1506
Ресей – Украина шиеленісі: біздің елге әсері қандай?
Ресей – Украина шиеленісі: біздің елге әсері қандай?
Ресей Украинаға әскерін кіргізгелі бір апта өтті. Осы апта ішінде әлемде ешкім болжап-білмеген түрлі оқиға, түрлі өзгеріс болды, жағдай әлі шиеленісіп тұр. Салдары әлбетте біздің елді де айналып өткен жоқ.
24 ақпанда Ресей әскері Украинаға әскерін кіргізді. Әскер Украинаға Ресей, Қырым, Беларусь аумағынан енді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арнайы операция деп атағанымен, жағдай мүлде шиеленісіп кетті. Украина шекара қызметінің мәліметінше, шабуыл Киев уақытымен таңғы сағат 5-те басталған. Киев, Харьков, Одесса, Краматорск қалаларында жарылыстар басталғаны хабарланды. Украина Ресеймен дипломаттық қатынасты үзетінін мәлімдеп, кейіннен Еуроодаққа кіруге өтініш білдірді.
Ресей президенті Владимир Путин бейбіт тұрғындарға оқ атылмайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен тұрғын үйлерге снаряд тиіп, бейбіт тұрғындардың көптеп зардап шеккені айтылып жатыр. БҰҰ есебінше, Украинада кемі 163 бейбіт тұрғын қаза тапқан, олардың арасында 13 бала бар. Бұл туралы БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Элизабет Тросселге мәлімдеді. Оның айтуынша, кемі 400 адам жараланған, олардың ішінде 26 бала бар.
28 ақпанда екі тарап келіссөз жүргізуге тырысып көрді, нәтижесінде екі мемлекет ақылдасу үшін өз елдеріне аттанған болатын.
Ресейдің бұл әрекеті бүкіл әлем бойынша, тіпті Ресейдің өз ішінде түрлі қарсылық туындатты. Қарсылықтың соңы санкцияларға ұласты.
Санкциялар және Ресейдің оған жауабы
Ресей күн сайын, тіпті сағат сайын әлемнен оқшауланып барады.
Ресейге санкция салу мәселесі Ресей президенті Владимир Путин ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындағаннан кейін айтыла бастады (22 ақпан, 2022). Ал ең негізгі себеп – Ресей Қарулы күштерінің Украина аумағына басып кіруі (2022 жылғы 24 ақпан).
Мәскеу Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындағаннан кейін Еуропалық одақ Ресейге қарсы шектеулер пакетін қабылдады, атап айтқанда, бірқатар тауар мен технологияны экспорттауға тыйым салуды ұсынды. Тыйым экономиканың кей салаларына, туризм, сауда және инвестицияларға қатысты болды.
24 ақпанда АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Ресейге экономикалық санкциялар салды, ал 26 ақпанда Ресейдің жекелеген азаматтарына шектеу қойыла бастады. Жалпы, санкцияларға 670 ресейлік жеке тұлға, 113 заңды тұлға ілігіпті.
Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату мәселесін де қолдаған ел көп. АҚШ, ЕО және Батыс елдерінің санкцияларынан соң рубль құлдырап кетті. Ресей компанияларының акциясы да күрт арзандады. Осыған байланысты ел компанияларының акцияларын шетелдіктерге сатпау туралы шешім қабылданды.
Мәдениет саласында да Ресейдің әрекетіне қарсылық көрсетушілер қатары артып барады. Америкалық The Walt Disney Company компаниясы Ресейде фильмдерін көрсетуді тоқтатты, ал Warner Bros киностудиясы Бэтмен фильмі прокатқа шығарылмайтын болды. Ресейлік дирижер Валерий Гергиев Мюнхен филармониялық оркестрінің бас дирижері қызметінен шеттетілді. Канн фестивалі биыл Ресей делегаттарын қабылдаудан бас тартты. Apple компаниясы да өнімдерін сатудан бас тартып отыр, сол себепті елде аталған компания өнімдерінің бағасы тура мағынасында алтын құйманың кұнына тең болды. Бірқатар әйгілі көлік компаниясы да бұл елмен серіктес болудан бас тартты.
Ресей спорты да қыспақта қалды. УЕФА, ФИФА елді халықаралық жарыстардан шеттетті. 1 наурызда халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Ресей құрамаларын жарыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Дәл осындай шаралар Беларусь ұлттық командаларына да қолданылып жатыр.
2 наурыздағы жағдай бойынша 37 мемлекет Ресей үшін әуе кеңістігін жапты. Тізе берсек, кете береді.
Бірқатар мемлекет Ресейді жақтаушы елдерге де санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.
Ресей өзіне салынған санкцияларға жауап ретінде санкциялар пакетін жариялады. Осыған байланысты Ресей үкіметі санкцияға қарсы штаб құрды. Бұл туралы елдің премьер-министр Михаил Мишустин мәлімдеді. Ресей де бірқатар ел үшін әуе кеңістігін жапты.
«Біздің позициямыз – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету»
1 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді, ол Қазақстан екі елді татуластыру үшін араағайын бола алатынын айтқан болатын.
– Айтып отырған сөздерімнің бәрі Украинада болып жатқан жағдай аясында маңызы арта түседі. Біздің позиция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан ғана көрінуі керек. 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізген ел ретінде біз Еуразиялық бөлінбеу қағидатын сақтау жөн деп есептейміз. Бұл туралы мен 10 ақпанда Мәскеуге барған кезімде де айттым, – деді Президент.
Президент Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалғанын айтып өтті.
– Осының бәрі Украина аумағындағы әскери қақтығыстарға алып келді. Геосаяси жағдай жоғары деңгейде ушығып кетті. Тенденция солай байқалады. Сол себепті екі мемлекетті ортақ тіл табысуға шақырамыз. Келіссөздер үстелінде келісімге келу керек. Қалай десек те қақтығыстың кез келген түрі бейбітшілікке зиян келтіреді. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан өз тарапынан жан-жақты қолдауға, оның ішінде екі елдің арасында араағайын болуға дайын, – деді Президент.
Бұған дейін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев та осы мәселеге қатысты пікір айтып, ЛХР, ДНР-дің тәуелсіздігін мойындау мәселелері қарастырылмайтынын айтқан болатын.
– Біз тек БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің ғана тәуелсіздігін мойындаймыз, – деді ол.
Мәулен Әшімбаев «қазақстандық бітімгерлер қақтығыс аймағына жіберіле ме?» деген сұраққа да жауап берді.
– Бұл жерде біз біржақты ұстанымдамыз. ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, Қазақстан бітімгершілік күштерін ҰҚШҰ елдерінің аумағынан тысқары жерлерге тек БҰҰ мандатына сәйкес жібере алады. ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштері қатысушы мемлекеттердің аумағында ғана қолданылады. Ал қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдердің аумағына кірмейді. ҰҚШҰ аясында қақтығыс аймағына бітімгершілік күштерін жіберуге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде шешім қабылданса, Қазақстан әлемнің кез келген нүктесіне бітімгерлерін жібере алады. Бұл мәселеге қатысты Ресей бізге жүгінген жоқ, жүгінбейді де деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев бұл жағдай Қазақстанның эконмикасына әсер ететінін айтқан. Мемлекет басшысы да осы мәселеге қатысты арнайы тапсырмалар берген еді.
Осыған байланысты біз екі ел арасындағы жағдай және оның біздің елге тиетін, тиюі мүмкін әсері туралы сарапшылардың пікірін білдік.
Асхат Қасенғали,
саясаттанушы:
Ұрыс қимылдары позициялық негізге көше бастады
– Ресей бір аптаның ішінде тактикасын екі рет өзгертті. Бірінші күні әскери нысандар мен қоймаларды, әуежайларды зымыранмен атқылап, артынша жаяу әскермен тікелей шабуылға көшкен болатын. Алайда ол стратегия айтарлықтай нәтиже бермегендіктен, Ресей соңғы екі күнде зымыран және әуе күштерін кеңінен қолдануда. Бұл бейбіт тұрғындар арасындағы қаза санын арттырып отыр. Бүгінде ұрыс қимылдары ақырындап интенсивтілігін жоғалтып, позициялық негізге көше бастады. Украина әскері үшін оңтүстік және шығыс бағыттың жағдайы ауыр. Херсон және Харьков бойында кескілескен ұрыстар болып жатыр. Кей аудандар толықтай қоршауда қалды. Дегенмен Ресей әскерінің де шығын орасан зор. Кремль ойлағандай 48 сағатта елді басып алу жоспары іске аспады. Блицкриг толықтай талқандалды. Қарсылас күшін бағамдау жағынан ресейлік сарапшылар үлкен қателік жібергені де көрініп тұр. Ал басқыншылыққа қарсылық білдіріп жатқан Украина әскерінің оңтүстік пен шығыста жағдайы ауыр болса, басқа аймақта керісінше тыныстау және резервтік күштермен толығуы болып жатыр. Сонымен бірге батыстық серіктестер тарапынан уәде етілген қару-жарақ пен қаржылай көмек те келе бастады. Ресей әлемдік рейтингте әскер әлеуеті бойынша 2-орында тұрған ел. Ал Украина 32-орында. Осының өзі көп дүниені аңғартады. Дегенмен рейтинг ол қағазда, ал ұрыс даласы басқа ережелермен жүреді. Қазіргі соғыс қимылдарына қарап, оны түсініп отырмыз. Ресей әскері 900 мыңға жуық және әлемде танк батальондары жағынан бірінші орын алады. Авиация күштері де Украинадан әлдеқайда көп. Артиллерия мен зымыран кешені жағынан да Киевтен қуатты. Ал Украинада 250 мың тұрақты әскер бар. Сонымен қатар резервтік күштер 600 мыңнан асады. Қазір Украина әскері флотсыз қалды. Порттар мен Украин теңіз күшінің кемелеріне зымырандық соққы бірінші болып жасалды. Ал қала ішіндегі ұрыста Украина әскері басымдыққа ие. Батыстағы серіктестерден келіп жатқан «Стингер», «Джавелин», NLAW танктер мен тікұшақтарды тоқтатуда үлкен рөл ойнап отыр. Ал алдағы уақытта өзге де қару түрлері жеткізілетіні айтылып жатыр. Бұл Украина әскерінің потенциалын арттыра түседі.Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Теңгеге биыл көптеген сыртқы фактор әсер етейін деп тұр
– Ресейге салынып жатқан санкциялар, сөз жоқ елімізге әсерін тигізеді. Оған себеп екі елдің тығыз қарым-қатынасы. Қазақстан импортының 42 пайызын Ресей тауарлары құрайды екен. Біздің көп компаниямыз екіжақты серіктестік бойынша жұмыс істейді. Демек, олардың бәрі белгілі бір дәрежеде зардап шегеді деген сөз. Оған қоса теңгеміз әлсіреп жатыр. «Теңге-рубль паритетінде бұрын 5,7-6 теңге шамасында ұстаған болсақ, енді оны 5-ке дейінгі аралықта ұстау керек» деген пікір айтылып жатыр. Меніңше осы позиция дұрыс. Ұлттық банктің қазіргі жағдайдағы ең басты міндеті – теңгерімді ұстап тұру. Бірақ тағы бір айтатын нәрсе, біздің отандық өндіріс қатты зардап шегуі мүмкін. Өйткені Ресейден арзан тауарлар келетін болады. Жұмыртқа, макарон өнімдері, сүт өнімдері біздің нарықта көптеп таралатын болса, біздің өндірушілер шығынға ұшырауы ықтимал. Осы мәселені тереңірек зерттеу керек. Тағы бір маңызды мәселе санкциялардың жанама әсері бізге де тиіп жатыр. Ұлыбритания да бізге санкция салу керек деген мазмұнда мәселе көтеріп қалды. Ал Үндістан бізден мұнай алмайтынын айтып мәлімдеме жасады. Бұл – жақсы емес. Мұнайымыз көп жағдайда Ресей арқылы тасымалданатыны тағы бар. Сондықтан біздің мұнайдан бас тартатындар қатары көбеюі ықтимал. Бұл мәселеге қатысты да тез арада тактикалық шешімдер қабылдануы керек екені анық. Ал «доллар 700-1 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін» деген сөз алыпсатарлардың таратқан қауесеті десек те болады. Қатты сенудің қажеті жоқ. Бірақ биыл теңгеміз циклдік фазада болатыны анық. Яғни, теңге біресе түсіп, біресе көтеріліп тұрады. Қазір ғана экономикалық саммитке қатыстым, сол жерде мынадай пікірлер айтылып жатыр: зерттеу бойынша доллар 480 теңгенің айналасында тұрады, дей тұрғанмен 10 пайыз төмен, 10 пайыз жоғары болуы мүмкін. Бұл дегеніміз құбылмалылық жоғары деңгейде болады деген сөз. 480-ге 10 пайыз қоссақ, 530-540 теңге болады. Ал 10 пайызға азайтсақ, 440 теңге. Яғни, осындай диапазонда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы құбылып тұруы мүмкін. Бұл жерде бір мәселені қосып өткім келеді. Теңгеге биыл көптеген сыртқы фактор әсер етейін деп тұр. Геосаяси фактордың әсер етуі бер жағы ғана, одан бөлек Федералды резервтер жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін болады. 7 рет көтеру жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз – доллардың құны артады деген сөз. Тек теңгеге ғана емес, бүкіл дамушы елдердің валютасына қатысыты. Дегенмен теңгеге оң әсер етіп тұрған факторлар да бар. Мәселен, мұнай бағасы, ол арқылы еліміз экспорттық әлеуеті артып, ЖІӨ ұлғайып, Ұлттық қордың түсімі көбейеді. Импорт-экспорт айырмашылығын жабуға сәл де болса сеп болады. Қазір Ресей басқа елдерге әуе кеңістігін жауып жатыр. Бұл жағдайда елімізге түсетін пайданы арттыруға болады. Сонымен қатар біздің қаржылық жүйе ТМД елдері арасында көш бастауы ықтимал. Барынша логистикалық қызметтерді дамыту керек. Құрылыс материалдарын мейлінше өзімізде шығаруға тырысу қажет. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін шешуге де сеп болар еді.Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы: Қазақстан көпвекторлы бағыттан бас тартпауы керек
– Бүгінде Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығыс шарықтау шегіне жақындап келе жатыр. Соғыс қимылдарының басталғанына бір апта болды және осы уақыт ішінде Ресей Қарулы күштері Украинаның ең ірі қалаларын толықтай қоршауға алып отыр. Бұл туралы Зеленский мырза кешегі Еуропарламентке жасаған үндеуінде айтқан болатын. АҚШ және Еуропа мемлекеттері әскери агрессияны бастағаны үшін Ресейге қарсы өте қатал және ауқымды санкциялар енгізе бастады. Атап айтқанда, ресейлік бизнес батыс мемлекеттерінің нарығынан толықтай дерлік аластатылды. Одан бөлек, Ресейдің резервтік қорларына едәуір шектеулер енгізіліп жатыр. Салдарынан Мәскеу нағыз экономикалық аласапыранға ұшырап отыр. Батыстық ойыншылар санкциялар арқылы Мәскеуге қысым көрсетіп, әскери операцияны тоқтатуды талап етуде. Алайда ресейлік саясаткерлер әскери қимылдарды соңына дейін жалғастыратынын ашық айтып отыр. Яғни, Киев өз мойнына НАТО-ға кірмейтіні туралы міндеттеме алып, Қырымды Ресейдің ажырамас бөлігі ретінде мойындамайынша, Мәскеу өз операциясын жалғастыра бермек. Алайда Зеленский мұндай қадамдарға бара алмайтыны түсінікті. Өз кезегінде, бұл Ресей әскерилерінің Киевті соңына дейін жаулап алып, қазіргі украин билігін аталған талаптарды мойындауға күшпен мәжбүрлеуі мүмкін деген сөз. Бірақ Мәскеу үшін Украина астанасын басып алу оңайға түспейтіні де анық. Қазір украиндықтар жалпыұлттық деңгейде Ресей армиясына төтеп беруге барынша тырысып жатыр. Одан бөлек, бірқатар Еуропа мемлекеті Украинаға қосымша қару-жарақ пен қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр. Осының бәрін ескере отырып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайының ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін екенін айту керек. Тиісінше, адам шығындары мен гуманитарлық дағдарыстың да ауқымы кеңейе бермек. БҰҰ хабарлауынша, бүгіннің өзінде Украинадан 650 мыңға жуық босқын қашып шыққан. Жалпы, текетірестің соңы немен аяқталатынын қазір дөп басып айту қиын. Мысалы, ресейліктер басып алған украин территорияларының болашағы қалай болмақ? Мәскеу бұл аймақтарды Луганск пен Донецк сияқты дербес республикалар ретінде мойындай ма? Одан кейін санкциялық шектеулерге Ресей қанша уақыт шыдай алады? Әрине, Киев пен Мәскеу, жалпы Ресей мен батыс мемлекеттерінің арасындағы геосаяси дағдарыс Қазақстанға теріс әсерін тигізіп, жаңа қиындықтар әкелетіні түсінікті. Ең алдымен, экономика саласына. Мәскеуге қарсы енгізіліп жатқан ауқымды санкциялар елімізді тікелей шектемесе де, жанама түрде ықпал етеді, себебі Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар осы күнге дейін тығыз байланыста дамып келді. Әрине, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан ұлттық экономикасын қорғау бойынша әртүрлі қадамдарға бара алады. Оның ішінде Ресей экономикасына, рубльге деген саясатты өзгерту. Атап айтқанда, санкцияға ұшыраған компаниялардан өзімізді алшақ ұстауымыз керек. Одан кейін ұлттық экономиканы әртараптандыру, импортты біртіндеп отандық тауарлармен алмастыру сияқты қадамдарды жалғастыруымыз керек. Ал Қазақстанның геосаясаттағы ұстанымдарына келсек, украин оқиғасынан кейін біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз үшін де қиын кезеңдер туып отыр. Себебі Ресей мен Батыс жаңа қырғиқабақ соғыс жағдайына көшіп жатқан кезде, тараптардың біреуін таңдау керек деген сияқты талаптар қойылуы мүмкін. Бірақ оған қарамастан, Қазақстан көпвекторлы бағыттан бас тартпауы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, геосаяси күреске килігу еліміз үшін орасан экономикалық және саяси шығындар әкелетіні түсінікті.