2671
Қазақтілді ортаға қайыры жоқ қоғамдық ұйымдар
Қазақтілді ортаға қайыры жоқ қоғамдық ұйымдар
Соңғы жылдары азаматтық қоғамды дамытудың бір құралына айналған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қызметін заңнамалық қамтамасыз етуге және қаржыландыруға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан оқиғалар билік пен халық арасындағы байланыстың маңызын көрсетіп берді. Қаңтар оқиғасы – ел тұрғындарының басым бөлігі, соның ішінде қазақтілді қауым мен коммуникацияның ақсап отырғанының айқын дәлелі. Бұл мәселе мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның арасындағы «алтын көпір» саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне де тікелей байланысты. Алайда мемлекеттік тілдің коммуникация құралы ретінде толыққанды қолданылмауы қазақтілді қауымның қоғам мүшелерінің барлық тобын қамтуға тиісті іс-шаралардан тыс қалуына әкеп соғып отыр.
Үкіметтік емес ұйымдар немен айналысады?
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылғы сәуірдегі жағдайға сәйкес, 22 344 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қызметін тұрақты атқаратын 16 426 қоғамдық ұйым бар, ал 800-ге жуығы әрекетсіз деп танылған. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Қоғамдық ұйымдар мына бағыттарда қызмет етеді: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау; денешынықтыру және спорт; азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау; жастар саясаты және балаларды қорғау; білім және ғылым; қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту; саламатты өмір салтын насихаттау; денсаулық сақтау; мәдениетті және өнерді дамыту; қоршаған ортаны қорғау; мұқтаж адамға (отбасына) көмек көрсету; тарихи-мәдени мұраны қорғау; отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу; көпбалалы, толық емес отбасыларға және жетім балаларға көмек; ақпарат саласы және тағы басқа. Бұл ұйымдардың негізгі жұмыс тәсілі – тұрғындарды ақпараттандыру, тегін консультациялар беру, азаматтардың құқықтарын қорғау, демеушілік қызметтер көрсету, тренинг-орталықтар құру.
Қоғамда өте танымал ҮЕҰ-лардың бір тобы – қайырымдылық қорлары. Мәселен, А.Саинның қайырымдылық қоры, Ә.Тасмағамбетова басқаратын «Сәби» қоры еліміздегі мұқтаж азаматтар мен мүгедектерге материалдық көмек көрсету, науқас балаларды емдету және басқа қайырымдылық іс-шараларымен белгілі. Әйткенмен, қазір әлеуметтік желіде халықтан жәрдем сұраған өтініштің көптігі мұқтаж адамдардың қайырымдылық қорларынан қолдау таппайтынын байқатады.
ҮЕҰ-лар негізінен билік органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұл ынтымақ екіжақты, яғни қоғамдық ұйымдар билікке халықтың тілегін жеткізумен бірге, билік органдары қабылдаған шешімдердің тиімділігі және оған халықтың көзқарасы туралы мәліметтерді ұсынып отырады.
Әлеуметке арналған әлеуметтік тапсырыс
ҮЕҰ дегеніміз жекеменшік ұйымдар және олардың негізгі мақсаты пайда табу және оны өзара бөлісу емес. Қоғамдық ұйымдардың міндеті – қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық немесе саяси жағдаятты жақсарту мақсатымен белгілі бір қызметтер көрсету және мемлекет пен қоғамда қалыптасқан ахуалды өзгертуге талпыну. Әрбір қоғамдық бірлестік өзі айқындаған міндеттің төңірегіне бірігеді, сол топтың мүддесін қорғайды.
Қазір ҮЕҰ-ны қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және шетелдік қаржыландыру аясындағы гранттар. Қоғамдық ұйымдарды қаржыландырудың тағы бір көзі – отандық бизнес. Оның ішінде «Самұрық Қазына» АҚ Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қызметі танымал.
Мемлекеттің қоғамдық ұйымдарды қолдауын әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражаттың жылма-жыл өсуіне қарап байқауға болады: 2004 жылы – 9,7 миллион теңге, 2005 жылы – 59,7 миллион теңге, 2006 жылы – 200 миллион теңге, 2007 жылы 299,028 миллион теңге бөлінген (ашық деректер). 2020 жылы ҮЕҰ-ға 1,8 миллиард теңге бөлінген.
ҮЕҰ-ларды қаржыландыратын гранттар түрлі саланы қамтиды. Мәселен, 2020 жылы бөлінген қаражаттың басым бөлігі жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға бағытталған (554,1 млн теңге). Білім, ғылым, ақпарат және денешынықтыру мен спорт саласындағы қызметті қолдауға 231,5 млн теңге, ал әлеуметтік осал топтарды қолдауға 114,6 млн теңге жұмсалған.
Еліміздегі ҮЕҰ-лар шетелдік қаржыландыру арқылы да қызметін жүргізеді. Бұл қаражат 2018 жылы 5 миллиард теңге болған (ашық деректер).
Шетелдік қаржыландырудың негізгі үлесі (70 пайызы) АҚШ-қа тиесілі. Қазақстанда 53 халықаралық ұйым, 30 шетелдік мемлекеттік ұйым, 77 шетелдік үкіметтік емес ұйым бар. Олардың барлығы заңды тіркелген.
«Үшінші секторға» көлемді қаражат бөлетін ұйымдар – БҰҰ агенттіктері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ), Бүкіләлемдік банк, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), Фридрих Эберт қоры, «Сорос Қазақстан» қоры. Сондай-ақ АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, басқа да мемлекеттердің елшіліктері де түрлі гранттар бөліп отырады. Әлбетте, бұл ұйымдар мен қорлардың өзіндік мақсат-мүддесі болуы – заңдылық. Мәселен, «Сорос Қазақстан» қоры батыс құндылықтарын насихаттауымен танымал.
Халықтың өзекті проблемаларын шешу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаражат бөлінеді. Үкіметтің Жарлығына сәйкес, ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру саласындағы оператор – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Бұл ұйымның міндеттері заңмен белгіленген.
Қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды осы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бөліп отырады. АБҚО, сондай-ақ әдістемелік, аналитикалық, ұйымдастырушылық және консультациялық қолдау көрсетеді. Гранттық қаржыландырудың бағыттары Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықтары, Қазақстанның стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, Президент Жолдаулары, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ ұсыныстары негізінде қалыптасады. Гранттарды бөлу үшін алдын ала конкурстар ұйымдастырылады. ҮЕҰ өкілдері ұсынған жобалар бойынша өтінімдерді сыртқы конкурстық комиссия таңдайды. Конкурстық комиссияның сарапшылар тізілімі ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде жасалады (2022 жылы – 62 адам). Сарапшылар тізіміне Мәжіліс депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, академиялық құрамнан және басқа белсенді тұлғалар кіреді.
Қағажу қалған қазақтілді қауым
«Халық салығынан жиналып, қазынадан бөлінетін қыруар қаржы қалай бөлініп, қалай іске асуда?» деген сұрақ туындауы – заңды. Бұл ретте қаражаттың бөлінуі мен қазақ тілінің мүшкіл жағдайы тура пропорционал болып отыр.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының 2021 жылға арналған есебінде: «Мемлекеттік және орыс тілдерін меңгерген сарапшылардың үлесі – 50 пайыз (22 пайыз болған). Орталықтың ақпараттық саясатында толық қостілділік қамтамасыз етілді» деп жазылған. Алайда сарапшылар нақты жағдай мүлде басқаша екенін айтады. BasQaru қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы «Көптеген жобаны іске асыруда тек орыс тіліне басымдық беріледі. Сәйкесінше қазақтілді өңірлер аз қамтылады және қазақтілді қоғаммен жеткілікті байланыс жоқ» деп тұжырды.
Мысалы, 2021 жылы мынадай жобалар іске асырылған:
– Қазақстанның мүдделерін әлемдік деңгейде ілгерілету мақсатында волонтерлік ұйымдардың халықаралық диалог алаңдарына қатысуы – 25 млн теңге;
– Жастардың психикалық денсаулығына ықпал ететін жобаларды іске асыру – 17 млн теңге;
– Жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қаупін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту бойынша Birgemiz: Úmit жалпыұлттық жобасын іске асыру – 22 млн теңге;
– Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу – 19 млн теңге;
– Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі Birgemiz: Asyl Mura жалпыұлттық жобасын іске асыру – 22 млн теңге;
– «Қайырымды істер марафоны» жобасы – 59 млн теңге;
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру – 24 млн теңге;
– ҮЕҰ академиясы – 55 млн теңге;
– Қоғамдық кеңестер институтын дамыту – 24 млн теңге;
– Қазақстанның ҮЕҰ арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру және танымал ету – 16 млн теңге;
– Ауылдық елді мекен тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру – 15 млн және т.б.
Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, бұл жобаның барлығы ресми тілде атқарылған. Яғни, қазақтілді қауым, оның ішінде қазақтілді жастар аталған іс-шаралардан тыс қалған. «Жобалардың қазақ тілінде орындалмау себебі: біріншіден, конкурстық тапсырыстарға баға беруші сарапшылардың басым бөлігі мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмейді. Олар мемлекеттік тілде жазылған гранттық ұсынымдардың мәні мен мағынасын дұрыс түсінбейді, үстірт қарайды. Екіншіден, грант алушы ұйымдардың басшылығы қазақ тілін түсінбейді. Жобаны іске асыруда қазақ тілін қолдану және сол аудиторияны қамту назардан тыс қалады. Үшіншіден, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығы қазақ тілін қажетті коммуникация жүргізу деңгейінде білмейді. Тілді білмеу – сол тілдің өркендеуіне кері әсер етеді. Бұл – аксиома», – дейді сарапшы.
Мәселен, «Ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру» атты өте өзекті жобаны «ҮЕҰ академиясы» іске асырған. Қазақстанда ауыл тұрғындары негізінен жергілікті ұлт өкілдері екені белгілі. Алайда жобаны іске асыруда орыс тіліне басымдық берілген және орыстілді аудиторияға бағытталған.
Марғұлан Ермағанбетұлы «былтыр миллиондаған теңге бөлініп іске асырылған қайырымдылық марафонының қайтарымынан гөрі бір ғана Құрмет Талапқазы деген қарапайым азаматтың құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына жасаған көмегінің әсері зор болды», – дейді. Сондықтан да сарапшы қоғаммен жұмыстың форматы мен мазмұнын өзгерту керек деп есептейді. Оның ішінде қазақтілді ортамен тығыз байланыста жұмыс істеу – мемлекеттік органдар үшін басты міндет.
Ұлттық құндылықтан аяған қаражаттың қайтарымы жоқ
Азаматтық қоғаммен жұмыс саласындағы орны толмас олқылықты биылғы қаңтар оқиғасы ашып көрсетті. Алаңға шыққан жастардың басым көпшілігі – әлеуметтік теңсіздіктен зардап шеккендер, идеологиялық іс-шаралардан тыс қалғандар. Олардың барлығы дерлік қазақтілді екені тағы белгілі. Сондай-ақ бұл дүрбелең қоғамға төніп тұрған рухани азып-тозу жөніндегі дабыл болды.
Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдасында: «Елде де, одан тыс жерлерде де ұлттық мәдениеттің рөлін тану және ілгерілету» міндеті атап көрсетілген. Ұлттық мәдениет дегеніміз – ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тіл мен дін, әдет-ғұрып.
Қазір барлық қала мен облыс орталықтарында Азаматтық орталықтар ашылған. Олардың өз сайты бар. Алматы қаласы Азаматтық орталығының сайтындағы үкіметтік емес ұйымдар анықтамалығындағы мәліметке сәйкес, қалада барлығы 608 қоғамдық бірлестік тіркелген. Олардың ішінде: ардагерлер ұйымдары – 19, қайырымдылық– 131 ұйым, әлеуметтік осал топтарды құқықтық қолдау – 21, құқықтық қызмет – 48, гендерлік ұйымдар –31, балалар мен жастармен жұмыс – 57, экология – 34, денсаулық сақтау – 36, білім мен ғылым саласында – 31 ұйым, ақпараттық зерттеу орталықтары – 63, мәдениет саласында – 35, этникалық мәдени орталықтар – 49, шағын және орта бизнес бойынша – 12 бірлестік, 28 халықаралық ұйым бар.
Аталған ұйымдардың басым көпшілігі – ресми тілде қызмет атқаратын бірлестіктер. Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын ҮЕҰ саусақпен санарлық. Атап айтқанда, «Ұлт тағдыры» қозғалысы, «Ел шежіре» қоғамдық қоры, «Құндылық» қоғамдық бірлестігі, «Адырна» ұлттық- этнографиялық бірлестігі, «Бәйдібек баба» қоры, «Көшпелілер өркениеті мұрасы» қоғамдық бірлестігі, «Алтын арқау» әйелдердің мәдени-этнографиялық бірлестігі, «Отбасы хрестоматиясы» қоры, «Жанашыр» қайырымдылық қоры секілді қоғамдық ұйымдардың мақсат-міндеті ұлттық салт-дәстүрді, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау деп көрсетілген. Бұл ұйымдардың қызметі қазақтілді ортада біршама танымал.
«Құндылық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Думан Нүсіпақын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған конкурстарға көптеген жоба ұсынғанымен, бірде-бір рет өтпегенін айтады. Қор басшысы бұл орталықтың грантынан күдер үзгенін жасырмады.
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру және «Ана алақаны» жобаларының авторы Тұрар Сәттарқызы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ұлттық құндылықтарды белсенді насихаттап жүрген ұлт жанашырының жанайқайы орынды.
«Өкінішке қарай, қазір өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттау жөніндегі жобаларға мүлде назар аударылмай отыр. ҮЕҰ-ға арналған гранттар туралы ақпарат қазақтілді ортаға жетпейді. Өйткені Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшылары жергілікті ұлт өкілдерімен жұмыс істеуге қызықпайды. Тіпті, олар «ұлт» деген сөзден үрейленеді. Мәселен, этнопедагогика бағытындағы жобалар АБҚО тарапынан еш қолдау тапқан емес. Олар жобаның мақсатын түсінбейді, өйткені қазақ тілін білмейді. Орыс тілінде әзірленген жобалар орыстілді аудиториямен жұмыс істейді, бірен-саран жағдайда шақырылған қазақтілді спикерлер болуы мүмкін. Менің «Ертегілер ертеңі» атты жобам, «Айтшы, әжетай» атты балалар журналы қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалды» деп налиды Т.Сәттарқызы.
Сарапшылардың айтуынша, комиссия мүшелері кейбір жағдайда Google аудармашыны пайдаланады, бірақ бұл аударманың сапасы сын көтермейді. «Этнопедагогикалық, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту жайлы жобаларға комиссияның салғырттық танытуы қазақтілді қауымға жасалған дискриминация емес пе? Бұл АБҚО тарапынан жасалып отырған әділетсіздік», – дейді. Т.Сәттарқызы денсаулық жағдайына байланысты мүдегектікке душар болған адамдарды қолдаумен қатар, рухани мүдегектіктің алдын алуға арналған іс-шараларды қолдамайынша, қоғамдағы қайшылықтар шешімін таппайтынын айтады.
Мақсатты аудиториямен қазақ тілінде жұмыс істейтін қоғамдық қор қызметкерлерінің идеялары мен алға қойған жоба-жоспарлары сан алуан. Мәселен, Тұрар Сәттарқызының «Ана алақаны» атты жобасы қыз-келіншектерді әлеуметтік кәсіпкерлікке баули отырып, ұлттық бала тәрбиесіне бейімдеуге арналған. Алайда мемлекеттік гранттарға қол жеткізе алмауы себепті сырттан демеуші іздеуге мәжбүр. Осылайша қаржылық қолдау таппаған көптеген жоба қағаз күйінде қалып отыр.
«Адырна ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Әубәкір АБҚО гранттарын ұтқан ұйымдардың өткізген іс-шаралары туралы ақпарат қазақтілді БАҚ-та жарияланбайтыны, бұған ол жобалардың тек ресми тілде өтуі себеп екенін атап айтты. «Өтініш беру тілі орысша болса, олардың грантқа қол жеткізу мүмкіндігі де жоғары. Кейбір кезде жүздеген миллион теңге көлемінде атқарылатын іс-шаралардың пайдасын бірде-бір қазақтілді азаматтың көрмеуі – әділетсіздік. Мұндай жағдайлар өте көп. Жобалардың 90 пайызға жуығы ресми тілде іске асырылады. АБҚО отырыстары да тек ресми тілде өтеді. Бұл қазақтілді ҮЕҰ-дың дамуына кері әсер етеді», – деген А.Әубәкір қазақтілді көпшіліктің пікірін жеткізді.
Мәселен, civilcenteralmaty.kz сайтындағы мәлімет бойынша, өткен жылы 140 ҮЕҰ-дан 263 өтініш келіп түскен, оның ішінде 17 қоғамдық ұйым қазақша 42 өтініш берген. 130 ҮЕҰ-ның 221 өтініші орыс тілінде жазылған. Бұл цифрлар қазақтілді жобалардың үлес салмағы өте аздығын анық көрсетеді.
Сарапшы қазақ тіліндегі жобаларды ұсыну кезінде көптеген азаматтың құжат толтыру жағынан қателік жіберетініне де тоқталды. Салдарынан жақсы жобалар кері қайтарылып жатады. Жалпы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қызметінің бір бағыты – жоба ұсынушы қоғамдық қорларға әдістемелік көмек көрсету, семинарлар ұйымдастыру. Ал Алматы қаласы Азаматтық орталығының сайтындағы негізгі ақпарат тек ресми тілде (civilcenteralmaty.kz). Жаңалықтар, бейнематериалдар, мамандар кеңесі, семинарлардың дені – орысша. Қазақша парақша бар болғанымен, мәлімет мардымсыз. ҮЕҰ анықтамалығы да ресми тілде берілген. Демек, ресми тілді меңгермеген қоғамдық қор қызметкерлері ақпарат алу мүмкіндігінен тыс қалған.
BasQaru қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткізген жиында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша берілетін гранттардың қазақтілді және орыстілді жобаларға ең болмағанда теңдей бөлінуін (50/50) талап етті. Ал Тұрар Сәттарқызы әлеуметтік тапсырыс ұлттық жобаларға басымдық беріп, 70/30 пайыз үлеспен бөлінуге тиіс деп санайды. «Жаңа Қазақстан құратын болсақ, осы мәселені назарға алу қажет», – дейді қоғам белсендісі. Тіл мен ділді, ұлттық құндылықты дәріптейтін жобалар қолдау таппаса, ұлттың да көсегесі көгермейтіні, қазақтілді ортада билікке сенімсіздік туатыны шындық. Өзім дегенде енжарлық пен жалтақтық танытудың соңы жарға жығады. Азаматтардың салығынан құралған бюджет қаражатын бөлетін мекемелер әлеуметтік топтардың барлығын тең қамтуға мүдделі болуға тиіс.
Тағы бір өзекті мәселе, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының есебінде: «Енді мемлекеттік грантты басынан аяғына дейін еліміздің ең шалғай ауылдарындағы ҮЕҰ online режимінде жүзеге асыра алады» деп жазылған. Әзірге ел тұрғындарының 40 пайызы тұратын ауыл адамдары үкіметтік емес ұйымдар қызметіне мүлде дерлік тартылмаған. Жергілікті атқарушы органдар да ҮЕҰ-ны қолдауға аса мүдделі емес.
2021 жылғы халық санағы мемлекет құраушы ұлттың қоғамдағы үлес салмағы 80 пайызға жуықтағанын көрсетті. Бұл – қазақтілді қауымның әлеуеті өскенін білдіретін айқын көрсеткіш. Cондықтан да қазақтілді сарапшылар «Азаматтық қоғаммен дұрыс жұмыс істеудің бірден-бір және негізгі жолы – әлеуметтік жобаларды іске асыруда қазақ тілінің қолданысын міндеттеу шараларын жүзеге асыру» деп санайды. Ол үшін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстанның 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 заңына және оны іске асырушы заңнамалық актілерге мемлекеттік тілді қолдануды міндеттейтін құқықтық норма енгізу қажет. Осы бағытта әрекет етуші мемлекеттік орган мен оған қарасты ведомстволарда мемлекеттік тілді және орыс тілді еркін білетін мамандарды тағайындаған абзал. Бізге қаңтар оқиғасы сабақ болуға тиіс. АҚДМ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығына ұлттың тілін білетін тұлғаны тағайындауы қажет». Сонда ғана тұжырымдамада көрсетілгендей, түрлі әлеуметтік топтар тарапынан азаматтық қоғам институттарына сенім деңгейі артады, әлеуметтік жобалардың игілігін қазақтілді қауым да көреді.
Дина ИМАМБАЙ