Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Орталық Азия – Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері» атты талдау орталықтарының V форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен келген жетекші талдау орталықтарының, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңызына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекеттік кеңесші таяу арада Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін атап өтті.
Ерлан Қарин Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың күшейе түскеніне назар аударды. Сондай-ақ ол елімізде жүзеге асырылған реформаларға және даму жолындағы басым бағыттарға тоқталды.