Қазақ өзінің қоңыр әнін аңсайды

Қазақ өзінің қоңыр әнін аңсайды

Қазақ өзінің қоңыр әнін аңсайды
ашық дереккөзі
99134
Қазір әнші де көп, ән де көп. Бірақ олардың деңгейіне ән жұртшылықтың көңілі тіпті де толатын емес. Біреуге әні ұнамайды, біреуге сөзі ұнамайды, енді біріне әншінің өзі ұнамайды. Соған қарағанда сан әлі сапаға айнала қоймаса керек. Қазақ эстрадасының даму жолы – қазақ ті­лі­нің қоғамдағы өз орнына ие болуға ұмтылысы се­кілді, ауыр жол. Тыңдарманның ес-түсін көрші ел­дің өнерпаздары алып, қазақ сахнасында төрт-бес әнші ғана төбе көрсеткен кездер де бастан өтті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары да ұлт өнерін ұлық­тау өте сылбыр жүргізілді. ХХІ ғасырдан бастап қа­на қазақ эстрадасы еңсе тіктеді. Өйткені тұрғы­лық­ты ұлттың үлес салмағы артты, саны көбейді, КСРО деген империяны еміс-еміс естігені болмаса, «жыға танымайтын» жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға ресейлік эстрада қажет болған жоқ, олар тек қазақ әнін талап етті. Міне, осы кезеңде өнер сах­насына «МузАрт» шықты. Жас буынның ұлттық эстрадаға деген ұлан-асыр қызығушылығы 2000 жыл­дары басталған еді. Ал қазіргі қазақ эстрадасы бірсарындылыққа ұры­нып тынды. Радионы ашып қалсаң да, теле­ди­дарды қосып қалсаң да, еститінің – инкубатордан шыққан балапандарша бір-бірінен аумай қалған әндер. Егер жүргізуші алдын ала хабарламаса, бар­лығы кезектесіп бір ғана композитордың әндерін шыр­қап жатыр екен деп ойлап қалғандайсыз. Бү­гінгі авторлар саздылық, әуенділік, әуезділік се­кіл­ді ұғымдарды түгел жиыстырып қойып, не сы­зылып-сыздап айтатын, не ышқынып-қыш­қы­рып орындайтын әнсымақтарды, «тисе – терекке, ти­месе – бұтаққа» дегендей, бытыраша бытыр­ла­тып жатыр. Мәселен, бірде радиодан мәтіні мынадай ән естідім: «Алты жарым, жеті жарым, сегіз жарым... мазам жоқ, Күте-күте көзім талды, өзіңнен бір хабар жоқ... Тоғыз жарым болды сағатым, Таусылып бітті тағатым, Қайдасың сен, аяулым, Сені күтем деп ауырып қалды аяғым...». Ертеңіне мына бір ән «құлақтан кіріп, бойды алды»: «Жоғал әрі! Сүймесең одан әрі! Сенсіз де бақытты болам әлі!» Біздің жастардың тыңдайтыны – шынымен-ақ осын­дай әндер ме? Демек, бізде әнші де, ән де көп болғанымен, оның сапасы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ең әуелі, қазақтың өзі тыңдайтын әнді, қа­зақ­тың өзіне қадірлі әншіні құрметтейік, наси­хат­тайық, көтермелейік. Бұрын Кеңес дәуірінде аптасына бір рет көрсе­тіле­тін «Терме» деген телехабар болушы еді. Әскер­бек Еңкебаев жүргізетін, студияға қонақ болып Қаламқас Орашева, Қатимолла Бердіғалиев, Шым­бо­лат Ділдебаев және тағы басқа да қонақтар ке­ліп, әжік-күжік әңгіме өрбітетін, талай терме мен жырдың тиегі ағытылатын. Тәуелсіз ел атанғаны­мыз­ға 30 жылдан асып кетті, ал біз көп мәселеде алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқан сияқ­тымыз. Терме, жыр, дәстүрлі ән туралы ар­найы бағдарлама ашпақ түгілі, өнерпаздарымызды эфир­ге жолатпай, жатырқайтын жағдайға жеттік. Әспет­тейтініміз – тек эстрада «жұлдыздары». Олар­­дың ішінде де талай талантты әншілер бар ғой, бірақ біздің телевизия солардың ең сорақы­ла­рын (әлде өлермен-пысықтарын?) сұрыптап алып, «заманымыздың бұлбұлдары – осылар, қане, там­саныңдар, таңданыңдар, табыныңдар!» деп өз таңдауын байғұс көрерменнің танымына зорлап таңады. Әйтеуір, теледидар бүгінде толассыз той-ду­манға айналды. «Той-думан» деген арнайы те­леар­на да ашылған. «Гәкку-ТВ» дегені тағы бар. Осыдан 20 жыл бұрын «Шіркін-ай, күндіз-түні қазақтың әні әуелеп жатар арнайы арна ашуға қашан қолы­мыз жетер екен?» деп армандаушы едік. Сол арман ақыры орындалды, бірақ... «Той-думан» мен «Гәк­куде­гі» әндерді тыңдасаңыз, «біз армандаған арна осы ма еді?» деп ойланып қаласыз. Орыстың, қыр­ғыз­дың, түріктің, өзбектің, үндінің, румынның, грек­тің әндерін қазақшаға сәл ыңғайлап алып, кон­вейерше заулатып жатыр. «Қазақтың әні» деген си­паттамаға лайық ән ілуде бір кездеседі. Басқасы – сөзі қазақша болғанымен, әуені, ырғағы, бол­мы­сы, табиғаты, өзегі бөтен, шата, дүрегей дүниелер. Тәулік бойы төпелейтін осы нәрсіз әнсымақтар ар­қылы жас буынның музыкалық талғамы бұзы­лып жатыр. Бұл – бүгінгі «рейтингшіл» уақыттың айықпас дерті. Шөл далада ерні кеберсіп ілбіп келе жатқан дәруіш алдынан кенет шыға келген мөлдір сулы құдыққа қалай ұмтылса, кіл «бақсы-құшнаштың» гөй-гөйінен шаршаған тыңдарманның құлақ құры­шын қандырған құдірет – Димаш Құдай­бер­ген. Оның Лондонда, Нью-Йоркте, Мәскеуде және тағы басқа ірі шаһарларда табыспен өткен кон­церт­тері – қазақ өнерінің орасан зор табысы. Ди­маш әншілік шеберліктің деңгейін шырқау биік­ке бір-ақ көтерді де, осыған дейін «әнші» ата­нып жүргендердің талайының әуселесі белгілі бо­лып қалды... Қалай болғанда да, бәрінің төрешісі – қалың тың­дарман, мәртебелі халық. Әнсүйер қауым қазір ыш­қырып-қышқырғандардан әбден жалықты. Жүрек қылын шертер қазақтың қоңыр әнін аң­сайды.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары