Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні
ашық дереккөзі
50884
Бүгін 10 қаңтар – еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлады turkystan.kz. Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген адамның қайтыс болуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бүгін еліміз бойынша Мемлекеттік тулардың барлығы төмен түсіріледі. Осылайша бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі. Кейінгі күндері болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан болатын.
«Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Осы трагедиялар кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтамын», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаскөйлікке барған адамдардың бәрі қатаң жазаланатынын айтты.
«Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек. Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін. Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар», - деді Қ.Тоқаев.
Еске салсақ, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шеруге Қазақстанның өзге өңірлері де қосылып, оның арты содырлардың ылаңына ұласқан болатын. Жағдай ушыққандықтан 5 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Кейін Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша төтенше жағдай режимі енгізілді. 7 қаңтар күні ҚР Президентінің келісімімен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы – Республикалық жедел штаб басшысының бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі жарияланды. ҚР Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегі бойынша Алматыдағы оқиғаларға байланысты сотқа дейінгі 125 тергеу басталған. Бұл істер кісі өлтіру, билік өкіліне зорлық-зомбылық жасау, қарулы шабуыл, бұзақылық және ұрлық фактілері бойынша қозғалған.
«ҚР Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегі бойынша Алматыдағы оқиғаларға байланысты 125 сотқа дейінгі тергеу басталған. «Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану, бұзақылық, кісі өлтіру, сондай-ақ қарақшылық шабуылдар мен ұрлықтың барлық фактілері бойынша сотқа дейінгі 125 тергеу басталды. 5 мыңнан астам адам ұсталды», - деді министрдің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев.

Серіктес жаңалықтары