуетті дамытуға және медициналық қамтамасыз етуге бөлінген.
2021 жылдың 11 айында қорғанысқа салынған инвестициялардың жалпы құны бар болғаны 50 миллиард теңге болған, бұл 2020 жылдың сәйкес
кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға төмен.
Жалпы соңғы 10 жыл ішінде қорғанысқа 550,1 миллиард теңге кұйылыпты, бұл – басқа салалармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мысалы, сол кезеңде өнеркәсіпке 45,6 триллион теңге, ауыл шаруашылығына 2,8 триллион теңге инвестицияланған.
Ал биылғы қаңтар-наурыз аралығындағы 5 244 миллиард теңге бюджет шығынының 189 миллиарды қорғаныс саласына жұмсалыпты.
Қарулы Күштер негізінен, өте қымбат сала саналады. Сондықтан барлық елдер толық жабдықталған, күшті әскерге ұстауға қауқарлы емес. Осы орайда Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты жүргізген зерттеу негізінде Дүниежүзілік банк әлем елдерінің қорғаныс шығындарының тізімін ұсынды.
Рейтинг елдің әскери қажеттіліктерге қанша ақша жұмсайтынын жалпы ішкі өнімнің пайызымен көрсетеді. Бұл әскери шығындардың ең дәл көрсеткіші саналады. Бірақ әскери шығындарды қаржыландыру мемлекет экономикасы туралы аз мәлімет беретінін ескеру керек: ЖІӨ-нің көп пайызын әскери салаға жұмсайтын елдердің арасында дамыған, дамушы, кедей елдер де бар.
Қорғаныс шығындары бойынша әлем елдерінің рейтингінде еліміз 115-орында, елдің қауіпсіздігіне ЖІӨ-нің тек 1 пайызы ғана бөлінеді,
бұл – әлемдегі ең төмен, ЕАЭО-ның барлық елдерінен төмен көрсеткіш. Және аталған меже тәуелсіздік алғаннан бері өзгермеген.
Посткеңестік елдердің ішінде қорғаныс саласына қомақты қаржы құйған мемлекеттердің ішінде Украина 2,6 миллиард доллармен көш бастап тұр. Әзербайжан – 2,4 миллиард доллар, Грузия 1,2 миллиард бөлген.
Яғни бізде қорғанысқа ел бойынша да, әлемдік ауқымда да қаражаттың аз бөлінетінін байқауға болады.
Еліміз БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік миссиясына, сондай-ақ халықаралық әскери маневрлерге қатысады. Бұдан басқа ынтымақтастық шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін бірқатар елдермен тұрақты бірлескен оқу-жаттығулар сериясы өткізіледі.
Бақытжан ЕРТАЕВ,
генерал-лейтенант,
«Халық Қаһарманы»:
Әскери саладағы реформа казармадан басталуы керек
– Осы күнге дейін біздің Қарулы Күштеріміз, қорғаныс саласы белгілі бір деңгейде өсіп-өркендеді, талай белестерден өтті. Еліміздің экономикасын ескерсек, біздің Қарулы Күштеріміз ешкімнен кем болған жоқ. Үкімет тарапынан салаға жеткілікті көңіл бөлінді, бір сәт ұмыт қалған емес.
Әлеуметтік мәселелер де шешіліп жатыр, әскерилердің баспаналы болуы туралы мәселе көтерген едік, ол да шешімін тауып жатыр. Бірақ әсіресе шекаралық аймақтарда, горнизондарда қызмет ететін әскерилердің отбасыларына әлі де жағдай жасау керек, олардың бала-шағасы басқа қалалар мен аймақтардағыдай толыққанды білім алып, үйірмелерге қатысып, жан-жақты дами алуға тиіс. Жоғары оқу орнына түсерде жеңілдік қарастырылса да, артық етпейтін еді. Офицер адам ешқайда алаңдамауы керек, ол Отанын қорғап жүрсе, Отаны да оны алаңдатпауы керек.
Генерал ретінде әрине, барлығы керемет деп айтпаймын, әлем әр сәт сайын жаңарып жатыр, бұрынғы құрал-жабдықтармен ескіліктің құрсауында қалсақ, онда көштен қалатынымыз анық. Бірақ қару-жарақ ала бергеннен де ештеңе өнбейді. Қазір реформа деп жатырмыз. Әскери саладағы реформа казармадан басталуы керек. Сарбаздардың арасындағы тәртіп бұзудан бастап, бағанағы айтқан әлеуметтік жағдайға дейін барлығы реттелуге тиіс.
Қорыта айтқанда, отыз жыл ішінде қорғаныс саласында айтарлықтай қарқынды даму да, құлдырау да болмағандай көрінеді. Бөлінетін қаржы да, әскери әлеуеттің көрсеткіштері де бірсыдырғы, бірқалыпты. Осы уақыт ішінді салада он үш министр ауысқан екен. Не десек те, қандай заман болмасын, айбынды әскер ел қайратын айқындайтын маңызды көрсеткіш болып қала бермек. Ал әскери салаға да кешенді реформа қажеттігі – әлдеқашан көзіміз жеткен мәселе.