382
5 жылда 70 млрд теңге шетел асқан
5 жылда 70 млрд теңге шетел асқан
Соңғы 5 жылда жемқорлық қылмыстардың нәтижесінде 70 млрд. теңге шетел асып кеткен. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.
«Соңғы 5 жылда жемқорлық қылмыстардың нәтижесінде 70 млрд. теңге шетел асып кеткен. Халықаралық іздеуде жүрген 47 жемқордың 28-і жақын және алыс шет мемлекеттерден елге экстрадицияланды», - деп атап өтті ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктерін жүзеге асырудың практикалық тәжірибесі: жетістіктер және халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияда. Сонымен қатар ведомство өкілі елімізде соңғы екі жылда жемқорлық фактілері мен ұсталған лауазымды тұлғалар бойынша статистиканы келтіріп өтті. «Екі жыл ішінде 1800 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Оның ішінде 21 тұлға республикалық деңгейде, 120 - облыстық, 313 - қалалық және аудандық ауқымдағы тұлғалар. Жемқорлық бойынша келтірілген шығын 48,5 млрд. теңгені құрады, тәркіленген мүлік сомасы 32 млрд. теңге деңгейінде тіркелді», - деді А. Шпекбаев. Айта кеткен жөн, халықаралық конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және өзге де лауазымды тұлғалар, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Н. Шимомура, Қазақстандағы шетел дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.