289
Жансая Әбдімәліктің тағы бір жеңісі
Жансая Әбдімәліктің тағы бір жеңісі
Польша елінің Вроцлав қаласында әйелдер арасындағы «Krystyna Hołuj-Radzikowska» Халықаралық турнирінде Жансая Әбдімәлік бас жүлдені еншіледі.
Осымен алтыншы мәрте жалауын желбіреткен бәсеке 23 қарашада басталып, 1 желтоқсанда өз мәресіне жетті. Осы аралықта Қазақстан намысын қорғаған шахматшы аруымыз Жансая Әбдімәлік мүмкін болған 9 ұпайдың 7-еуін еншілеп, бас жүлдені жеңіп алды. Ол 5 қарсыласын айқын басымдықпен ұтса, төртеуімен тең түсіп, турнирдегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Қаршадай қыз қазақтың атын әлемге әйгілеп жүр. Алты жасында ала тақтаның үстінде тізілген шахмат фигураларына қызыға да, таңғала қараған Жансая Әбдімәлік сол кезде араға жылдар салып күллі әлемнің назарын өзіне аудартамын деп ойлады ма екен? Бүгін әлемнің ең жас гроссмейстері, ең жас чемпион, ең жас студент және өз атында Шахмат академиясы бар Жансаяның жеткен жетістіктері жұрт сүйсінерлік.
Ол баспасөзге берген сұхбатының бірінде: "Мен қатысқан жарыстардың бәріне әлемнің ең үздік деген шахматшылары келді. Қатысушылардың жасы әр турнирде әрқалай болды. Мәселен, Индонезиядағы жарысқа 20 жасқа дейінгі шахматшылар әкелінсе, ал соңғы екі турнирде қатысушылар арасында 50 жасқа дейінгі шахматшылар да болды. Шахмат ойнап үйренгелі менің екі арманым бар еді: бірі ең жас гроссмейстер болу, екіншісі – қыздар арасында әлем чемпионы атану. Міне, сол арманымның біреуі жүзеге асты. Өзімнің және елдің алдында берген уәдемді орындадым", – дейді әлемнің ең жас чемпионы Жансая Әбдімәлік. Біз де Жансаяға биік белестер тілейміз!