Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бегалы Ералиев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа газ жабдықтарын пайдалану бойынша қауіпсіздікті күшейту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән береді. «Әділет» партиясы үшін де азаматтардың өз үйінде қауіпсіз өмір сүруі маңызды. Алайда жылыту маусымы басталған сайын газды қауіпсіз пайдалану мәселесі өзекті болып отыр.
QazaqGaz компаниясының мәліметінше, соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде иіс газынан 1337 адам зардап шегіп, оның 294-і қайтыс болған. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерішілік газ жабдықтарының жай-күйі алаңдатады. Себебі бір пәтердегі газ жабдығының ақауы басқа тұрғындардың да өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Бұған қоса, ескі көппәтерлі үйлердегі түтін шығару және желдету арналарының уақытында тексерілмеуі мен тазаланбауы иіс газынан улану қаупін арттырады. Бұл жұмысқа жауапты тараптардың міндеттері мен бақылау тәртібін нақтылау қажет», – деді Бегалы Ералиев.
Оның айтуынша, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету талаптарының сақталмауы тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Кейбір ұйымдар тексеруді қағаз жүзінде ғана рәсімдесе, тұрғындардың бір бөлігі мамандарды үйіне кіргізуден және анықталған ақауларды жоюдан бас тартады.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңда газ жабдықтарына міндетті техникалық қызмет көрсету көзделгенімен, кейбір ұйымдар нақты жұмыс атқармай, тексеруді қағаз жүзінде рәсімдеп, тұрғындардан ақы алумен шектеледі.
Мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір тұрғындар қызмет көрсетуге шарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартады. Анықталған ақауларды жою жөніндегі талаптар да орындалмай жатады. Ал бір тұрғынның қауіпсіздік талаптарын сақтамауы өзге адамдардың өміріне де қатер төндіруі мүмкін.
Сондықтан тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, оларды уақытында тексерту және анықталған ақауларды жою қажеттігін түсіндіру жұмысын күшейту керек.
Бұдан бөлек, газ жабдықтарына қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің цифрлық есебі толық жолға қойылмаған. Соның салдарынан анықталған ақаулардың жойылғанын және атқарылған жұмыстың нәтижесін бақылау қиын», – деді Бегалы Ералиев.
Ол Премьер-министрдің орынбасарына газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс сапасы мен төлемдердің негізділігін тексеру, қауіпті ақаулардың дер кезінде жойылуын бақылауды күшейтуді ұсынды.
«Ең бастысы – тексерудің қағаз жүзінде жүргізілуі емес, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ету.
Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы сізден мынадай шараларды қарастыруды сұрайды.
1. Газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс сапасы мен алынатын төлемдердің негізділігіне талдау жүргізіп, формалды тексерулердің алдын алу және нақты атқарылған жұмыстарды растау тетіктерін күшейту.
2. Газ жабдықтарындағы қауіпті ақаулардың уақытында жойылуын, түтін шығару және желдету арналарының тексеріліп, тазалануын бақылауды күшейту. Осы жұмыстарға жауапты тараптардың міндеттерін нақтылап, қауіпсіздік талаптарын бұзған абоненттерге қатысты қолданыстағы жауапкершілік шараларының тиімділігін бағалау және қажет болған жағдайда оларды күшейту. Сонымен қатар тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу.
3. Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің бірыңғай цифрлық есебін енгізу. Онда атқарылған жұмыстар, анықталған ақаулар, оларды жою мерзімдері және жауапты тұлғалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс», – деді Бегалы Ералиев.