529
Жаңару жолында
Жаңару жолында
1 наурыз күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті. Кезектен тыс съездің күн тәртібінде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және «Nur Otan» партиясының модернизациясы мәселелері қаралды. Съезге қатысушылар партияның атын «AMANAT» деп ауыстыруды бірауыздан қолдады.
Партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді
Кезектен тыс съезде партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді. Саяси кеңестің құрамынан Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулин шығарылды. Ал олардың орнына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, «Астана» медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожинді енгізу ұсынылды. Бұл ұсынысты съезд делегаттары бірауыздан қолдады.
Партияны жаңарту бағдарламасының жоспары таныстырылды
Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партия жұмысына кешенді талдау жасалғанын, қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттеліп, аймақтардағы партия мүшелерінен ұсыныстар жиналғанын айтты. Оның сөзінше, халықты толғандыратын өткір мәселелерге, партия туралы қоғамның сынына жүйелі сараптама жасалған. Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашық-тық – қазір қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы екенін айтып, нәтижесінде әзірленген партияны жаңарту бағдарламасының жоспарын таныстырды.
Бірінші халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру тетіктері ұсынылды.
Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек екенін айтқан ол кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар тым ұқсас болғандықтан, оларды біріктіру мәселесін көтерді.
– Республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады. Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғаларды тартамыз, – деді Асхат Оралов. Партия хатшысының сөзінше енді Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өтініш берушілер өз өтініштерінің қаралу барысын онлайн режимде бақылай алатын болады. Кейіннен партиялық экожүйеге интеграциялай отырып, жаңа медиада азаматтардың шағымдары мен сұрақтарына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленетін болады. Оған қоса, шалғай елді мекендерге Парламент және мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, филиалдардың басшылары тұрақты түрде барып тұрмақ. Екінші – аймақтар мен елді мекендердегі партия құрамын нығайту бойынша жұмысты күшейту мәселесі ұсынылды. – Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асады. БПҰ-ны «округтік БПҰ» құру арқылы ірілендіру жоспарланып отыр. БПҰ төрағаларының белсенділігін, ұтқырлығын және жауапкершілігін арттыру үшін оларды бағалау рейтингін енгізу, партия жобаларын іске асыру үшін БПҰ-ға партия жарналарының 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізу ұсынылады, – деді Асхат Оралов.Сонымен қатар партияның Саяси менеджмент мектебінде биыл 3 мыңнан аса партия мүшесін, оның ішінде депутаттарды, ауыл әкімдерін, бастауыш партия ұйым мүшелерін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтарына үйрететін кешенді оқыту жүргізілетіні айтылды. Партияның жұмысының барынша ашық болуы керек, бұл – ұсынылған үшінші мәселе. Партияның Атқарушысы хатшысы пилоттық жоба ретінде жүргізілген мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өткенін мәлім етіп, нәтижесін жұртшылыққа жария етуді ұсынды.
– Мұнымен қатар партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаларға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады, – деді ол.Оған қоса, Қоғамдық саясат институтының базасында халықты толғандыратын мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленетін TALQYLAU тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын ашу ұсынысы айтылды. «Нұр Медиа» холдингі базасында Парламент және мәслихат депутаттарының, Үкіметтің партиялық мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты брифингтері бар партиялық баспасөз орталығын іске қосу ұсынылды. Партияның Атқарушы хатшысы бұл бастамалар «Ашық партия» бірыңғай тұжырымдамасы аясында іске асырылатынын айтты. Төртінші ұсыныс ретінде партия бақылауын күшейту мәселесі айтылды. Сәуір айында республикалық сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексеру қорытындысы бойынша Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылғанын еске салған Асхат Оралов бұдан әрі осындай жұмысты өңірлерде жүргізуді ұсынылатынын айтты. Мұның барлығы сайлауалды уәделердің орындалуына септігін тигізбек. Бесінші. «Қазіргі өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралуы керек» – Ең әуелі партияның жарғысына өзгерістер енгізу керек. Партияның және оның филиалдары төрағасының Бірінші орынбасары қызметінің орнына Атқарушы хатшы қызметі енгізіледі, – деді Асхат Оралов. Партияның стратегиялық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу де өте маңызды екенін атап өткен ол қазір арнайы жұмыс тобы 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын қайта қарауға кіріскенін айтты. Алтыншы – халықтың өзекті мәселелерін ескере отырып, қолданыстағы партия жобаларына бірқатар жаңа жобаны іске қосу ұсынылды. Соның ішінде экологиялық ойлауды қалыптастыруға және қоғамда экомәдениетті дамытуға бағытталған «ТазаLike», қоғамның көңіл ауанын, әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтайтын «Әлеумет» жобаларын бастау туралы ұсыныс айтылды. Одан бөлек, «Жаңа Қазақстанға 30 инновациялық идея» жобасы да іске қосылмақ. «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын толықтай қайта жаңғырту тағы бір орындалуы тиіс маңызды мәселе. Асхат Оралов «Jas Otan» қатарына жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшылар тартылатынын айтты. Одан бөлек, ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жобасы ұсынылды. – Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі, – деді ол. Сонымен қатар жастардың мәселелерін, оның ішінде NЕET санатын, сондай-ақ оларды әлеуметтендіру әдістері мен шараларын анықтау бойынша кешенді талдау басталатыны да айтылды. Партияның аты өзгерді Партияның кезектен тыс съезінде Мәжіліс Төрағасы, палатадағы «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов «Nur Otan» партиясының атауын «Аmanat» деп өзгертуді ұсынды. – Ашығын айтқанда, елмен бірге партиямыз да жаңаруы керек, ұйымның жұмысын жаңа бағыттармен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуіміз керек. Осы орайда партиямыздың аты өзгеріп, жаңаруы керек деп есептейміз. Мұндай өзгерістердің қажет екенін өңірлерге барғандағы кездесулер кезінде байқадық. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды, бірқатар ұсыныс айтылды. Партияға «Аmanat» деген атау лайық деген тоқтамға келдік. Осы елді, осы жерді бабаларымыз бізге аманат етіп тапсырды, енді біз оны келер ұрпаққа лайықты аманаттауға тиіспіз, – деді ол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының атын «Аmanat» деп өзгертуді қолдады. – Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай саяси ұйымның атауын «Аmanat» деп өзгерту ұсынылды. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым, – деді Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде. Президент егемендіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат екенін, осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек екенін айтты. – Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Естеріңізге сала кетейік, партияның аты осымен екінші рет өзгеріп отыр. 2006 жылғы 22 желтоқсанда партияның аты «Нұр Отан» болып өзгертілген болатын. Мемлекет басшысы: «Аmanat – халықтың пікірі мен ел мүддесі үшін қызмет ететін негізгі ұйым» Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұрғанын айтты. Президент өткен айда жүргізілген ауқымды сараптамалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Мемлекет басшысы, ең алдымен орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. – Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаумен басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. – Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікірсайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы партия орындалмайтын уәде бермегені жөн екенін, популизмнен алшақ болу керек екенін айтты. – Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Мұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған дұрыс деп санайтынын айтты. Оған себеп – білікті саяси менеджерлердің тапшылығы. – Ашығын айтқанда, қазір саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы осы айтылған міндеттерді мейлінше қысқа мерзім ішінде орындау қажет екеніне назар аударды. Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, Аманат – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым. Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалға да тоқталып өтті. – Біздің ұстанымымыз – мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау. Біз – 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген елміз, бізге еуразиялық қауіпсіздік маңызды. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге барған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз жүргізіп, ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса екі елге арағайын болуға дайын. – Мен Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткіздім. Үкіметке елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз санкцияның салдарынан туындаған сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтып, сөзін түйіндеді.