356
Ұлттық банк басшысы 2017 жылғы жоспармен бөлісті
Ұлттық банк басшысы 2017 жылғы жоспармен бөлісті
ҚР Ұлттық банкінің 2017 жылға арналған басты мақсаты – баға тұрақтылығы, деп хабарлайды Ұлттық банк ведомство басшысының сөзіне сілтеме жасап.
«Бүгін өзіміздің Интернет-ресурсымызда 2017 жылға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын жарияладық. Негізгі мақсат – баға тұрақтылығы», деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев журналистерге 2016 жылдың алдын ала қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында.
«Біз 2017 жылға инфляция бойынша нысаналы дәлізді 6-8% мөлшерінде сақтаймыз, ал болашақта 2020 жылға қарай оны 4%-дан төмен деңгейге дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз», – деді Д. Ақышев.
Ұлттық Банк бұдан әрі де инфляциялық таргеттеу саясатын ұстанады.
«Біз тиімді пайыздық арнаның тиімділігін арттыру және базалық мөлшерлеменің рөлін күшейту бойынша шараларды іске асыруды жалғастырамыз. Бұдан басқа, ақша-кредит саясатының жекелеген құралдарының рөлін нақтылау жоспарланып отыр», – деді ҚР ҰБ басшысы.
Сонымен қоса, ол 2017 жылы «кірістіліктің тәуекелсіз қисығын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады, ол пайыздық мөлшерлемелер бойынша нарықтық күтулердің индикаторы болып табылады» деп атап өтті.
Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін де сақтайды, оған сәйкес теңгенің бағамы шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы арасындағы арақатынас нәтижесінде айқындалады.
«Ақшаның экономикадағы барабар құнын көрсету мақсатында ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін базалық мөлшерлемеге теңестіру 2017 жылға арналған тағы бір шара болады», – деп хабарлады Д. Ақышев.
Ұлттық Банк сонымен бірге Ұлттық Банктің ашықтығын арттыру және коммуникациялық саясатын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
«Транспаренттіліктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету қазақстандықтардың Ұлттық Банкке деген сенімін арттыруға, инфляциялық және девальвациялық күтулерді төмендетуге және ақша-кредит саясатын барынша тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Ұлттық Банк Төрағасы.