Айтылды – орындалды

Айтылды – орындалды

Айтылды – орындалды
ашық дереккөзі
Былтырдан бері Мемлекет басшысының баспасөз қызметі «Айтылды – орындалды» айдарымен Мемлекет басшысының тапсырмасы және оның орындалуын, яғни нәтижесін жариялап отыратын үрдісті бастаған еді. Жақында осындай айтылып, орындалған тапсырмалардың бір парасы жарияланды. «Көлеңкелі майнинг майшаммен қаралды» Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі барлық май­нинг фермаларын анық­тап, салық және кеден мә­се­ле­лерін тексеріп, бас­қа да аспектілерді зерттеу қа­жет­тігі ай­тыл­ған болатын. Газетіміздің өткен сан­дары­ның бірінде бұл тақырыпқа нақтырақ тоқ­талған едік, сол кезде Президент бұл тап­сырманы сәуір айына дейін орындауды мін­деттегенін, мәселенің мән-жайы сол кез­де анық болатынын айтып сөзімізді түйін­дегенбіз. Сонымен, белгіленген уақыт жетті, тап­сырманың орындалғаны туралы ақ­парат та жарияланды. Ресми ақпаратта ең алдымен 51 заң­сыз майнинг фермасының қызметіне тос­қауыл қойылғаны, 55 ферма қызметін өз еркімен тоқтатқаны туралы айтылған. Қаржы мониторингі агенттігі де мем­ле­кеттік органдармен бірлесіп май­нинг фермаларының қызметіне кешенді тек­серу жүргізгені туралы мәлімдеді. Агенттік ақпаратына сәйкес, қызметін өз еркімен тоқтатқан 55 майнинг фер­ма­сы­ның жабдықтары мен құралдары бөл­шек­теліп, орналасқан жерінен шығарылған. Май­нинг жабдықтары Қытай, Оңтүстік Ко­рея, С­ингапур, Түркия және Грузиядан әке­лінген. Олардың арасында контрабан­да­лық жолмен жеткізілгендері де болыпты. Жалпы, Қаржы мониторингі агент­тігі 25 қылмыстық іс тіркеп, құны ша­мамен 100 миллиард теңге болатын 67 мың­нан астам техниканы тәркілеген. Осы жаб­дықтарды екінші рет айналымға енгізу­ге, қолдануға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны да айтылды. Одан бөлек, «заңсыз жұмыс істеп тұр­ған «сұр» майнерлердің артында кім тұр?» деген мәселенің жауабын құзырлы ор­гандардың өзі де білмейтіні туралы айт­қан едік. Қаржы мониторингі агенттігі бұ­ған қатысты да ақпар берген екен. – Өз қызметін тоқтатқан майнинг ком­па­нияларының арасында Павлодар об­лы­сында танымал кәсіпкерлер Болат Назар­баев пен Александр Клебановтың, сондай-ақ Ақтөбе облысында QazaqGaz ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төра­ға­сы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды об­лысында танымал бизнесмендердің бірі Ер­лан Нығматулиннің үлесі бар фирмалар анық­талды, – деп нақтылады Қаржы мо­ни­торингі агенттігі. Ведомство олардың ара­сын­да кәсіпкер Қайрат Итемгенов пен Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Мәткеновке қатысы бар компаниялардың да барын мәлімдеді. Ал жолы кесілген 51 ферманың техни­ка­лық шарттарсыз энергия көздеріне заң­сыз қосылғаны белгілі болған. Ішінде еркін экономикалық аймақ ау­ма­ғында заңсыз орналасқаны да бар. Мә­се­лен, фермалардың бірі Қарағанды об­лы­сындағы «Сарыарқа» арнайы эконо­ми­ка­лық айма­ғы­ның аумағында (АЭА) заңсыз қыз­мет істеп келген, ал негізінде АЭА жұмы­сы көбінесе жаб­дықтар өндіру, металлургия өнер­кәсібі және құрылыс сияқты салаларға бағыт­тал­ған. Қытай үкіметі блокчейн индус­т­рия­сына тыйым салғаннан кейін, сол жақ­тағы майнинг фермалары мен май­нер­лер жаппай Қазақстанға ауғанын айтқан­быз, сол кезде шамамен 50 майнинг ферма­сы, 320-ға жуық майнер келген деген мәлі­мет бар. Бірақ олар бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал екені де ескерілген болатын. Яғни, «сұр» майнерлермен күрес осымен аяқ­талды деп кесіп-пішіп айтуға келмейді. Сондай-ақ фермалар салықтар мен ке­ден төлемдерінен жалтарғаны анық­­талып, барлығы энергия көздерінен ажы­ратылғаны айтылды. Павлодар облысында жылыжай шаруа­шылығымен айналысатын үш компания майнинг фермаларына электр энер­гиясын лицензиясыз сатып келген. Ал Astana Hub халықаралық IT тех­но­пар­кінде стартап жасаушылардың атын жа­мылып, 8,5 миллиард теңгеге мемлекеттік преференция алған 5 майнинг фермасы анықталған. Бұл туралы Есеп комитетінің мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Ақылбай Ибраев мәлімдеді. Майнинг бұл технопарктің негізгі мақсаты мен міндетіне жатпайды, бірақ фермалардың қызметі заңды болып шыққан, соған қарамастан фермалардың біреуі майнинг фермасы ретінде ресми тіркелген. 2021 жылдың үш тоқсанында оларға 8,5 миллиард теңге са­лық жеңілдіктері берілген. Оған қоса, ком­паниялар Astana Hub-та тіркелген, бірақ олар­дың нақты орналасқан жері белгісіз. Осы тұста технопарктің жұмысы да көңілге күмән ұялатады, себебі бұл мә­селеге Astana Hub басшылығы емес, біл­дей бір министрлік араласып отыр. Оған қо­са, жағдайды бағамдасақ, салық жеңілдік­тері ешқандай тексеріссіз, оңай берілетін сияқты. Ал шығынды қайтара өндіріп алу туралы мәселе көтерілмеді. Ақорданың баспасөз қызметі атқарыл­ған жұмыстардың нәтижесі елімізде электр қуатын тұтыну 600 МВт-қа дейін төмен­де­туге сеп болды деп мәлімдеді. Ал былтыр қазан айында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев заңсыз жұмыс істейтін «сұр» майнерлер шамамен 1 200 МВт электр энер­гиясын тұтынатынын айтқан еді. Ал былтыр қарашада KEGOC АҚ елімізде энергия тұтыну өткен жылға қарағанда 1 500 МВт-қа көбейгенін, осы қарқын сақта­лар болса электр энергетикасы жүйесіндегі тап­шылық алдағы 3 айда шамамен 1,7 млрд кВт-сағатқа жетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Осыған байланысты майнинг пен цифрлық активтерді нормативтік реттеу ісі қатаңдатылғаны айтылды. Қаржы мониторингі агенттігі бұл сала реттелмесе, қауіп көп екенін де ескертті. Нақтырақ айт­қанда, криптовалюта терроризмді қар­жы­ландыру, қару-жарақ пен есірткі сатып алу құралына айналуы да мүмкін. – Осының барлығын ескере отырып, мә­селелерді заң аясында реттеуге бағыттал­ған жүйелі шешімдер әзірленіп жатыр, – деп түйіндеді ведомство. Бұған дейін майнинг фермалары тұ­тынатын қуатты 100 МВт-дан асыр­мау туралы заң жобасы талқыланған бола­тын. Кейіннен бұл заңды түрде жұмыс істеп тұр­ған майнинг фермаларының жұмысына ке­дергі келтірілуі мүмкін екені ескерілді. Себебі еліміздегі блокчейн индустриясының жоғары әлеуетін пайдаға асыру туралы ұсы­ныстар мен пікірлер жиі айтылады. Жалпы, саланы одан әрі дамыту туралы ойды құ­зыр­лы мекеме өкілдерінен бірнеше рет естідік. Жақып ХАЙРУШЕВ, ҚЭҚ еңбек сіңірген энергетигі: «Сұр» майнерлер энергия тап­шы­лығының басты себебі емес – Құзыретті органдар шынымен де біраз жұмыс атқарды және бірқатар «сұр» майнер әшкереленіп, жұмысы тежелді. Олар басқа өн­дірістердің атын жамылып, тіркеусіз, са­лық төлемей жұмыс істеді, сәйкесінше біз­де энергия тұтыну едәуір өсті, тапшылық пай­да болды, бірақ «сұр» майнерлер толы­ғы­мен анықталды деуге келмейді. Әлі де анық­талуы мүмкін, бірақ мұнша көп бол­май­ды, өйткені олардың басым бөлігі осы жолы анықталды деп ойлаймын. Енді энергия тапшылығы туралы ай­та­тын болсақ, «сұр» майнерлер, әри­не біздің электр энергетикасындағы проб­ле­маларымызды ашты, бірақ олар басты се­беп емес еді. Қазіргі энергия тап­шы­лығы­ның басты себебі – жылдар бойы жалғасқан тозу. Ол, әсіресе 2021-2022 жылғы қыста анық байқалды: мұржалар құлады, жөндеу жұ­мыстары жұмыс жасалмағаны анық­тал­ды. Тапшылық бұрын да байқалатын, сол кез­де біз резервке жүгінетінбіз, ал резерв «сұр» майнерлердің әрекетінен сарқылатын. Сон­дық­тан біздің алдымызда тапшылық мә­се­ле­сін шешу тұр, бұл енді мүлде басқа мәселе. «Сұйылтылған мұнай бағасы – бақылауда» Қаңтар оқиғасы елімізде сұйылтыл­ған газ бағасының өсуіне байланыс­ты Жаңаө­зен мен Ақтаудағы жаппай нара­зы­­лық­тан бас алған еді. 2020 жылға дейін бағасы салыстырмалы түр­­де арзан болып келіп (Маңғыстауда ор­таша – 55, республика бойынша – 60-70 теңге), бірден 100 теңгеге жетті. Сұйылтылған мұ­най газы бағасының бұлайша шарықтап кетуіне әсер етіп отырған фактор сыртқы на­рық екені содан бері айтылып келді. Мәселен, 2020 жылы елімізде 3,2 млн тонна газ өндірілген болса, соның тең жартысы экспортқа кеткен. 5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономи­калық жағдайға қатысты кеңесте Мемлекет басшысы Бас прокуратураға бағаны реттеп отыру­ға жауапты бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп сұйылтылған мұнай га­зын сатумен айналысатын компанияларға қа­тысты тергеу жүргізуді тапсырған бола­тын. Ақорданың баспасөз қызметі осы тап­сырма аясында сұйылтылған мұнай газын жеткізетін 6 ірі көтерме сауда компаниясына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары аяқ­тал­ғ­анын мәлімдеді. Ақпаратта «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қаз­гермұнай» ЖШС, Petrosun ЖШС мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС аталады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сұйыл­тылған мұнай газын сатушылар құ­зыре­тін асыра пайдаланып, бағаны ретсіз өсір­гені анықталған. Нәтижесінде, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-на әкімшілік айыппұл салу тура­лы сот шешімі шығарылған, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС-на қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Жалпы, елімізде сұйық мұ­най газын өндіруші 10-нан астам кәсіпо­рын бар. Солардың ең ірісінің үштігіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны кіреді, оған жалпы өндірістің 20 пайызы тиесілі. Одан бөлек, Petrosun ЖШС мен «Қазақ газ өң­деу зауыты» ЖШС-на қатысты қылмыстық іс қозғалып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қа­тысты іс материалдары Қаржылық мони­то­ринг агенттігіне берілген. Ал «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС жұмысын тексеру ке­зін­де сұйылтылған мұнай газын сату кезін­де негізсіз қысқарту фактілері анықталыпты. Жалпы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйылтылған мұ­най газын бөлшек саудалайтын 193 су­бъек­тіге, оның ішінде 89-на Бас прокура­тура­мен бірлесіп тергеп-тексеріп жатқаны ай­тылады. Нарықтағы 65 субъектінің ісінде ке­лісілген әрекеттер және карте­ль­дік сөз байласу фактілері анықталған, ал 45 субъек­тіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, ма­териалдар сотқа жіберіліпті. Салынған әкім­шілік айыппұлдың жалпы сомасы – 92 мил­лион теңге. Сонымен қатар сұйылтылған газды электронды сауда алаңында сату 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілген еді. Бұл уақытқа дейін жауапты министрлік ба­ғаның негізсіз өсуін тежеу жолдарын бел­гілеп, ашықтық талаптары тетігін жетілдіру керек деген міндет қойылған. Үкімет еліміздің барлық өңірінде 180 күнге газдың шекті бағасын бекітті. Одан бөлек, осы мерзімге, бензин мен ди­зель отынын сатуға уақытша 180 күнге ба­ға­ны мемлекеттік реттеу енгізілген болатын. «Бұқаралық спортқа назар аударылды» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауында «Бұқаралық спортқа, дене тәр­биесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деген болатын. Президент бұл тақырыпты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында тағы бір рет көтерді. Нақтырақ айтсақ, спорт­тық инфрақұрылымды кезең-ке­зеңі­мен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңызы айтылды. Тапсырма аясында Мәде­ниет және спорт министрлігі жұмыс жо­с­па­рын да әзірлеген болатын. Спорт және денешынықтыру істері ко­митеті 2021 жылдың қорытын­ды­сы бойынша елімізде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде 6 534 919 адам шұ­ғыл­данатынын мәлімдеген еді, бұл елдегі халықтың – 34,28 пайызы. Оның ішінде 2 048 284 адам ауылдық жерлерде дене­шы­нықтыру және спортпен шұғылданады. Сон­­дай-ақ 2020 жылмен салыстырғанда шұ­­ғыл­данушылар саны 581 084 адамға ұл­ғай­ған деген статистикалық мәлімет жа­рия­лаған. Дәл осы 2021 жылы Халықаралық спорт индексі рейтингі (International Sporting Index) жарияланды. Рей­тинг­те елдегі халықтың спортпен айналысу дең­гейі ескеріледі. Зерттеу қорытындысы бойын­ша, Қазақстан – 58-орында. Ал бұ­қара­лық спорт индексі 27.5 балға бағала­нып­ты. Бұл – орташадан сәл төмен көрсет­кіш. Сонымен, Ақорда баспасөз қызметі мем­лекет шығармашылық үйірме­лер­ді жан басына қаржыландыру инсти­ту­тын алғаш рет енгізгенін мәлімдеді. Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы 133 мыңнан астам бала сурет, би, му­зыка және басқа да үйірмелерге, 162 мың­нан астам бала мен жасөспірім спорт сек­ция­ларына тегін қатысқан. Ал ел бойынша спорт секцияларын ашуға бөлінген қаржы 6 мил­лиард теңгеден асқан. Осы орайда ауылдағы бұқаралық спорт, ауыл балаларының спортпен ай­налысуына қатысты мәселенің реттелуі үшін әлі де болса көп жұмыс атқарылуы ке­рек екені байқалады. Ауыл мектептерін, спорт мектептерін қарапайым спорт жаб­дық­тарымен қамтамасыз етуге байланысты түйт­кіл көп, оның өзі бір мақалаға жүк бо­ларлықтай мәселе. Бір апта ішінде жарияланған осы үш есеп­ке шолу жасап, тарқатып көрдік. Ай­тыл­ғанымен, орындалмай жатқан тап­сыр­малардың мәселесі өз алдына, айтылып, орын­далып жатқан тапсырмалар да қағаз жүзінде қалмаса дейміз.