Ордалы әулеттің отанасы

Ордалы әулеттің отанасы

Ордалы әулеттің отанасы
ашық дереккөзі
726
Осы мақаланы жазбас бұрын біраз ойландым, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханаға карантин жағдайы болса да кіріп, көптеген кітап пен журнал қарадым, ақпарат құралынан да іздедім. Іздеп жүргенім мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов көкемнің үйіндегі апам Айман Мағзиқызы туралы ақпарат еді. Айман апам – қазақтың талай дарынды ұлдары мен Алаш қайрат­кер­лері дүниеге келген Керекудің қы­зы (Павлодар облысы). 1947 жыл­ғы 1 мамырда Мағзи ата мен Бал апа­­ның шаңырағында көпбалалы от­басында өмірге келген. Үлкен аға­лары мен әпкелері, өзінен кейінгі іні­лері мен сіңлілері оқыған озық ой­лы жандар. Бүгінде бауырлары Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Пав­лодар облысында тұрып жатыр. Әр­қайсысы – үлгілі отбасылар. Қуаныш көкем жастық ша­ғын­да оқуға жүйрік, сөзге шешен, белсенді жас болғанымен қатар, сұлу қыз­дарға да жағымды жігіт болған. Олай дейтініміз, Жамбылда техни­кум­да, Мәскеуде академияда оқып жүр­генінде небір сол заманның өресі биік, маңдайы жарқыраған қыз­дары­мен жақсы байланыста болған, осы күн­ге дейін де бірге оқыған заман­дас­тарынан қол үзген емес. Бірақ жас жігіт Екібастұз, Баянауыл, Майкүбі, Май­қайың, Кереку аймағын ен жай­ла­ған текті әулеттің тұлымды қызы­на тоқталды. Өз дәуірінің перзенттері атанған Шорман бидің балаларының ішіндегі Мұсасы мен Мұстафасы зама­нында қатар басшылық жасаған, әдебиет алыптары Жүсіпбек Аймауы­тов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың елі атанған, қазақ ғылымының не­гізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың кін­дік қаны тамған, мүйізі қарағай­дай академик ғалымдарды дүниеге келтірген Павлодардың қызына күйеу болды, төс мүжіді. Көкем 1970 жылы 29 сәуірде шаңы­рақ көтеріп, апам алғаш рет оң­түс­тікке табан тіреді. Атасы Айта­хан қария мен апасы Айжамалдың қара шаңырағына, яғни Отырарға келін болып түсті. Алдағы мереке 1 мамыр біртұтас Кеңес халық­та­рының бірлігі мен ынтымақтастығы күнінде Шәуілдірде дүркіреген той да болып өтті. Алыстан ағайындар келді, ауылдағы жақындары келінге құтты болсын айтып, жаңа құрылған отбасына бақыт тілеп жатты. Міне, көп­тен күткен ұлы той да басталып кетті. Көкем мен апамның өткен өмірлеріне қарап отырсақ, желдің өтінде, қылыштың жүзінде жүр­генін көресіз. Әр заманда көкем­нің орны күлтөбедегі күнде жиында ел қамымен болса, апам отбасы дейтін бір төбеде биік болды. Күндіз де, түнде де үйіне ертіп келген жол­дас­тарының алдында жерге қарат­па­ды. Қашанда қазаны асулы, дастар­қа­ны жаюлы, шайы бұрқырап қайнап тұрды. Бұл көрініс күні бүгінге дейін де осылай жалғасып келеді. Қуаныш көкем Мәскеудегі К.Скря­­бин атындағы Мәскеу мал­дәрі­герлік академиясын бітіріп, жолдамамен сол кездегі Шымкент об­лы­сының Алғабас ауданына (қа­зір­гі Бәйдібек ауданы) қарасты XXII партсъезд атындағы совхозда еңбек жолын бастап кетті. Ал Айман апам Керекуде, Мәскеуде өткен балалық, жастық, студенттік шағымен қош­та­сып, оңтүстіктегі келіндік жолын бас­тады. Жаман келін болған жоқ, сый­лы, сырбаз келін еді. Алғаш отау бо­лып енші алғандағы Алланың бұйырт­қан қорғаны тұрмыстық ком­бинаттың жанындағы бір бөлмелі пәтер болатын. Міне, осы жерден өсіп-өнді, кемелденді, бүгінге жетті. Ері айтты істеді, тыйды, көнді. Өстіп жүріп маңайдағы ауыл келіндерімен, көкемнің әріптестерінің келін­шек­терімен аралас-құралас бола жүріп, оңтүстіктің салты мен дәстүріне, қа­­­зақи болмыс-бітіміне, тілдік диа­лек­тіге, үлкенді сыйлау мен әдепке үйренді. Ауылда тұрған соң ауыл тір­шілігі дейтін күйбең тірліктің үдә­бірәсінен шыға білді. Бұған дейін ес­тісе де жасап көрмеген, істеп біл­ме­ген ыстық табаға көң қалап нан пісіру, сиыр сауып сүт пісіру, айран ысы­тып, күбі пісу секілді дүние­та­ным­дарды сол ауылдың сайыпқыран ке­ліндерінің ісіне қарай жүріп, біл­ме­генін сұрай жүріп үйренді, жасады. Апам ұйытқан қою айранынан ішіп, жайған құртын қарыны ашқанда ау­зына салып сорып, құмдағы қой­шы­лардың ауылын аралағанда тер­мос­қа құйып берген шайын ішіп, алғ­аш­қы отбасылық шынайы тәтті се­зім­нің балдай дәмін татып жүрді. Біраз уақыт өткенде ауыл тұр­ғын­дарымен, еңбек адамдары­мен, жас келіндермен ет жақын ара­ласып, ауылға төселе бастады. Ал­ғашқы сәбилері де осы ауылда дү­ниеге келді. Бұл кездерде көкем де ең­бекте озат жұмысшыға айналып, өзін адал еңбегімен айналасына та­ныта бастаған кез болатын. Совхоз ди­ректоры, көкемнің алғашқы өмір мек­тебіндегі ұстазы Стефан Гар­ба­тен­ко Айтаханов отбасына сенім ар­тып, ауыл орталығындағы босаған кең пәтерді бергізді. Ал апамның ал­ғаш­қы өмір мектебіндегі ұстазы, XXII партсъезд атындағы совхоз өмірі болып шыға келді. Осылайша, жас жұбайлардың ауылдағы күнделікті тұрмыс-тіршілігі жалғасын тауып жатты. Көкем, әр жылдары қызметтік жолымен оңтүстіктің бірне­ше ауданында қызмет атқарды. Ал апам жанында жүріп, әрбір бас­та­ма­сына қолдау білдіріп, тілекші болды. Отырардан бастау алған Айман апам­ның келіндік жолы көкеммен қа­тар Алғабас, Қазығұрт, Шардара, Арыс, Сайрам, Созақ аудандары мен Алматы және Шымкент қалаларында өз жалғасын тапты. Көкем басқарған аудандардың бірінші ханымы бола жүріп, өзін биік санамады. Әрқашан бетегеден биік, жусаннан аласа бол­ды. Көкемнің басшылық істеріне ара­­ласып, берекесін алмады. Бала­ла­рын өсірді, тамақтандырды, киіндір­ді. Еш нәрседен кем қылмады. Солтүс­тік­те дүниеге келіп, батыста білім алып, 35 жыл оңтүстікте тұрып, үлгі­лі келіндердің көшін бастады. Бүгін­де Оңтүстіктегі қай аймаққа бар­саң да Айман апамды білмейтін жан жоқ, еңбектеген баласынан, ең­кейген кәрісіне дейін Айман айтулы келін, Қуаныш елдің баласы дегенді естімеген адам кемде-кем шығар. Ордалы елдің баласы Қуаныш Айта­ханов қызметтік жолы­мен 2005 жылы Қазақстан Парла­мен­ті Сена­ты­ның депутаты болып оң­түстіктен сай­ланды. Сайланып қана қой­ған жоқ, екі рет бағы жанды. Мі­не, осы уа­қыттан бастап апам мен кө­кем қа­зіргі Нұр-Сұлтан қаласында тұ­рып келеді. Елді сағынып, ауасын аңсап жүр­генде жаныңа жағымды сөздерді есту кез келген адамды бір көтеріп тастайтыны жасырын емес. Ай­ман апам өте таза, бауырмал, кең­пейілді, жылы жүзді, мінезі ашық, нұрлы адам. Менің білетінім, Нұр-Сұл­тан қаласында жүргенде басына орамал тартып, қайнылары мен үлкен­дерге осы күнге дейін қазақы салт­пен сәлем салатын жалғыз апам. Ай­ман Мағзиқызы туралы жаза берсе таусылмайды. Себебі сіз – Қуаныш көкемнің бағын ашқан жансыз. Оң­түс­тікте басқан ізіңіз, көрсеткен ізе­тіңіз сайрап жатыр.

Сүндет Каримов, Нұр-Сұлтан қаласы

Серіктес жаңалықтары