Маңғыстаулық ірімшік өндіруші әлемдегі үздік 14 сарапшының қатарына енді

/
Маңғыстаулық ірімшік өндіруші әлемдегі үздік 14 сарапшының қатарына енді
Маңғыстау облысы ҚКО

Маңғыстау облысындағы «Жеті лақ» фермасының өкілі Александра Григоролова әлемдегі ең беделді ірімшік байқауларының бірі – World Cheese Awards 2026 халықаралық чемпионатының финалдық кезеңіне қазылық етуге шақырылды. Ол Қазақстан тарихында аталған байқаудың шешуші кезеңінде төрелік ететін алғашқы отандық сарапшы атанбақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биыл халықаралық чемпионат 12-15 қараша аралығында Испанияның Андалусия аймағындағы Кордова қаласында өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен ірімшік өндірушілер мен сала мамандарын біріктіретін ауқымды шараға 56 елден 5 500-ден астам ірімшік түрі ұсынылады деп жоспарланған.

World Cheese Awards – жыл сайын түрлі мемлекеттерде ұйымдастырылатын, ірімшік өндірісіндегі үздік өнімдерді анықтауға бағытталған халықаралық байқау. Мұнда өнімдердің сапасы, дәмдік ерекшеліктері, құрылымы және өзге де көрсеткіштері кәсіби сарапшылар тарапынан бағаланады.

Александра Григолова 2023 жылдан бері аталған чемпионатқа халықаралық қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып келеді. Алғаш рет Норвегияда өткен байқауда төрелік еткен ол 2024 жылы Португалияда, 2025 жылы Швейцарияда ұйымдастырылған чемпионаттарға қатысқан. Ал биыл қазақстандық маманға байқаудың ең жауапты кезеңі – финалда үздік ірімшікті анықтайтын халықаралық қазылар алқасының құрамына ену мүмкіндігі берілді.

Сарапшының айтуынша, чемпионаттағы бағалау жүйесі үш негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде әлемнің әр елінен жиналған 270 сарапшы үш адамнан құралған топтарға бөлініп, ұсынылған өнімдерді бағалайды. Әр топ өзіне бекітілген ірімшіктердің арасынан ең үздік бір өнімді таңдайды. Кейін жартылай финалда іріктелген өнімдердің ішінен 14 ірімшік финалға жолдама алады.

Шешуші кезеңде әлемдік деңгейде мойындалған 14 сарапшы финалға өткен өнімдерді бағалап, чемпионаттың абсолютті жеңімпазын анықтайды. Финалдық қазылар алқасының құрамы жыл сайын арнайы іріктеу арқылы жасақталады. Биыл осы беделді құрамға қазақстандық маманның енуі отандық ірімшік өндірісі саласы үшін маңызды жетістік болып отыр.

Александра Григолованың айтуынша, «Жеті лақ» фермасы Қазақстанда өндірілген ірімшіктерді халықаралық байқауларға алғашқылардың бірі болып таныстырған. Осы уақытқа дейін маңғыстаулық ірімшік өндірушілер әлемдік деңгейдегі байқауларда 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Отандық өнімдердің әлемдік деңгейде бағалануы қазақстандық өндірушілердің әлеуетін көрсетіп, саладағы кәсіби тәжірибенің дамуына ықпал етеді. Сарапшы халықаралық чемпионаттың финалында төрелік етуді кәсіби мансабындағы аса маңызды белестердің бірі деп бағалайды.

"Мен үшін халықаралық чемпионаттың финалында төрелік ету – кәсіби мансабымдағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Мұндай беделді байқаудың шешуші кезеңіне шақырту алу футболдан әлем чемпионатының немесе Олимпиада ойындарының финалында қазылық етумен пара-пар. Бұл – мен үшін ғана емес, Қазақстанның ірімшік өндірісі саласы үшін де үлкен мәртебе", – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар